Іздегенін исламнан тапқан ағылшын әйелі

Іздегенін исламнан тапқан ағылшын әйелі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Кей-кейде атамекеніңнен бірер жыл жырақ кеткеннің де пайдасы бар ма деп қалдым. Бөтен жұрттың білімі мен ғылымын, дағды-дәстүрін, мәдениетін, дінін өз көзіңмен көресің, оған байыптай қарайсың, озығы қайсы, тозығы қайсы – салыстырасың, салмақтайсың, белгілі бір ой түйесің. Мәселен, өзім білім алып жүрген Ньюкасл университетіне қарасты кішігірім мешітке жұма намазға барғанымда, мынадай таң қалдырарлық жағдайға тап болдым. Ішке аттай бергенімде, кіре беріс оң жақ бұрышта орта жастан асқан, басына көгілдір орамал тартқан әйел орындық үстінде намаз оқып отыр. Екі қолы тізесінің үстінде, жүзін төмен салған. Көзіндегі көне қоңыр көзілдірігі ақшыл жүзін көлегейлеп тұрғанымен, нәсілі еуропалық екенін бірден аңғардым.

 

Намазды отырып та оқуға болады

 

Алланың киелі үйінде ойда-жоқта ұшыратқан кісім ис­лам дінін осыдан жеті ай бұрын қабылдаған ағылшын әйелі Энн Ширли Айша Тэйлор еді. Айша – Эннің тілін кәлимаға келтірген кезіндегі имамның пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүйікті жары Ай­ша анамыздай болсын деп берген мұсылманша аты. Кейін белгілі болғанындай, «раббым – Алла, дінім – ислам» деп білген Айша омыртқасы зақымданып, бірнеше операцияны басынан өткергендіктен, өзге мұсылмандар сияқты намазда сәжде қылып, отырып-тұра алмайды екен. «Намаздың мұсылманға парыз екенін білгенімде, өзімнің сәждеге маңдайымды тигізе алмайтынымды ойлап, қатты уайымдадым» дейді ол. Адамға исламды осындай жағдайда барынша жеңілдету керек екенін білетін мешіттегі мұсылман бауырлар Айшаға орындықта отырып та намаз оқуға бола­тынын түсіндіріпті. Маңдайына жазылған кембағалдық ағылшын әйеліне ислам жолын ұстануға бөгет бола ал­мапты.

 

Айша Тэйлор 1944 жылдың 2 мамырында Англияның Шотландиямен шекаралас жатқан Northumbria аймағындағы Уикэм қалашығында дүниеге келеді. Әкесі Джон – инженер, ал анасы Елизабет бастауыш сы­ныпта математика пәнінің мұғалімі болған екен. Дәстүрлі ағылшын отбасында өскен Айша о бастан нағыз христиан үлгісінде тәрбиеленеді. Ата-анасы христиан дінінің нақты бір бағытын ұстанбаса да, жексенбі күндері шіркеуге баруды дәстүрге айналдырған. «Мен нағыз христиан ретінде шіркеуге жиі баратынмын. Алай­да анам Библияда көптеген қарама-қайшылық тапқан соң ол жерге баруды доғарды. Мен де оның шешіміне қосылдым» дейді Айша.

 

Әңгіме барысында оның өз анасын әрдайым ардақ тұтатынын байқадым. Керемет діндар болмаса да, анасы Айшаны Киелі кітап қағидаттарына сай тәрбиелеп өсіреді. Сондықтан болар, Айша ешқашан темекі тартып, ішімдік ішіп көрген емес. Жергілікті тұрғындар сияқты пабқа не клубқа барып, құмар ойынға қызықпаған. Мұның бәрі Айшаның адамдық тұлғасының берік-бекем қалыптасуына ықпал етеді.

 

Шындығын айту керек, пәни дүние кейіпкерімізді жарылқай да, есіркей де алмады. Тұрмысқа кештеу шыққан анасы Айшаны 37 жасында дүниеге әкеледі де, ауыр толғақтан кейін сал болып төсек тартып қалады. «Талай жыл бойы анам аяғынан тұрып, жүріп кететін шығар деп үміттендім. Отбасындағы жалғыз бала болғандықтан, анамды 1987 жылы қайтыс болғанша бағып өттім» деп жылап еске алады ол. Тағдыр тауқыметіне көндіге алмаған әкесі бірнеше жылдан кейін Елизабетті тастап кетеді. Содан бастап бар ауыртпалық жас баланың мойнына артылады. Айша жастайынан көп қиыншылық көріп, ерте есейіп, жалғыздықты өзіне серік қылады.

 

Жас Айшаның бүкіл балалық дәурені мен жастық шағы сырқат анасын бағумен, қалың ой қамауын серпумен өтеді. «Біз осы әлемге не үшін келдік? Құдай бар болса, бізді не үшін жаратты? Өлімнен кейін адамзатты не күтіп тұр? Неліктен бір адамдар бақытты, ал басқасы бақытсыз? Неге бірі бай да, екіншісі кедей?» деген сұрақтар жас қызды жылдар бойы мазалап жүрді. Айша дүниенің құпиясы күндердің күнінде ашылатынын білсе де, бала жүрек сол құпия сандықтың кілтін таба алмай ұзақ қиналады. «Адам дүниеге келеді, ішіп-жейді, өсіп-өнеді. Содан кейін жұмыс істейді, үйленеді. Мұның бәрі не үшін? Адамдардың жаратылысы жай ғана кездейсоқтық емес қой» деп үзік-үзік ойлардың басын біріктіруге тырысатын ол.

 

«Шіркеуден рухани азық таба алмадым»

 

Оқушы Айша Тэйлор қыз бала мен ер балаларды бөлек оқытатын Уикэм Вью жалпы білім беретін мектебінде тәлім алды. Жастайынан ағылшын тілі мен жағырапия пәндерін сүйіп оқыған ол кейін әлем тарихына, өзге ұлт дәстүрлеріне көңіл бөле бастады. Айша алғаш рет Құран Кәрімді 13 жасында қолына алады. Елизабет ха­ным қызының Құран қағидаттарымен танысып, ислам дініне ден қойып жүргенін ешқашан айыптамапты. Орта мектеп оқушысы болса да, өмірдің мәні мен ақиқатты іздеген ол Библия, Тауратты да сатып алуды ұмытқан жоқ. Алла Тағаладан түскен киелі кітаптарды оқи отырып, қасиетті Құран Кәрімнің аудармасымен шендестіреді. Осы кезден Айша Аллаға ғибадат ете бастайды. Әрине, ол кезде намаз дегенді қайдан білсін?

 

– «Мен қайда барарымды білмеймін, маған тура жолды нұсқай көр. Өз бетіммен ақиқат жолын таба ал­маймын. Мен Сенің нұсқауыңа мұқтажбын» деген сөздерді айта бердім. Құдайдан ешқашан материалдық табысты сұраған емеспін. Тек Құдайдың маған өмір сүруге көмектескенін, күш-қуат бергенін қаладым. Мен осылайша дұға қылатынмын, – дейді ол.

 

Құраннан талай пайдалы мәлімет тапса да, ағылшын бойжеткені бірден исламды қабылдай қоймайды. Өз сөзіне қарағанда, жазбаша ақиқат қолында тұрса да, қай бағытқа қол созарын тап басып білген жоқ. Ислам жөнінде жиған-терген ақпараты шикі болып, бағыт-бағдар ә дегенде айқындалмады. Сол себепті Айша қайтадан шіркеу табалдырығын тоздыра бастайды. Бірақ ол жерден өз басына, санасына тірек болар рухани азық таба алмайды. Сөйтіп, бір-біріне ұқсас күн артынан күн өте береді.

 

– Діни кітаптарды оқи бердім, оқи бердім. Мен өзімді ғаламат нәрсенің титімдей бөлігі ретінде сезінгім келді, – дейді ол.

 

Арабшадан ағылшын тіліне аударылған нұсқасынан ауытқымай, дәл мағынасын түсіну үшін Айша сол кездері қолындағы Құранның түрлі-түрлі онға жуық аудармасын аударыстырып, қанша тер төккенін еске алады. Бірақ Алла Тағала оның исламды тану жолын жеңілдеткісі келген болар, Құран тәлімі жас бойжеткеннің бойына тез сіңеді. Бұған оның: «Алғашында Құраннан түгел шындықты ашатын сүрелерін түртіп жазып алып отыр­дым. Құранның мен үшін қызық әрі жатық болғаны соншалық, ішінде мен түсінбеген нәрсе болған жоқ», – де­ген сөзі дәлел.

 

Айшамен ислам жөн-жосығы жайлы әңгімелескен кезде оның әр сөзі жүректен шығып отырды:

 

– Мен бір ғана Құдайды іздедім. Библияны аударған кезден-ақ мен Исаның Құдай емес екенін ұққанмын. Иса пайғамбар (а.с.) өзін құдаймын деп ешқашан айтқан емес. Алла Тағала – алып күштің иесі. Ол бүкіл әлемді жаратқан. Иә, мен ғажайыпқа сене аламын. Бірақ Құдай аспаннан жерге түседі дегенге мүлдем илана ал­маймын. Құдай өзін адам дәрежесіне түсіре алмайды ғой. Ол адам жаратылысынан тым жоғары. Міне, мен іздеген жауап осы болатын. Мен өмір бойы іздеген сұрақтарымның жауабын исламнан таптым.

 

Өкінішке қарай, мектепті жақсы нәтижемен бітірген жас бойжеткеннің әрі қарай білімін жалғастыруға мүмкіндігі болмады. Англияның білім беру жүйесі бұрыннан-ақ ақылы негізде жұмыс істейді. Қаржылы адам университетке түседі, ал қалтасы көтермейтін адамның жоғарғы білім алуы неғайбыл. Сондықтан отбасылық шама-шарқын түсініп, Айша анасымен Ньюкасл қаласына көшіп келіп, осындағы жергілікті киім дүкендерінің бірінде сатушы көмекшісі қызметін атқарады. Кейіннен сатушы, әкімшілік қызметке дейін көтеріліп, зейнетке шыққанша сол дүкенде жұмыс істейді.

 

Азапқа толы отбасылық ғұмыр

 

Анасы Елизабет 1987 жылы дүниеден өткеннен кейін Айша кеш те болса тұрмыс құрады. Алайда, ерлі-зайыптылық ғұмыр ұзаққа созылмапты. Жұбайы иман атаулыдан мүлде безіп, ішімдікке салынып, қосағына зорлық-зомбылық көрсетеді. Әйел затына қол көтеру ол үшін кәдімгі үйреншікті әдетке айналғанын Айша ашы­на айтады. Бұл тұрлаусыз отбасылық ғұмыр оны ауруханадан бір-ақ шығарады.

 

– Ата-анам қайтыс болды, туыс-туған жоқ. Мына кең дүниеде жападан-жалғыз қалдым. Сыр бөлісер жан адам тапсамшы. Сол себептен мен бар сырымды күнделікке ақтардым. Сол кездері мен қағазбен сырла­сып, күнделікпен сөйлесіп жүргендей күй кештім. Бұл күнделік менің 13 жылғы отбасылық өмірімнің, азапқа толы жылдарымның айнасы еді, – деп көзілдірік астынан ол маған сынай қарайды.

 

Жалғыздықтан, өмірдегі әділетсіздіктен баз кешкен ол бірнеше рет өз-өзіне қол жұмсауды да ойға алады.

 

– Мен Аллаға қарыздармын. Өйткені, ол мені құтқарып қалды. Талай рет өмірде сүрініп-құлағанымда қолтығымнан демеп тұрғызды. Мен енді бұрынғы Энн емеспін, – дейді дүниеге қайта келгендей күй кешкен Айша.

 

Оспадар, дөкір күйеуінен ажырасып тынған соң ол біраз уақыт  ауруханада реабилитациядан өтеді. Омыртқасы зақымдалып, сәжде қылып, жерге тізерлеп отыра алмайтыны да сондықтан.

 

Осы кезден бастап оның ақиқатты іздеуге деген құштарлығы арта түседі.

 

– Бір күні көшеде басында орамалы бар әйелді көзім шалып қалды. Біреу маған «осы әйелдің соңынан ер» дегендей болды. Танымайтын адамдармен сөйлеспейтін мен, қалай болғанын білмеймін, сол әйелдің қасына жетіп барғанымды байқамай да қалдым. Ол өзін Фатима деп таныстырып, мені мешітке шақырды. Соны күткендей-ақ бірден келістім. Мешітке кіре бере ешкімнің айтуынсыз өз-өзімнен басыма орамал тарттым. Сол күнді ешқашан ұмытпаймын. Талай жыл адасып, туған үйімді енді тапқандай сезіндім. Бәрі соншалықты жақын, соншалықты таныс. Қуанышымда шек болмады. «Ақыры таптым ғой, мен таптым!» деп қайталай бердім. Мен осы сәтті өмір бақи күткен едім. Сол күні «Әшһәду әллә иләһә илла Аллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммадән абдуһу уә расулуһ» деп тілімді кәлимаға келтірдім. Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі екеніне куәлік берген соң аузыма құм құйылып, үндемей қалдым. Не қимылдай алған жоқпын. Едәуірге дейін есімді жия алмадым, – дейді ол.

 

Сол кезден бастап ізденіс, Құранды зерттеу үдерісі қайта жанданады. Туындаған сұрақтардың барлығын мұсылман бауырларынан сұрай отыра, намазда оқылатын сүрелерді бірінен соң бірін жаттап, аудармасы­мен қоса алып жүреді. Міне, содан бері ол жаңа өмірге қадам басып, бес уақыт намазын ешқашан қаза қылып көрген емес.

 

Қазір 67 жасар Айша Ньюкаслға көрші Гейтсхед қаласындағы қарттар үйінде жалғызілік күй кешуде. Әрине, ол бұл Алланың сынағы екенін, бұл өмірдің тек уақытша, өткінші екенін біледі.

 

Ислам Айшаның мінезін қатты өзгертті деу қиын. Себебі, ол бұрыннан-ақ өтірік айтуды, жалғандықты, тәкаппарлықты суқаны сүймейтін. Ол адамдардың турашылдығын, бетке айтар тік мінезділігін бағалайды.

 

«Қазіргі замандағы лаңкестікті ислам дініне телитіндерге қалай қарайсыз?» деген сұраққа оның жауабы дай­ын.

 

– Бұл – тек қана саяси ойын, саяси насихат. Адамдар тек жаңалықтар бағдарламасының айтқанына ұйи салып, өз беттерінше шындық іздеуге тырыспайды. Жүректегіні іздеуге талпынбайды. Әркімнің жеке тұлға ретіндегі иманын өлшемей, исламға тұтастай жала жабады. Кейде автобуста келе жатқанда адамдардың орамал таққанымды байқап, сыртымнан тон пішіп, сөйлеп жатқанын құлағым шалып қалады. Ондай кезде мен үнсіз ғана беттеріне қарап жымиямын.

 

«Ислам сіз үшін не?» деген сұраққа Айша тым күрделі жауап іздемейді:

 

– Ол – менің бүкіл өмірім. Дүние есігін қайта ашсам, басқа өмір қаламас едім. Мен өзімді әлемдегі ең бақытты жанның бірі санаймын. Ұзақ жылдардан соң Аллаға мойынсұнып, тура жолды тапқаныма қуаныштымын. Мен үшін бұдан артық бақыт жоқ.

 

Әсел ҚАМЗА,

Ньюкасл университеті «Болашақ» бағдарламасының магистранты,

Ұлыбритания

jaqsy.kz сайтынан

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: