Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезекті Аппарат жиналысы өтті. Күн тәртібінде жеті бағыт бойынша 2021 жылдың алғашқы төрт айында атқарылған жұмыс есебі тыңдалды.
Еске сала кетсек, жыл басында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне бағдарламалық баяндамасын жолдаған болатын. Онда жеті бағыт бойынша жұмыстарға басымдық берілетіні айтылды. Олар – ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс.
Аталмыш жиналыста ең алдымен Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов қаңтар-мамыр айларында ақпарат тарату мен қоғаммен байланыс бағытындағы жұмыстар жөнінде есеп берді.
«Есептік кезеңде www.muftyat.kz сайтына 1872 материал жүктелді. Атап айтқанда 1242 жаңалық, 88 мақала, 236 видео, 254 фото баннер, 52 сұрақ-жауап жарияланды. Діни басқармаға қарасты Муфтият және Hikmet TV Youtube арнасына 358 видеоматериал жүктелді. «Мұсылманның әлеуметтік желідегі әдебі» атты тәлімдік құжат әзірленіп, Ғұламалар кеңесіне ұсынылды. Ақпараттық алаңда «Жерлеу рәсімдерін біріздендіру» жобасын ілгерілетудің медиа жоспары әзірленіп, жоспар аясында республикалық басылымға екі мақала, республикалық екі радиохабар және облыстық деңгейде телеарналар мен газеттерге сұхбаттар ұйымдастырылды.
Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров қаңтар-сәуір айларында жалпы саны 6619 медиа уағыз-насихат жүргізіліп, 3 534 568 адам қамтылғанын атап өтті.
«Республика көлемінде 164 704 қайырымдылық іс-шара өтіп, 282 469 мұқтаж отбасы көмек алды» деді есепті жиында «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Талғат Омаров.
Қаңтар-сәуір аралығында ҚМДБ-ға қарасты дін қызметкерлері 9 кітап дайындап шықты. Бұл туралы аппарат жиналысында «Муфтият» баспасының директоры Мұрат Әбдіхалықов мәлімдеді.
«Осы аралықта сайттарда, республикалық, облыстық, аудандық газеттерде, ихсан іліміне қатысты 820 мақала жазылды. Әлеуметтік желілерде 1803 жазба-инфографика, 1845 уағыз-дәріс таспаланып желілерге салынды. Сондай-ақ, онлайн, офлайн 552 іс-шара (дөңгелек үстел, семинар, кездесулер) өтті» деді Мұрат Манапұлы.
Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбековтің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы төрт айында республика бойынша 12985 адам сауат ашу курстарына қатысса, 4563 имам біліктілікті арттыру семинарлары мен курстарынан өткен. Ал «Дін мен дәстүр» бағыты бойынша есеп берген Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл ел тұрғындарынан ырым-тыйымдарға қатысты сұрақтардың көбейгенін тілге тиек етті.
«Қаңтар айында пәтуа мамандары 6522 сұраққа жауап берсе, бұл көрсеткіш ай сайын 2000-ға көбейіп, сәуір айында 12642 сұраққа жауап берілді. Сауалдардың тең жартысы ғибадатқа қатысты болса, 27 пайызы әртүрлі тақырыптарда, әсіресе, ырым-тыйымдарға, заманауи мәселерге қатысты қойылған» деді Хасан Аманқұл.
Жиналыс соңында Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Қанат Алшынбаев жат діни ағымдармен жұмыс бағытындағы атқарылған іс-шаралары туралы есебін берді. Өңірлерде аталған бағытта деструктивті діни ағым өкілдерімен нүктелі жұмыс ұйымдастырылып жатқанын, сонымен қатар жат діни идеологияларының таралуын алдын алу бойынша жүргізілген шаралар жөнінде, әсіресе түзеу мекемелерінде де ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын айтты.
Бас мүфти жеті бағыт бойынша алғашқы төрт айда атқарылған жұмыстардың есебін мұқият тыңдап, бірқатар тапсырмалар берді.