ӘУЛИЕ АТА МЕШІТІ ОТТЫ ЖЫЛДАРЫ

ӘУЛИЕ АТА МЕШІТІ ОТТЫ ЖЫЛДАРЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Әулие ата» мешіті дінсіздік дәуірдің алғашқы кезеңінде діні іс-шараларды жүргізуге тиым салынғандықтан, жергілікті кеңес өкіметінің әр түрлі шаруа қажеттілігіне жұмалып, астық немесе құрылыс бұйымдарының қоймасы ретінде пайдаланып келді. Ұлы Отан соғыс басталған, 1941 жылдары, әскери комиссариаттың қарамағына беріліп, әскер қатарына шақырылған майдангерлердің казармасына айналды. Алғашқы әскери жаттығудан өткен жуынгерлер, қолдарына қару алып, осы мешіт-казарма ауласынан шайқас шебіне аттанып жатты.

1943 жылы И.В.Сталинның бұйрығымен, азаматтардың ар-ұжданы және діни сенім бостандығы құқығын қамтамасыз етуге рұқсат беріліп, жабылып қалған дін ғимараттары қайта жанданды. «Әулие ата» мешіті негізгі өз жұмысын қолға алып, мұсылман қауымды ғибадатқа, құлшылыққа шақырған азан даусы «Әулие ата» көгіне қайта көтерілді.

Мұсылман жұртшылық ең алғашқы жұмысын тентіреп, бақылаусыз қалған жетім балаларды қамқорлыққа алудан бастады. Жергілікті атқару комитетінің көмегімен баспанасыз жетімдерді «Әулие ата» мешітінің ғимаратына топтастырып, пансионат құрды.

Сол заманды басынан кешірген, талай жыл «Әулие ата» мешітінің азаншысы болған Убайдулла ақсақалдың бір айтқан әңгімесі әлі есімде:

- Топтастырылған балаларды тамақтандыратын ас қоры жоқтын. Жергілікті өкімет бөлген қарабидай ұнын суға қайнатып, атала жасап беріп жүрдік. Көп ұзамай жасөспірімдердің іші өте бастады. Дәрігерлердің жасаған емінен көмек болмады. Атала іштерне тұрмай, балар аштықтан бұралып, шетіней бастады. Сонда көпті көрген бір қазақ қария,- «Бұл кеселдің ежелден келе жатқан емі бар. Мұндайда малдың іш майына шелпек пісіріп береді. Шелпек жұқа иленіп, майға піскенде қытырлақ болуы керек. Егер ұнның өзінен атала жасайтын болсаңдар, онда ұнды малдың іш майымен қуырып, бір қасықтан ғана күніне екі рет беріңдер, - деді. Мұны естіген қала тұрғындары пансионатқа баларға арналған жылы киімдерімен қатар шелпектерін де алып келді. Біз құсханадан (ет комбинатынан) малдың ішмайын алдырып, сол қарт айтқандай ұннан кішкене-кішкене қытырлаған жұқа шелпек пісіріп бере бастадық. Балалардың солғын беттеріне қан жүгіріп, бір жетіде оңалып кетті. Қазақ халқы, көпті көрген көне халық. Аумалы-төкпелі, алмағайып заманда майлы шелпектің әрі тамақ, әрі дәрулік қасиетін ұтымды пайдалана білген ғой»- деп отыратын.

Сол отты жылдары жеңіске деген ел сенімін нығайтып, жігеріне қуат болған «Әулие ата» мешіті бүгінде ең көне ғибадат шаңырағы ретінде жұмысын жалғастырып келеді.

Баймаханов Ораз

«Әулие ата» мешітінің бас имамы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: