Барлық мақтау әлемдердің Раббысы болған Аллаға тән. Алла Тағаланың игілігі Елшілердің ардақтысы Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі) оның үй - ішіне, достарына болсын!
Араб тілінде "ихсан" сөзі жақсылық жасауды білдіргенімен, оның шынайы мәні - адамның өзін оңашада болсын, көпшілік арасында болсын, Алланың бақылауында екенін сезінуі. Алладан қорқады әрі Алланың сыйынан үміт етіп, жазасынан қауіптенеді. Ихсан - адамның өзі жалғыз болса да, қоғамда болса да, Алла оны көріп, бақылап тұратынын сезеді.
Мұсылманның бұл дүниеде жинайтыны ақирет азығы болады. Ақирет азығы - ол мұсылманның бұл өмірдегі жасап жатқан ізгі амалдары - иман келтіру, намаз, зекет, ораза, қажылық, ата - ананы қадірлеу, үй ішіне қамқор, ісіне адал, бауырларына ықыласты, адамдарға жанашыр, отанын сүю тағы да көптеген осыған ұқсас амалдар. Міне, осы барша ізгі - амалдарды мұсылман ихсан дәрежесінде атқарады.
Ихсан ілімінің мәні - жүректі, оны ластап кірлететін қоспалардан арылту. Сондықтан ихсан ілімі - адамның иманын нығайтып, құлшылыққа деген ынтасын арттырады. Адамдық қасиеттерді толықтырады. Қоғамның дамуы үшін әрбір мұсылманның ісі мен адал қызметі, мінез-құлқында жатыр. Мұсылман - өмірде ізгі амалдарды жасауға көп әрекет етеді. Ол амалдарын таза жүзеге асырса, онда ол екі дүниеде де мол азық жинағаны. Алла Тағалаға деген шынайы ықылас діннің маңызды негізі. Кез келген іс - әрекет, амал ықыласпен жасалған амал, кішілігіне қарамастан Алла Тағала алдындағы ең жақсы амал болып саналады.
Ықыласты мұсылман не істесе де оның жүрегінде бір Алла ғана болады. Оның бар ойы өзімен Алланың арасын жақсарту. Ихсан ілімінің мақсаты осы.
Ғани Жанұзақұлы
Жамбыл ауданы Бектөбе ауылы "Бектөбе" мешіт имамы