Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Шығыс Қазақстан облысына жасаған сапары барысында облыстық драма театрда «Жан дауа» психологиялық драмасын тамашалады. Ғибратты қойылымды ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері де көрді.
«Жан дауа» қойылымы замана індетіне айналған нашақорлыққа тәуелділік жайында өрбиді. Айрандай ұйып отырған отбасы балаларының үгіттеуімен қалаға көшіп, аталған індетке тап болады.
Қойылымда нашақорлыққа тәуелді болып қалған кейіпкер дертіне дауа іздеп, шарқ ұрады. Ата-ананың баласы үшін жанұшырған жанайқайы көрерменді қобалжытпай қоймайды.
«Жан дауа» ұлтымызға жат нәрседен тыйылуға, жаман әдеттен сақтануға, үлкенді құрметтеп, салт-дәстүрден аттамауға шақырады.