Мүфтиятта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлерінің басын қосқан алқалы жиын өтті.
Басқосуға ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз, Аппарат жетекшісі Ғылымбек Жәдігерұлы қатысты.
Дін саласындағы ізгі істер кезек күттірмей тиянақты орындалуымен құнды, сауапты. Осыған орай, Бас мүфти күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді пысықтап, алдымызда межелі міндеттер күтіп тұрғанын баса айтты.
Мүфти-хазрет уағыз-насихат, шариғат және пәтуа, сондай-ақ жуырда ашылған баспасөз бөлімдерінің меңгерушілеріне зор жауапкершілік жүктелетінін қадап айтып, тиісті тапсырмалар берді.
Басқосуда көтерілген басты мәселе – ҚМДБ қызметкерлерінің дін саласындағы жұмыстарын жандандырып, ел аманатын сезініп, соған лайық жұмыс істеуді талап ету. Мүфти-хазрет діни басқармаға келген кез келген адамға жіті көңіл бөлініп, қандай шаруамен келсе де әдеппен қызмет көрсетілуін қаперге салды. Сонымен қатар, дін мен дәстүр аясында негізгі басым бағыттарды саралай келе, ортақ міндетке жұмылып, қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнатуды қолға алу керектігіне тоқталды.
Діни басқарма қызметкерлерінің басын қосқан отырыста ел тыныштығы мен бейбітшілігін сақтауда дін қызметкерлері жұмысының жауапкершілігі шегеленді.
«Бізге ең бастысы шынайы ықылас қажет. Жұмысқа деген жауапкершілікті сезінсек, онда біз біраз белесті бағындырамыз. Қазір күн демей, түн демей ел үшін, Ислам игілігі үшін қызмет ететін уақыт», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Бас мүфти уақытының басым бөлігі жұмыста өтетін қызметкерлерді өзара бауырмал болуға шақырды.
muftyat.kz