Алланың жаратқандарының ішіндегі ең білгіші кім?

Алланың жаратқандарының ішіндегі ең білгіші кім?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Хадиске сай, Перғауын суға батып кеткен кезде, Ысрайылдың ұлдары одан құтылып, ал Мұса пайғамбар (ғ.с.) халқын жинап алып бір көркем уағыз айтады.

Уағызды тыңдаған жандар көз жастарын тыя алмай, еңіреп тұрып жылайды. Солардың біреуі:

- Уа, Мұса! Жаратылғандардың ең білгіші кім? – деп сұрайды.

Оған мәртебелі Мұса (ғ.с.) былай жауап береді:

- Менмін. Менен артық білетін ешкім жоқ.

Ол бұл жөнінде Алла жақсы біледі деп айтпады. Алла Тағала оған:

- Әй, Мұса! Екі теңіздің қосылатын жеріндегі Менің құлдарымның бірі сенен де көп біледі, - деп ескертті.

- Иә, Раббым! Мен оны қалай тапсам болады? - деп сұрады Мұса (ғ.с.).

Алла Тағала оған былай бұйырды: - Бір балықты өрілген себетіңе сал, Сол балық жоғалып кеткен кезде, сен Менің құлымды табасың.

Мұса пайғамбар (ғ.с.) балықты себетке салып алып, Йуша бин Нунмен бірге жолға шығады. Бір жартастың қасындағы бұлақтың қасына келіп ұйықтап қалады. Ал бұл күш-қуат беретін бұлақ көзі еді. Осы судан ішкен қарттар жасарып, өлілер тірілетін болған. Осы «тірі» су балыққа тиіп кеткені сол-ақ екен, балық тіріліп, теңізге жүзіп кетеді. Мұса пайғамбардың (ғ.с.) серігі жүзіп кеткен балықты байқап қалса да оны Мұсаға айтуды ұмытып кетеді, өйткені шайтан ұмыттырған болатын. Ояна салып, олар жолдарын қайтадан жалғастырады, күні бойы жүреді. Мұса пайғамбар (ғ.с.) серігіне:

- Біз әбден шаршадық. Тағамды алшы, өзегімізді жалғап алайық, - дейді.

Йуша бин Нун болса:

- Мен саған айтуды ұмытып кеттім, балығымыз тіріліп, теңізге жүзіп кеткен. Бәріне кінәлы шайтан, - деп ақталады ол.

- Біз іздеп жүрген адам сол жерде болды ғой. Қане, онда қайтадан артқа қайтайық, - дейді Мұса.

Олар қайтып оралғанда, бір киімді жамылып, жерде жатқан адамды көреді.

Мұса пайғамбар (ғ.с.):

- Әссәләму әлейкум! - деп амандасады.

- Сен кімсің? - деп сұрайды әулие Қызыр.

- Мен Мұсамын.

- Е, Ысрайылдың ұлдарының бірі Мұсамысың?

- Иә, мен сенен білім алуға келдім.

Әулие Қызыр (ғ.с.) былай айтады:

- Менің қасымда болуға сенің шыдамың жетпейді. Саған түсініксіз болатын менің қылықтарыма сен қалай шыдап жүрмексің? Мен Алланың маған үйреткенімен жүремін. Сен оны білмейсің ғой. Сен де Алла Тағала саған берген біліммен жүресің. Ал ол білім маған беймәлім.

Мұса (ғ.с.) былай жауап береді:

- Ин ша Алла, мен шыдамдымын әрі сенің істеріңе кедергі келтірмейтін боламын.

- Онда соңымнан ер, саған өзім айтпайынша, сен менен ештеме сұрама.

Осылайша, олар теңіз жағалап жолға шығады. Келе жатып бір қайықты көреді. Әулие Қызыр (ғ.с.) қайықтағы адамдарға:

- Бізді де ала кетіңдер! – дейді.

Қайықтағылар Қызырды (ғ.с.) жақсы адам деп танып, оларды қайыққа тегін отырғызады. Жағадан біраз ұзағанда, Қызыр (ғ.с.) қайықтың бір ағашын жұлып алады.

