РАМАЗАН АЙЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

РАМАЗАН АЙЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті рамазан айы өзге айлардан несімен артық деген сұраққа келер болсақ, ең алдымен Құран түсірілген ай болуымен және ұстау парыз етілген оразасымен артық десек қателеспейміз. Бұл айда Құран Кәрімнің түсірілгені, оразаның парыз етілгені рамазан айының беделіне бедел, атағына атақ қосады. Себебі, Алла Тағаланың өз тарапынан Құран түсіріп, бұл айда ораза ұстауды парыз етуі осы ай үшін үлкен дәреже. Ұлы Алла Тағала Қасиетті Құранның мына бір аятында:

 شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنْزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ  فَمَنْ شَهِدَ مِنْكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ 

   «Рамазан айы сондай бір ай, онда адамдарға тура жол және (ақ пен қараны) ажырататын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім айды (рамазан айын) көрсе, оразасын ұстасын», - деген («Бақара» сүресі, 185-аят).

   Бұл аятта рамазан айының артықшылығы баяндалған. Рамазан айы жыл ішіндегі ең абзал ай болып табылады. Оның артықшылықтары жайлы көптеген хадистер, ғалымдардың айтқан сөздері, ақындардың өлең шумақтары, жазылған кітаптар бар. Бірақ бұл айдың артықшылықтары жайлы айтылған сөздердің ішіндегі ең көркемі Алла Тағаланың өз кітабы Құранда оны мақтап, айтқан осы анықтамасы. Осы аяттағы айтылған анықтама рамазанның ең үлкен артықшылығы жайлы айтылған анықтама. Кім рамазанға аман-есен жетсе, оның жаңадан туылған айын көрген болса немесе рамазан айы кіргені туралы хабар естісе, ораза ұстасын.   

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ай кіріп келген кезде:

أَتَاكُمْ رَمَضَانُ شَهْرٌ مُبَارَكٌ، فَرَضَ اللهُ عَزَّ وَ جَلَّ عَلَيْكُمْ صِيَامَهُ، تُفْتَحُ فِيهِ أَبْوَابُ السَّمَاءِ، وَ تُغْلَقُ فِيهِ أَبْوَابُ الْجَحِيمِ، وَ تُغَلُّ فِيهِ مَرَدَةُ الشَيَاطِينِ، لِلهِ فِيهِ لَيْلَةٌ خَيْرٌ مِنْ أَلْفِ شَهْرٍ، مَنْ حُرِمَ خَيْرَهَا فَقَدْ حُرِمَ

   «Рамазан айы, берекелі ай кіріп келді. Ұлы Алла сендерге бұл айдың оразасын ұстауды парыз етті. Бұл айда жәннәттың есіктері ашылады, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді. Онда мың айдан жақсы бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрұм болса, (бүкіл жақсылықтан) мақұрұм болыпты», - деген (Ахмад, Нәсәй).

   Демек, рамазан айы өте берекелі ай екен. Рамазан он екі айдың сұлтаны, ең ұлысы. Алла Тағала мұсылмандарға рамазан айының оразасын ұстауды парыз еткен. Бұл айда аспандардың есіктері ашылады екен. Сол есіктерден Алланың мейрімі, жақсылығы мен берекесі төгіледі. Мейрім періштелері түседі. Пенделердің ұстаған оразаларының, істеген жақсы амалдарының сауаптары артып аспанға көтеріледі. Бұл айдың құрметіне тозақтың есіктері жабылып, оған кіргізу уақытша тоқтатылады. Ораза ұстап, құлшылық еткен кісілер тозақ азабынан құтылады. Рамазан айы келгенде шайтандар кісенделіп, ораза ұстаған кісілерді азғыра алмайды. Бұл айда Алланың берген бір түні бар, ол мың айдан хайырлы, берекелі. Ол - қадір түні. Сол түнгі ғибадат пен игі істерге берілетін сауап, берекелі әрі өте көп болады. Кім сол берекелі түнді ұйқымен, құлшылықсыз өткізсе, барлық жақсылықтардан құр қалады. Рамазанның күндерін оразамен, түндерін тарауық сынды құлшылықпен өткізу қажет. Қадір түні де құлшылықсыз өтпеуі керек. Абдулла ибн Аббас (Алла оған разы болсын) ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рамазан айы кіріп келген кезден кейінгі жай-күйі жайлы:

كَانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَجْوَدَ النَّاسِ، وَكَانَ أَجْوَدُ مَا يَكُونُ فِي رَمَضَانَ حِينَ يَلْقَاهُ جِبْرِيلُ، وَكَانَ يَلْقَاهُ فِي كُلِّ لَيْلَةٍ مِنْ رَمَضَانَ فَيُدَارِسُهُ الْقُرْآنَ، فَلَرَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَجْوَدُ بِالْخَيْرِ مِنَ الرِّيحِ 

«Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың ең жомарты еді. Ол кісінің ең жомарт бола түсетін уақыты рамазанда Жебрейіл ол кісімен кездесіп, оған Құран тапсыратын кезі еді. Расында, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсылық жасауда ескен желден де жомарт (жылдам) болып кетуші еді»,- дейді (Бұхари).

   Демек, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біз үшін рамазандағы амалдарда соның ішінде жомарттықта да үлгі бола білген екен. Бізге де рамазанда жақсылықта жарысып, жомарттығымызды арттыра түсу қажет. Рамазанды және ондағы қадір түнін бос нәрселермен өткізіп алудан сақтануымыз керек.

   Ерте кездерден мұсылмандар сүннетке амал жасап, рамазан айында көбірек Құран оқуға, кең пейілді, жомарт бола түсуге ерекше көңіл біліп келеді.

   Ораза айының берекелі сәресі асы мен уақыты да рамазанның көркіне көрік, артықшылығына артықшылық қосып тұрады. Бұл рамазаннан өзге кездерде қайталанбас көрініс.

   Бұл айдағы күн сайынғы болатын ауыз ашар мерекелік дастарханы, ондағы жүздесулер басқа айлардың ешбірінде жоқ.     

   Рамазандағы ауыз ашар уақытындағы дұғаның қабыл болатынын да ескерген жөн. Бұл жайлы хадистерде қайта-қайта анық әрі нақты айтылған.

   Тарауих намазы рамазан айына тән ерекше сүннет амалдардың бірі. Көпшілік бұл намазға қатысып сауапқа кенелуге тырысады. Тарауих намазының бір күндігінен де қалып қоймауға тырысу керек. Тарауих намазында Құранды бір рет хатым ету де ұмыт қалған емес.

   Осы айдың артықшылықғы болып есептелетін амалдарға ерекше мән беріп, үлкен бір ғанибет ретінде қарау қажет. Бұл рамазан да бізге берілген үлкен бір мүмкіндік екенін ұмытпаған жөн.

 Қатарбай  Тажибаев

  Жамбыл ауданы "Айша бибі" мешітінің имамы 

      

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: