Көкпекті халқына көмек көрсетілді (ФОТО)

Көкпекті халқына көмек көрсетілді (ФОТО)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қарағанды облысының Бұқар жырау аудандық округіне қарасты Көкпекті елдімекеніндегі табиғат апаты талай жанның тіршілігіне кесірін тигізіп, бес адамның өмірін қиды. Күрт жылынған күн райынан қар суы қарқын алып, ауыл маңындағы су тоғанының бұзылуына алып келіп соққан. Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, апат алдын-ала болжанып, ауыл тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстары да жүргізілген. Дегенмен, адам шығынын айналып өтуге мүмкін болмағанға ұқсайды. Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі есептеліп, есеңгіреген елге көмек көрсету жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Ауыл әкімшілігі жанынан құрылған комиссия ақпаратына сүйенсек, табиғат апатынан 58 отбасы баспанасынан айырылып, 300-ден астам жанның жиған-тергені суға кетіп, сорлап қалған. Байлығын қорасындағы қойымен өлшейтін ауыл халқының табиғат апаты тигізген ауыр зардаптың бірі – мал басының қырылуы болып тұр.

Алыстағы ағайынның ауыр жағдайын естіген «Әзірет Сұлтан» мешіті де қанатымен су сепкен қарлығаштай қаралы елге материалдық көмек көрсетіп, қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Мешітіміздің бас имамы Серікбай Ораз Сатыбалдыұлының бастамасымен қолға алынған қайырымдылық шарасы аясында Көкпекті тұрғындарына жетпіске жуық киім-кешек түрі топтастырылған жүз сөмке дайындалып, өткен апта соңында тарату жұмыстары жүргізілді. Алыстан ат терлетіп жеткен мешіт қызметкерлері баспанасы суға кетіп, барынан айырылған елге басу айтты. Ауыл әкімшілігі арқылы түзілген тізім бойынша, үй аралап, сөмке үлестірген мешіт қызметкерлерінің бұл игілікті ісі Көкпекті тұрғындарына титтей де болсын жұбаныш сыйлағанына қуандық

Пайғамбарымыздан жеткен бір хадисте «Алла тағала ең жақсы көретін амал мұсылманға қуаныш сыйлау, оның қайғысын сейілту, қарызын өтеу, аштығын кетіру...» делінеді. Басқаның мұңына бей-жай қарамай, қайғысына ортақтасып, қамқорлық таныту – қашанда мұсылманның парызы. Ендеше, қандастарымыздың қиындығына қабырғасы қайысып, қол ұшын созған азаматтарымыздың ісін Алла сауапқа жазғай!

«Жақсылықта жарысайық» акциясының толық фоторепортажын «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: