Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жазылған «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабының танытымына қатысқан Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет осылай деді.
Жаңа кітап жайлы пікір білдірген Ұлықбек Оразбайұлы: «Дін мен әдебиеттің мақсаты бір: ұрпақты ұлағатты іске тәрбиелеу, адамзатты жақсылық пен ізгілікке үндеу. Абай кімде ұят болса, сол адамда иман болатынын айтып кеткен. Адамға қажет асыл қасиеттерді «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан таптым. Бұл еңбек өз оқырманын жақсы ойларға жетелейді. Өз басым бұл кітапты ерекше құлшыныспен оқыдым. Абай адамзатты бес нәрседен қашық болуға және бес нәрсеге асық болуға шақырады. Міне, біз қашық болатын және асық болатын құндылықтарды, яғни бес асыл іс пен бес дұшпанды осы кітаптан таптым. Бұл еңбекті ар мен намысымыздың кодексі деп атар едім. «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы ұлттық идеологиямыздың негізі деуге болады» деді.
Айта кетсек, «Муфтият» баспасынан шыққан жаңа кітаптың тұсаукесер рәсіміне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері – Мырзатай Жолдасбеков, Оралбай Әбдікәрімұлы, Әділ Ахметов, Бақытжан Ертаев, Ғарифолла Есім, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Ғұламалар кеңесінің мүшелері, Діни басқарманың бөлім басшылары мен облыс имамдары қатысты.
Ғұламалар кеңесі мүшелері атынан Нұр-Мүбарак университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев онлайн режимде құтықтау лебізін жеткізді.
Айта кетсек, 5 мың данамен шыққан «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабында «Жаратушы Аллаға ихсан», «Тұлғалық ихсан», «Ихсан және қоғам» сынды тараулар қамтылып, Ислам ғұламаларының ихсан ілімі жайлы ой-толғамдары берілген.