Шымкентте 8 000 орындық жаңа мешіт бой көтереді (ФОТО)

Шымкентте 8 000 орындық жаңа мешіт бой көтереді (ФОТО)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен өңірдің зиялы қауым өкілдері Шымкент қаласының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеретін еңселі мешіттің капсуласын салу рәсіміне қатысты. Барша мұсылман үшін қасиетті Ораза айының алдында құрылысы басталатын нысан 2016 жылы қасиетті Рамазан айында ел игілігіне тапсырылмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мешітте бір мезетте сегіз мың адам құлшылық жасай алады. Мұнда автокөлік қоюға арналған көп деңгейлі паркинг, жеделсаты, эскалатор, ауа ағымын реттеуге арналған заманауи жүйелер орнатылады. Сонымен қатар, күннен қуат алатын құрылғылар қойылады. Ерлер мен әйелдерге арналған дәретхана, гардероб, рекреациялық холлдар орналасады. Мұндағы әйелдерге арналған орынға бір мезетте мың адам сияды.

Ғимараттың еденін ауа арқылы жылытып, салқындататын заманауи жүйе орнатылады. Іштегі вентиляция жүйесі Қ.А.Ясауи кесенесінің технологиясы бойынша шешіледі. 

Мешіт алдындағы бес мыңнан астам адамға есептелінген алаңда жамағатты күннен, жауын-шашыннан қорғау үшін шатыр болып ашылатын жүйе қойылады.
Мешітте мұсылмандық жораларды жасайтын орындар, конгресс-холл, тамақтануға арналған зал, неке сарайы, исламдық білім беру орталығы, медресе, кітапхана, асхана, фитнес залдары, әкімшілік бөлмелер салынады. Кешенде білім алушыларға арналған тұрғын жай мен қонақтарға арналған апартаменттер болады.
Болашақ мешіттің капсуласын салу рәсімінде облыс имамы Бейбіт Мырзагелдиев Құран оқыды, игі бастамаға орай құрбандық шалынды. Шараға қатысушыларға имандылық үйінің құрылыс ерекшеліктері жөнінде арнайы бейнеролик көрсетілді. Ардагерлер атынан сөз алған Әдіһәм Шілтерханов пен Әмір Мұсақұлов жүрекжарды пейілдерін білдіріп, ақ баталарын берді.

Облыс әкімі А.Мырзахметов өңірімізде бүгінгі таңда 771 мешіт ашылғандығын тілге тек етіп, жұртшылығымыз имандылыққа бет бұрып, ата-дәстүрін ұлықтап жатқандығын айтып өтті. Облыс әкімдігінің бастамасымен жуырда жергілікті телеарналардан «Біз Құранды білеміз бе?» деген арнайы бағдарлама жасалып жатқандығын мәлімдеді. 
Облыс тарихында айрықша орын алатын бұл нысан жайлылығымен, қолайлылығымен, сұлулығымен еліміздегі еңселі мешіттердің қатарынан ойып тұрып орын алары сөзсіз.

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: