Биылғы қасиетті Рамазан айы санитарлық шектеулерге қарамастан берекелді мереке болып жоғары деңгейде атқарылды. Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев бастаған өңір имамдары мен мешіт қызметкерлері ол үшін бар күшін салып, халық игілігі үшін түрлі бағытта жұмыс жасады.
Атап айтсақ, облыс бойынша 5 118 отбасыға 58 691 320 теңгеге қайырымдылық жасалса, 25 674 500 теңгеге 21 663 адамға ауызашар қоржындары таратылды.
Әлеуметтік желілерде "30 күнге 30 дәріс" бағдарламасы аясында 143 онлайн сабақ, "30 күнге 30 уағыз" бойынша 166 насихат айтылды. Сонымен қатар Алланың кәләмі түскен ораза айында 417 рет Құран хатымы жасалды. Аталған шараларға Әйел-қыздар секторы мен Жастар ісі секторы да белсенді араласты. Рамазанда 1 000 000 салауат айтылып, 1253 сұраққа жауап берілді, сондай-ақ жалпы 17 185 іс-шара өткізілді.
Қасиетті қадір түнінде ұйымдастырылған бағдарлама бойынша бір уақытта 4501 көрермен тікелей эфирді қарап, дін мамандарымен байланыста болды. Бұл көрсеткіштің барлығы Жамбыл жұртшылығын мешітке жинамай-ақ жамағаттың Алла үйінде рухымен, жүрегімен бірге болғандығының дәлелі.
Алла тағала Рамазаннан Рамазанға жеткізе бергей!
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі