"Ұят" сөзінің ұғымы Ислам дінінде "Өзін айыпты істерден аулақ ұстап, бір сәт өзін төмендете отыра өзгерту" деп түсіндіріледі.
Имам Журжәни айтады: "Ұят дегеніміз-нәпсінің жаман нәрселерден тартынуы және оны тәрк етуі."
Ұят дегеніміз - Адам өзінің жасап жатқан қылықтарының ұнамды немесе ұнамсыз екендігінің ара жігін ажырата білу. Әрі жаман мінездердің алдын алу", деп түсіндіріледі.
Әрине, кемшіліксіз, қателіксіз адам болмайды. Дегенмен, пенде өмірде әр істің алдында өз пайымына жете біліп, айтайын деген немесе жасайын деген ойларын бір сәт өзінің ақыл таразысына салып көргені дұрыс.
Исмаил Харауи: "Адам бойындағы жақсы қасиеттері мен жаман қылықтарының екеуінің арасынан "ұят" деген сезім туылады. Бірақ та пенде өз бойындағы осы бір сезімді көре, әрі сезіне білуі керек", деген екен.
Ұяттың адам үшін, яғни оның отбасында, отанында, қоғамында, тіпті бүкіл ғұмырында алар орны ерекше. Әрі пайдалары да көп. Төменде солардың кейбір қасиеттеріне тоқталып өтеміз;
*Ұят - иманның бір тармағына жатады.
Иман - Алланың адам баласына берілген ең құнды нығметі. Иман пенденің екі өмірде де жүзін нұрландырып, дәрежесін көтереді. Демек, байқағанымыздай ұяты мол адамның иманы да кәміл болмақ.
*Ұяты көркем адамның Исламы да көркем.
Ұят арқылы пенденің бұл дүние және ақыреттегі орны белгіленеді. Нақтырақ айтар болсақ деңгейі білінеді. Пенде қанша жерден өзін абыройлы санағанмен, сырттағыларға оның ұяты мен ар-ожданы оның қандай адам екендігін көрсетіп тұрады.
Осы жерде танымал ғұлама Ибн Муфлих Ханбали мынадай өз ойын білдіреді: "Ұят дегеніміз -сондай өзінше бір кішігірім мінез-құлық. Ол мінез-құлқы пендені әр кез көркем, ұнамды істер жасауға итермелеп үгіттеп, жаман қылықтардан аулақ болуға шақырады. Былайша айтқанда бойымыздағы ұятымыз мінездерімізді басқарушы",- дейді.
Ғалымдарымыз ұят сөзінің ұғымын былайша түсіндіреді: "Адам бойындағы ұят дәйім өз иесіне жақсы істерді істеуге мәслихат береді. Жаман қылықтардан да аулақ болуға өз кеңесін береді. Әр адам бойында ұят сезімі болады. Мұны Алла Тағала бекерден жаратпаған. Пенде тек өз бойындағы осы бір қасиетті пайдалана білуі тиіс. Ұят-ізгі амалдардың бастауы, жақсылықтардың дәлелі, жамандықтардың дұшпаны, көркем мінездердің шыңы, исламның шырайы әрі иманның зейнеті болып табылады.
Жалпы айтқанда иман мен ұят екеуі бір ұғым. Өйткені иман мен ұят адамды жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарады.
Ибн Аббастан (р.ғ.) риуаят етіледі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: "Әр бір діннің көркем мінезі болады. Исламның көркем мінезі - Ұят"(Ибн Мәжә).
Хазреті Әли (р.ғ.) кейінгі ұрпаққа астарлы мағынада мынадай насихат айтады:
"Адам өзінің үстіне киім кигені секілді, ұяттың да киімін киюі тиіс. Кімде-кім ұяттың киімін киген болса, өзгелер оның еш айыбын көрмейтін болады",- деген екен.
Ұят деген ұғымды тағы қандай жолмен түсінуімізге болады? Ұят-барлық жақсылықтар мен көркем қасиеттерді өзіне қамтыған асыл құндылық. Адам өзінің ұятына қарай көптеген жақсылықтарға қол жеткізеді. Әлсіздік танытатын болса, түрлі машақаттарға жолығары сөзсіз. Уәдесінде тұру, ғибадаттарын өз уақытында орындау, сабырлы болу, рас сөйлеу сияқты барша ізгі амалдарға ұят әркез өз әсерін тигізіп, үндеп тұрады.
Ал енді ұят сақталмаған жерде жалғаншылық, өсекшілік, ғайбатшылық, шүкірсіздік сияқты басқа да күнә істердің орын алатыны белгілі.
Адам баласы ұяла білетін болса ғана ұяттың қадіріне жетеді. Бұл жайында
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Адамдарға алдыңғы Пайғамбарлардан жетіп келген (нақыл етілген) бір сөз бар; "Ұялмасаң білгеніңді қыл",- деген.(Имам Бұхари).
Осы жерде қоғамда кейде көрініс тауып жүрген кейбір мәселелер жөнінде айта кеткенді оң санап отырмыз. Мысалы, кейбір жастарымыздың өздерінен жасы үлкендермен көп салғыласып ұрысып, тіпті жаға жыртысуға дейін барып жатқандарын байқап қаламыз. Және кейде кейбір қыз-келіншектеріміздің той үстіндегі әдептен тыс, жалаң аяқ ел алдында еш ұялмастан, анайылық танытып билеп жүргендерін түрлі бейне түсілімдерден көріп қаламыз. Бұл дегеніміз, елді таңғалдырып, өнерін көрсету емес, өзін сайқымазаққа айналдырғаны болып саналады. Ұлтымыз бен дінімізге еш лайық болмайтын осындай оғаш қылықтардың орын алуының басты себебі, ұят пен әдептің жоғалғанының белгісі деп білуге болады.
Ғалымдардың бірінен: "Әйелдердің қайсысы ең абзал жандар болып саналады?"- деп сұраған кезде: "Ұяттың себебінен жүздері қызарған әйелдер",-деп жауап берген екен.
"Алдына келгенін жемек - хайуанның ісі,
Аузына келгенін демек - наданның ісі".(Науаи)
Көрнекті сахаба Осман ибн Аффан (р.ғ.) кейінгі ұрпаққа : "Ұяты жоқ адам естіген нәрсесін бір сәт саралап көрмей, дереу өзгелерге таратқанына мәз болады",- деп баға жетпес асыл сөзін өсиет етіп қалдырған екен.
Алла Тағала баршамызды ұятты адамдардан, көркем мінезділерден қылсын!
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы
Луговой ауылы, Т.Рысқұлов ауданы