Тараз шаһарында бір ғасырдан астам тарихы бар 1907 жылы салынған «Әулие ата» мешіті күрделі жөндеуден кейін жамағатқа есігін қайта ашты. Көненің көзі болған мешіттің ашылу салтанатына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
«Бір ғасырлық тарихы бар «Әулие ата» мешітін күрделі жөндеуден өткізіп қайта ашып жатырмыз. Бұл – өте көне, тарихи мешіт. Былтыр қазан айында келіп, құрылыс жұмыстарымен танысқан едім. Аллаға шүкір, міне жамағатқа есігін қайта ашты. Мен дәл осы мешіттен ілім іздеп, шетке аттанған едім. Сол себепті мен үшін де маңызы зор. Алла Тағала ғасырлық тарихы бар мешіттің жамағатына жақсылық, көркем мінез бен береке бергей. Осынау құлшылық үйін жамағатпен безендіріп, Алла үйін салғандарға жәннаттан зәулім сарай беруін нәсіп етсін! Осы көне шаһардың жамағатына бұл құлшылық үйі берекелі болсын дегім келеді. Құтты болсын!» деді ел мұсылмандарының төрағасы.
Бас мүфтидің құттықтау сөзінен кейін құлшылық үйіне қолдау көрсетіп, құрылысына араласқан ұсталарға ҚМДБ Төрағасының алғыс хаты табысталды. Наурызбай қажы Тағанұлы жаңарған мешітке бас сұғып, толық аралап шықты.
Құрылыс жұмыстарының демеушісі Айдар Сұлтанұлының айтуынша, мешіт сыйымдылығы – 1000 адам. Алла үйі сол бұрынғы бағаналары мен ағаштарын толық сақтап қалған. Оның ішіндегі суреттер мен ойылған оюлар ешқандай техниканың көмегінсіз қолмен жасалыпты. Тіпті мінбер маңындағы аяттарға дейін қолмен тоқылған. Жөндеу барысында ғимаратқа жылыту едені, күмбез қосылған. Өйткені ескі мешіттің бұрын күмбезі болмаған.
Тарихи мешіттің қайта ашылуына ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров, Ақпарат және қоғамммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Дәлелханұлы, Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев және қала имамдары қатысты.