Бүгін күндердің сұлтаны жұма күні Жуалы ауданына жаңа бас имам тағайындалды. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы жамағатқа ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығын оқып, ізгі ілтипатын жеткізді.
Осы уақытқа дейін ауданның бас имамы қызметін атқарып келген Нұрлан Жұмакерімұлына облыс бас имамы бірнеше жылдар бойы еңбек етіп, өңірдегі діни ахуалдың жақсаруына үлес қосқаны үшін алғыс хат табыстап, шапан жапты.
Содан соң ауданға тағайындалған жаңа бас имам Асхат Акмамбетовты көпшілікке таныстырып, жетістіктері мен білімі жайында тілге тиек етті.
Айта кетейік, Асхат Аманжолұлы Халықаралық қазақ-араб университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетін тамамдаған дінтану магистрі. Түркияның Анкара қаласында білімін жетілдірген имам Тараз қаласындағы "Әбдіқадыр", "Салы молда" мешіттерінде имамдық қызмет, облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінде ұстаз әрі "Діни білім және кадр даярлау" бағыты бойынша қызмет атқарған.
Төрт тіл білетін білікті маман Жуалы ауданына жаңа қарқын алып келеді деген үмітпен жұмысына жетістік телейміз.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі