Ұзақ жыл бойы отандық халал индустриясының дамуы жолында белсене қызмет етіп, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосқан «Халал Дамудың» өңірлердегі жауапты өкілдері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерекелік медалімен марапатталды.
Атап айтқанда, «Халал Дамудың» Жамбыл облысындағы өкілі Нұрмаджан Миразизов, Алматы облысындағы өкілі Жанәбіл Жұмабеков, Алматы қаласындағы өкілі Маратхан Чадаев осындай мерекелік медалге ие болды. Жамбыл облысына бағытталған іссапары барысында «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы өңірдегі өкіл Нұрмаджан Миразизовке марапатын табыстады. Марапаттау рәсіміне облыстың бас имамы міндетін атқарушы Нұрбек Бақытұлы және мешіт қызметкерлері қатысты.
Жергілікті өкілдердің еңбектеріне тоқталып өткен Айбек Асқарбекұлы: «Халал Дамудың» қызметкерлері арасында мерекелік марапатқа 3 облыстық өкіл ие болды. Сіздердің еліміз үшін, халал өндірісінің дамуы үшін зор еңбек сіңірдіңіздер. Қандай марапатқа да лайықтысыздар. Діни басқарманың 30 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін!» – деді.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласында өткен «Халал өнімдер жәрмеңкесінде» ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Халал Дамудың» Алматы облысы және Алматы қаласындағы өкілдеріне мерекелік медалді табыстаған болатын.