Қордай ауданында "Асарлатып үй салу" жобаясы аясында Жаңатұрмыс ауылдық мешітінің имамы Нұртуған Өмірзаққа жекеменшік үй кілті табысталды.
Ауыл тұрғындарының атсалысуымен жүзеге асқан игіліктің қорытынды әрі кілтін табыстауға арналған ресми шарасына Қордай ауданының әкімі Рүстем Рысбайұлы, ауданның бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, аудан әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы, ауданның наиб имамдары Нұрбол Дәркембайұлы мен Дәурен Нұржанұлы және жамағат қатысты.
Жиында 4 баланың әкесі, ауыл имамына үй кілті табысталып, ел ағалары өз тілектерін жаудырды. Ақ сақалдар ақ баталарын беріп, халықты артына ұйытып, имандылық, руханият тұрғысында бас болып жүрген имамға алғысын жеткізді. Көпшілік шаңыраққа кіріп астан ауыз тиді. Ақ жаулықты әжелер шашуын шашса, құттықтай келген тұрғындар үй иесінің қуанышына ортақтасты.
Қордай аудандық мешітінің баспасөз қызметі