Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Сәлем-салауат ең сүйікті Пайғамбарымыз Мухаммед (с.ә.с.) барша пайғамарларға және барша үмметтеріне.
Кемелдік туралы данышпанымыз Абай былай депті:
-«Ата-анадан туылуың саған «адам» деген атақ бермейді, сен тек адам болуға мүмкіндік алдың. Адам болуың неғайбіл, бірақ адам болуыңның жолы бар, ол шыққан тегіңді тану, кім екеніңді, не үшін дүниеге келгеніңді, өміріңнің мәні мен мағынасы неде екенін тануда. Яғни, Жаратушыны тану шарт. Сонда ғана өзіңді, дүниені тани бастайсың. Ал таным үшін ғылым-білім керек. Ғылым - пайғамбарымыздан қалған мирас. «Ғылым» - Алланың бір сипаты, әрі ол «Хақиқат». Ал ғылымды сүйгенің, Алланы сүйгенің - Ақиқатты сүйгенмен бірдей.»
Абай хәкімді пайдалана отырып, кемелдіктің қайнар көзін, қуатын сезінгендейміз. Кәміл адамдар туралы мысалды өз топырағымыздан қарастырмақпын. Соғысқа дейін кәміл адамдардың көбі «шаһид» болып, қалғандары соғысқа кірді.
Соғыста коммунистер жеңілетінін білген соң «За Родину с богом!» деп ұран тастап жеңіске жетті. Жауынгер молла әкемнің айтысы: -«Христиан поптар көп, моллалар аз болдық. Мен снайпер едім. Мылтығымды алды да, «Сен, молла санитар боласың. Молись за нас»-деді командир.
Соғыс бітіп, еңбек майданы басталады. Мұнда да кәміл адамдар соғыстағыдай ерлік жасады. Тағы да әкемнің сөзінен: -«Бидай қырманындамыз. Оразаның кезі, аузым берік сәресіден тұрып, бір жарым норма артығымен істеп тастап, тоғыздар шамасында келіп демалып отырғаным сол еді, бригадир келіп:
-«Молдеке, айып ете көрме, аналар молда неге істемейді деп мазамды алды. Барып солардың жанында отыршы» дейді. Соғыстан кейінгі ерен еңбек, керемет ұйымшылдық, халықтың ынтымағы – бұл ақиқат. Молдекең айтқан екен: -«Бұл үкімет Құдай демейді, бірақ құдайдың айтқанын істейді» -деп.
Ауданымыздың бас имамы Аят молланың аталары Асаин кәлпе, Шудағы арғын Кәрібай молла, Шымырдағы Дігәрбек молла, Жиенбетте Смаил кәлпе, Үсмән молла, Новотроицкідегі үлкен молла Оспанбек кәлпе, ағасы Исабек молла Мойынқұмдағы, Сарыүйсінде Адамқұл, Бектембай молла, Жалайыр Арубай молла, Талғат наиб имамның атасы Сұлтекең моллалар, басқа да аты аталмаған кемел адамдар. Мен бұл кісілерді кемел адамдарға теңеймін. Кемел адам кемел иманнан туындайды.
Яғни, Аллаға «Ихсан - Ихлас» еткен. Түрік молдасы марқұм Әскер молда айтқан:- «1973 жылдары түрік, өзбек, күрд, татар, ұйғыр, дүнген бауырлар жиылып Оспанбек молламен Айт намаз оқығанбыз» .
Кемел адамдар Ұлы Отан соғысында керемет ерліктер жасады. Фашизм –тәкаппарлықтың жемісі, ол шайтаннан. Бейбіт заманда да олар құрылыста, ғылымда, ауыл шаруашылығында, бар салада тағы да ерліктер жасады. Үкімет әдеттегідей, оларды ескерусіз қалдырып отырды. Оларға марапаттарының керегі де жоқ еді, амалдап әмір мағруфын жасады. Алланың қалауы, солардың тілеуімен де халқымыз өсті, көбейді, жағдайы көтерілді. Мына заманға да солардың арқасында жеттік. Біздегі ислам атадан жеткен мирас, біз ешкімнен дін, шариат үйренбедік. Алланың құлы, Мұхаммедтің (с.ә.с.) үмметіміз. Ислам үстінде тұтасқан халықпыз. «Асылдың сынығы-қазақпыз!»
Алла, азаматтарымызға амандық, ұл-қызымызға бақыт бер, басшыларымызға иман-инсап бер. Я, Рахымдылардың Рахымдысы!
Бердібеков Шүкірәлі Оспанбекұлы
Шу ауданы Жиенбет-Жексенбай мешітінің имамы