Өткен жылы қасиетті Рамазан айында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Алматыдағы ардагерлер үйінде ауызашар берді. Дастархан басындағы емен-жарқын әңгіме кезінде қарттар бес уақыт намазға жығылғанын мүфтиге қуанышпен жеткізіп еді. Сол сәтте Ержан қажы Малғажыұлының: «Менің тарапымнан сіздерге баға жетпес сыйлық болсын. Сіздерге қажылыққа тегін жолдама бергізейік. Еліміз бен жеріміз үшін дұға-тілек жасап қайтыңыздар », - дегені есімізде.
Жуырда кіші қажылығын өтеп келген Қанен Нұрпейісов ақсақал Бас мүфтидің қабылдауында болып, алғысын-рахметін айтты.
«Мүфти-хазрет, Алматыдағы қарттар үйінің құрылғанына 12 жылдан асыпты. Сіздің Діни басқармаға келуіңізбен Алланың қалауымен тұңғыш рет қажылыққа бардық. Ауызашарда айтқан уәдеңіз бойынша аман-есен Мекке мен Мәдинаға барып, құлшылығымызды өтеп келдік. Қарттар үйіндегі ата-әжелер әуежайдан шашу шашып, күтіп алды. Бұл өмірімде ұмытылмайтын үлкен оқиға болды. Бала-шағам жасамаған жақсылыққа сіз себепкер болдыңыз. Алла разы болсын, сізге. Бұл жақсылығыңызды еш ұмытпаспын. Жұмысыңыз алға басып, Алланың, халықтың ризалығына бөлене беріңіз », - деді 74 жасты алқымдаған Қанен қарт.
Биыл Бас мүфтидің бастамасымен Алматыдағы Қарттар үйінен Қанен Нұрпейісовпен бірге Жайсаңбай Қаңтарбаев та кіші қажылығын өтеді.
ҚМДБ баспасөз қызметі
www.muftyat.kz