ҚМДБ ұйымдастыруымен Тараз қаласында Атлах шайқасына 1270 жыл толуына орай өткен «Қазақ даласына Исламның келуі» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференцияда арнайы шақырылған меймандар Тараз маңындағы ірі шайқас төңірегінде өз ойларымен бөлісіп, құнды мәліметтерді ұсынды. Мәселен, тарих ғылымдарының кандитаты Әлімғазы Дәулетхан бұл тарихи тұрғыда маңызды оқиға деп баяндады.
«Тараз (Талас) қаласына іргелес жатқан шағын ғана Атлах бекінісі маңында болған шайқас. Исламды мемлекеттік дін ретінде мойындаған Қарлұқ-Қарахан мемлекеті кейінгі Қыпшақ, Қазақ хандықтарының шаңырағын көтеріскен қазақ ру-ұлыстарын біріктірген алғашқы қуатты мемлекеті ретінде танылып, мойындалуға хақылы. Ол жөнінде тарихшыларымыз Әлкей Марғұлан, Мұсатай Ақынжановтар сонау 60-жылдарда-ақ батыл ойлар айтқан болатын. Атлах-Талас шайқасының 1270 жылдық атаулы күнін елдік және халықаралық деңгейде салтанатпен атап өтіп жатқан ҚМДБ-ға рақмет.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» екенін дәл осы күндері текке айтпаған болар. Демек, сол бәрінен қымбат асылымызға қол сұғып, қатер төндіретін ішкі-сыртқы жауларымыздың сұқтанып тұрғанын жан жүрегімізбен сезініп, нақты іске кірісер сын сағаты соғып тұрғанын тағы бір қайталап айтуға тура келеді,» - деп атап өтті.