Бүгін «Әзірет Сұлтан» мешіті Республикалық қан орталығымен бірлесіп «Өзгеге өмір сыйла» донорлық акциясын ұйымдастырды. Қасиетті жұма күні қан тапсырып, қайырымдылық жасауға құлшынғандардың қатары қалың болып, медициналық көлік алдындағы кезек те созыла түсті.
Мұқтаж жандардың мұңына ортақтасып, мейірімділік танытуға асыққандардың арқасында Республикалық қан орталығына бүгін 22 литр қан қоры қосылды. Өзгеге өмір сыйлауға құштарлық танытқан 60-қа жуық жанның жанашырлық көмегі жаңадан туылған балалар мен жас аналардың сауығу жолында жұмсалмақ.
Мешіт имамдары мен жамағатынан құралған еріктілер тобының таңертеңгісін басталған кезегі түс ауа бірақ тарқады. Сауапты іске үлес қосқысы келгендердің кезегі түстен кейін де көбейе түскенімен, уақыттың қысқалығына байланысты қан қабылдау акциясы еріксіз тоқтатылды.
Қасиетті Құран Кәрімнің «Мәйда» сүресінде науқас жанға қол ұшын созып, көмектесудің сауабы «Кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең» түсіндіріледі. Осы бір сауапты шара өткен аптада «Нұр-Астана» орталық мешітінде бастау алып, 50-ден астам мешіт жамағаты қан тапсырған болатын. Ал, "С.Ғылмани" мешітінде 20 маусым күні өткізу жоспарланған.
muslim.kz