Халықаралық «Moscow Halal Expo 2014» көрмесі (ФОТО)

Халықаралық «Moscow Halal Expo 2014» көрмесі (ФОТО)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Маусымның 5-8 күндері Ресей астанасы Мәскеу қаласында «Moscow Halal Expo 2014» Халықаралық V халал көрмесі өтті. Көрмеге 20 елдің 170-ке жуық компанияларының өнімдері қойылған екен. Аталған көрмеге ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы және «Нұр Астана» орталық мешітінің ұстазы Марат Бектазинов қатысты.

Биылғы көрменің ауқымы өте кең болды. Көрме аясында бірінші күні V-ші Мәскеулік халықаралық «Халал» Конгресі (Moscow Halal Congress 2014), ал екінші күні V-ші Исламдық қаржы мәселелері жөніндегі Бизнес форум (Islamic Finance and Investment Forum), үшінші күні ІІІ-ші мұсылман жастарының Форумы, «Ислам стилі» фестивалі (Moscow Islamic Fashion Forum) өтті.

Бас мүфти қабылдауы

Көрменің тұсаукесерінен кейін Ресей мүфтилері Кеңесінің басшысы Равил Гайнутдин өз резиденциясында «Moscow Halal Expo 2014» Халықаралық V халал көрмесіне келген қонақтарды қабылдады.

Мүфти Равиль Гайнутдин шейх көрмеге қатысушы қонақтарға құрмет білдіріп, Еуразия контингенті мұсылмандарының бауырластық қарым-қатынасы бұдан әрі арта түсетініне сенім білдірді. Ол Ресей мүфтилер Кеңесінің Пайғамбар мәуліті, Мәскеу халықаралық құран жарысы, Мұсылман форумы секілді ауқымды халықаралық жобалары жайында баяндап, ондаған мемлекеттер мен мыңдаған көрермендер қамтылған бұл жобалар ел билігінің тікелей қолдауымен және әріптестігі нәтижесінде іске асырылып жатқандығын баса айтты.

Өз кезегінде көрме қонақтары екіжақты ынтымақтастық қатынастарды нығайта түсетіндіктерін білдірді. Еуразия контингентіндегі мұсылман халқының ортақ мұрасы болып саналатын рухани дәстүрлерді нығайту, адами құндылықтарды дамыту мен таратуға бағытталған жобаларды бірігіп іске асыру туралы ізгі ниеттер де ортаға салынды.

Кездесу соңында Равиль Гайнутдин шейх қонақтарды Мәскеу төрінде бой көтеріп жатқан 10 мың орындық орталық мешіттің құрылыс барысымен таныстырды.

Moscow Halal Congress-2014

Халықаралық көрменің екінші күні (Moscow Halal Business Forum) екі бөлімнен тұратын V-ші Мәскеу бизнес форумы өтті.  Бірінші бөлімде V-ші Халықаралық Мәскеу «Халал» Конгресі, ал екінші бөлімде V-ші исламдық қаржы және инвестиция мәселелері жөніндегі форум болды.

Бизнес форумға ресейлік және шетелдерден келген бизнесмендер, инвесторлар, ғалымдар мен халал туристік индустрия өкілдері қатысып, «Халал» стандартын Еуразиялық экономикалық Одақ шеңберінде біріздендіру, ресейлік халал өнімдердің экспорттық және импорттық даму мәселелері кеңінен талқыланды.

Осы күні түс ауа «Moscow Halal Expo 2014» қонақтары «Жеңіс» алаңында орналасқан Ұлы Отан соғысына қатысқан мұсылман-жауынгерлердің құрметіне салынған мемориалдық мешіттегі жұма намазына қатысты. Жұма намазынан кейін оларды Мәскеу мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ильдар хазрат Аляутдинов арнайы қабылдап, қонақасы берді.

Одан соң қонақтар Ресей мүфтилері Кеңесінің ұйымдастыруымен Мәскеу қаласындағы орталық мұражайындағы Крым татарларының тарихын бейнелейтін арнайы көрмені тамашалады.

Ал, кешкісін ҚМДБ атынан арнайы қатысқан Астана қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов ҚР Ресейдегі Елшілігінде «Moscow Halal Expo 2014» шарасына келген ТМД елдерінің мүфтилеріне дастархан жайып, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атынан ас берді.

Оған Ресей Мүфтилер Кеңесі төрағасының орынбасары, найб мүфти Рушан хазрат Аббясов, Польша, Литва, Эстония, Беларусь елдерінің бас мүфтилері Томаш Мицкевич, Ромас Якубаускас, Эльдар Мухамедшин және Абубекир Шабанович және Солтүстік Осетия Алания республикасы мүфтиі Қажымұрат Гацалов арнайы келді.

Кездесу барысында ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстандағы діни ахуал және діни басқарма тарапынан атқарылып жатқан сан қырлы игі жұмыстармен таныстыра келе, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен биылғы 2014 жыл «Дін мен Дәстүр» жылы болғанын ерекше атады. Сондай-ақ, Бас мүфтидің ыстық сәлемін жеткізді.

Дархан көңіл, ақ ниетпен жайылған дастархан басында әр елдің дін өкілдері елімізге деген ақ баталарын беріп, одан әрі кемелдене беруіне ізгі тілектерін білдірді. Сөз арасында мүфтилер экономикасы қарыштап, рухани кемелденіп жатқан қазақ еліне арнайы келуге ниетті екендерін білдірді.

Мұсылман жастарының ІІІ форумы

Шараның үшінші күні жыл сайын «Moscow Halal Expo 2014» Халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылатын Мұсылман жастардың ІІІ форумы өтті. Биылғы форумға Ресейдің түрлі аймақтарынан және ТМД елдерінен 500-ге жуық делегат қатысты. Атап айту керек, бұл көрсеткіш былтырғы форуммен салыстырғанда екі есе көп. Бұның өзі әртүрлі елдерден келген жастардың басын біріктіріп, ой бөлісіп, пікір алмасатын сұхбат алаңының маңыздылығын аңғартса керек. Аталған форумға ҚМДБ-ның Жастар бөлімі атынан «Нұр Астана» орталық мешітінің ұстазы, жастар ісі жөніндегі үйлестіруші Марат Бектазинов қатысты.

Форум модераторы – Ресей мүфтилер кеңесінің экономика департаментінің директоры Мадина Калимуллина. Спикерлер – ТМД елдерінен келген жастар ұйымдарының өкілдері мен белсенді жастар болды. Форум барысында жастар әртүрлі мәселелерде еркін пікір алмасып, ойларын ортаға салды.

Форум мақсаты жастардың діни сауаттылығын арттыру, олардың дін саласындағы болып жатқан қазіргі заманғы тенденциялар мен мәселелерден жан-жақты хабар алуы,  қоғамдық белсенділіктерін арттыру, жастар ортасына діни радикализм, экстремизм және лаңкестік идеяларының таралуының алдын-алу, этноконфессиялық толеранттылықты нығайтуға бағытталған.

«Ислам стилі» фестивалі (Moscow Islamic Fashion Forum)

Осы күні түстен кейін мұсылман әйелдеріне арналған «Ислам стилі» фестивалі өтті. Фестиваль подиумына арналған топтама көрсетілімі тек дизайнерлік студияларды ғана емес, сонымен бірге сатып алушыларға қолжетімді діни киім-кешектердің өндірістік брендтерін де топтастырған екен.

Фестиваль халал өлшемдеріне сәйкес келетін киім-кешек, аксессуарлар, косметика және иіс сулар сату және шығару саласындағы компанияларды алға жылжыту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға және білікті мамандардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін тұғырнама қалыптастыруға бағытталған. 

Көрме барысынан сыр шертетін суреттердің толық нұсқасын сайтымыздың "ФОТОГАЛЕРЕЯ" айдарынан тамашалай аласыздар!

«Үммет-ақпарат» Астана-Мәскеу-Астана

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: