Облыстық қазақ драма театрында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық прокуратурасының ұйымдастыруымен «Зайырлы қоғам: дін мен дәстүрдің өзара байланысы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы болып өтті.
Оған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы, ҚМДБ-ның жанындағы РАНТ-ның мүшелері, облыс, қала, аудан имамдары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғамдық және діни бірлестіктердің, жоғары оқу орындарының, Қазақстан халқы кіші ассамблеясының, этномәдени орталықтардың, «НұрОтан» халықтық демократиялық партиясының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Мақсаты қоғамда дінаралық келісім мен толеранттылықты нығайту, демократиялық нормаларға иек артатын саяси-құқықтық мәдениетті қалыптастыру, дәстүрлі діни құндылықтарымыз бен ғасырлар бойы келе жатырған салтымыз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, этномәдени және өзге қоғамдық бірлестіктермен бірігіп жұмыс жасау.
Алқалы жиынды облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Дін саласының мамандары мен ғалымдар бас қосқан жиында алдымен сөз алған М. Өтемісов атындағы БҚМУ-нің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетов «Қазақстанда зайырлы мемлекеттің қалыптасуы, тарихи ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасады.
Конференцияға арнайы келген ҚМДБ-ның жанындағы РАНТ-ның мүшелері, Атырау облыстық мешітінің найб имамы Ерсін Әміре «Исламға қатысты дәстүрлі емес діни ағымдардың идеологиялық астары» атты баяндамасында Қазақ еліндегі жат ағымдармен күресудің тиімді жақтарын айтып, алдын алу жайында ой қозғаса, Қарағанды қаласынан келген «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Сыздықов «Қазақ халқының бүгінгі таңдағы дін мәселесіндегі жағдайы» атты баяндамасында ықылым заманнан келе жатқан асыл дініміздің құндылықтарымен сусындаған қазақ зиялыларының қалдырған мол мұрасын ұрпақ бойына сіңіре бере білсек, онда тәуелсіз елдің болашағы да нұрлы болатындығын жеткізді.
Одан кейін ҚМДБ-на қарасты «Орал» медресенің ұстазы (Египет Араб Республикасынан келген ұстаз) Мохамед Наги Шушан Касем қазақша амандасып, «Дін және дәстүр» атты тақырыбында баяндама жасады.
Сөз алған дін саласындағы басқа да мамандар мен ғалымдар «Дін мен дәстүр» туралы жан-жақты баяндама жасады.
Конференция жұмысы одан әрі секциялық бағытта жалғасты.