Бүгінгі мақаламызда жомарттықтың қадір-қасиеттері жайында сөз еткенді жөн көрдік. Жомарт сөзінің тікелей мағынасы «Қолы ашық адам» дегенді білдіреді.
Сахи (жомарттық) - деген ағаштың өзі Жәннатта болып, ал бұтақтары бұл дүниеде болады. Оның бұтағынан ұстағанды Жәннатқа жеткізеді.
Бухл(сараңдық)-деген ағаштың өзі Тозақта болып, бұтақтары бұл дүниеде. Оның бұтағынан ұстағанды Тозаққа жетелейді.
Жомарт адам жәннатқа ең алғашқы болып кірушілердің қатарына жатады. Байдың байлығы оның дүниесінің көптігінде емес, оның қайырымды, жомарт болуында екен. Жомарттық қасиет - сараң адамдарға еш тиесілі емес. Адам баласы мұқтаж жандарға әркез өзінің көмек қолын созып, жомарттық танытатын болса, Алла Тағала ол пенденің жұмсаған дүниесінің орнын толтырады. Бұл жайында Құранда былай баяндалады: «Тиісті орындарға бір нәрсе жұмсасаңдар,сонда Алла,тағы есесін береді.Ол,ризық берушілердің ең жақсысы» де. ("Сәбә" сүресі, 39-аят).
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманында Сағлаба ибн Хатиб есімді бір адам бар еді. Мәдинада мешітте күні-түні ғибадат етер еді. Сәжде ете бергеннен маңдайына із түскен. Бір күні намаз оқып асығып мешіттен шықты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты:
-«Әй, Сағлаба, мешіттен асығып шығу - мунафиқтық амалынан».
Сағлаба: -«Уа, Расулуллаһ, әйеліміз екеумізде бір ғана киім бар. Намаздан кейін үйге барып киімімді әйеліме беремін, ол киіп намазын оқиды, әйелім мені жалаңаш күтіп отырады. Ей, Алланың Елшісі, дұға етіңіз, Алла Тағала маған бірер нәрсе берсін,» - деді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Әй, Сағлаба, шүкір қыл, себебі, қазіргі кедейшілігің дүние-малыңнан да артық» - деді.
Бірнеше күннен кейін және «Уа, Алланың Елшісі, дұға етіңіз, Алла Тағала маған бірер нәрсе берсін,» - деді.
Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Жаным оның қолында болған Аллаға ант етемін, егер дүние байлығын сұрасам, тауларды маған алтын етіп берер еді ғой. Мен Алладан байлық сұраған емеспін» - деді.
Бірнеше күн өткеннен кейін Сағлаба сөзін қайталап:«Уа, Алланың Елшісі, дұға етіңіз, Алла Тағала маған бірер нәрсе берсін, ант етейін, егер менде байлық болса, ихсан-садақа жасаған болар едім», - дейді.
Содан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллам! Сағлабаға байлық бер!» - деп дұға етті.
Бір күні Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір қой сыйға берілді. Оны Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сағлабаға беріп жіберді. Ол өте қуанды. Қой буаз еді, туды. Қысқа уақыт ішінде Сағлабаның қойлары көбейді. Мәдинаның жайлаулары тарлық қылды. Сағлаба қойларын шөлге айдап алып кетті. Жамағат намазынан ұзақтады. Жұма намазынан басқа жамағат намаздарына келмей кетті. Аз уақыт ішінде оның қойлары құрт-құмырсқалардан да асып кетті. Жұма намазын тәрік етті.
Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сағлабадан бірер хабар бар ма?» – деп сұрады. Уа, Алланың Елшісі, Сағлабаның қойы көбейгені соншалықты жайлауға шығып кетті деп жауап берілді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Сағлабаның жағдайы қиын»-деді. Бірнеше күннен кейін зекет туралы аят түсті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі сахабаны зекет алу үшін Сағлабаға жіберді.
Сағлаба: «Менің мал-дүниемнің нысабы толған жоқ, зекет бере алмаймын!» - деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жағдайды естіп «Сағлабаның жағдайы қиын» - деп 3 рет қайталады.
Сол кезде Сағлаба туралы Тәубе сүресінің мына аят түсті:
وَمِنْهُم مَّنْ عَاهَدَ اللَّهَ لَئِنْ آتَانَا مِن فَضْلِهِ لَنَصَّدَّقَنَّ وَلَنَكُونَنَّ مِنَ الصَّالِحِينَ
Тағы олардан біреулер: «Егер Алла, бізге өз кеңшілігінен мал берсе, әрине садақа беріп, игілерден болар едік» деп Аллаға серт берді. ("Тәубе", 75)
Сахабалар арқылы Сағлабаға бұл аятты жеткізілді. Сонда Ол малының зекетін алып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына келді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әй, Сағлаба! Алла Тағала енді сенің малыңның зекетін маған алудан қайтарды» - деді.
Сағлаба: «Сіздің айтқандарыңызды орындамағаным үшін Алла осылай істеген екен ғой деп, топырақ шашып шығып кетті.
«Сенің зекетіңді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабыл етпеді» деп Әбу Бакр, Омар, Османдардың (р.ғ.) кездерінде де зекеті алынбады.
Осман замандарында Сағлаба қайтыс болады. Бұл көрген барша азаптар-сараңдықтың нәтижесі еді, зекет бермеу және уәдеде тұрмау.
Алла Тағала айтады :
- إِن تُبْدُواْ الصَّدَقَاتِ فَنِعِمَّا هِيَ وَإِن تُخْفُوهَا وَتُؤْتُوهَا الْفُقَرَاء فَهُوَ خَيْرٌ لَّكُمْ وَيُكَفِّرُ عَنكُم مِّن سَيِّئَاتِكُمْ وَاللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ
Егер садақаларды көрнеу берсеңдер, сонда ол қандай әйбет. (басқаларға жетекшілік болады) Егер оны жасырын беріп әрі оны пақырларға берсеңдер, әрине сендер үшін сондада жақсы. (Алушының абыройы қорғалып, мақтан араласпайды.) Алла сендердің күнәларыңды жарылқайды. Сондай-ақ Алла істегендеріңді толық білуші. ("Бақара",271)
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Садақа беру арқылы мал-дүние кемейіп қалмайды.» (Тирмизи риуаяты).
Біздер жақсы білуіміз керек, жомарттық дүниеде де береке келтіреді және ақыретте де үлкен сауаптарға өз септігін тигізеді.
Хадиси Құдсиде айтылады:
«Әй, Адам баласы! Жақсылық қыл! Сол кезде Мен де саған жақсылық қыламын». Бұл мәтіннен түсінетініміз, пенде асылында жегенінен емес, бергенінен үлес алады.
Ибн Әбу Жағд айтады: «Садақа жетпіс жамандықтың есігін жабады. Жасырын садақа үшін жіне жетпісі қосылатынын ұмытпаңыздар!».
Алла Тағала баршамыздың жасаған қандай да қайырымдылық мақсатында жасаған амалдарымызды қабыл етсін!
Үмбет Сабырханов
«Әл-Хақ» мешітінің имамы
Луговой ауылы
Т.Рысқұлов ауданы
20.05.2021ж