Мұны көрген Мұса (ғ.с.):

- Бұл адамдар бізге жақсылық жасап, қайыққа тегін отырғызды. Ал сен болсаң қайықты тесіп жатырсың, олар суға батып кетуі мүмкін ғой. Сен дұрыс жасап жатқан жоқсың, - дейді.

- Менен ештеме сұрамаймын дегенің қайда? Сенің шыдамың жетпеді, сен сөзіңде тұрмадың.

- Менің есімнен шығып кетті. Кешірші мені, - деп жауап береді Мұса (ғ.с.).

Сол кезде бір торғай ұшып келіп, қайыққа қонады да теңізден бір тамшы су алады.

Сонда Әулие Қызыр (ғ.с.) былай айтады:

- Екеуміздің білетін біліміміз Алланың білімімен салыстырғанда теңіз бен мына бір тамшы судай ғана.

Олар қайықтан түсіп, қайтадан теңіз жағалап жаяу жүре бастайды. Жағада балалар ойнап жүреді. Солардың ішіндегі ересегін Қызыр (ғ.с.) ұстап алып, мойнын кесіп жібереді. Мұны көрген Мұса пайғамбар (ғ.с.):

- Бостан босқа сен күнәсіз баланы өлтірдің. Сен қылмыс жасадың! - деп айғай салады.

- Менің әрекеттерімді тыныш жүріп бақылауға сенің шыдамың жетпейді деп айтпап па едім!? Енді тағы бір рет менің ісіме араласатын болсаң, екеуміздің жолымыз екіге айырылады, - деп ескертеді әулие. Олар қайтадан жолға шығады, жүріп отырып Антакьиге келіп жетеді. Оларды ешкім қонақ етіп үйлеріне кіргізгісі келмейді. Бір көшеден өтіп келе жатып, құлағалы тұрған қабырғаны көреді. Қызыр (ғ.с.) қабырғаны жөндеп, құлаудан аман алып қалады. Оны бақылап тұрған Мұса (ғ.с.):

- Бізді қонақ етіп үйлеріне кіргізбеген, бізге дәм таттырмаған адамдардың қабырғасын жөндеп бердің. Егер сен қаласаң, осы жұмыс үшін біз ақы алар едік, - дейді.

Қызыр (ғ.с.) оған:

- Міне, үшінші рет сен шыдамсыздық танытып тұрсың. Екеуміз келіскен едік, енді біздің келісіміз аяқталды. Алдымен, шыдамың жетпей менен сұрағандарыңды түсіндіріп берейін. Қайықтың түбін тескен себебім, бізден ақы алмаған қайық иелері кедей адамдар еді. Олар кетіп бара жатқан жақта жөні түзу қайықтарды күштеп тартып алатын бір зұлым бар болатын. Алайда сол зұлым бүйірі тесік қайықтарды тартып алмайтын. Осылайша, мен олардың жақсылықтарына жақсылықпен жауап қайтардым. Ал мен өлтірген баланың ата-анасы иман келтірген жандар. Өсе келе бұл бетімен кеткен бала ата-анасын имансыз болуға мәжбүрлер еді. Мен Алладан оларға тақуа қыз беруін сұрап, әлгі баланың көзін құрттым. Риуаятқа сай, сол қыздан тараған ұрпақтан жетпіс пайғамбар шыққан екен. Ал қабырғаға келер болсақ, ол осы қалада тұратын жетім екі ұлға тиесілі еді. Соның астында олардың қазынасы болатын. Олардың әкесі тақуа жан болған, Алланың қалауымен, олар ер жетіп, сол қазынаны тауып алатын болады. Менің әрекеттерімнің себебі осындай еді, - деп сөзін аяқтайды да Қызыр (ғ.с.) Мұса пайғамбармен (ғ.с.) айырылысқан екен.

Мұса пайғамбар (ғ.с.) өз еліне қайтып оралып, осы жайтты халқына баяндап береді. Осылайша, бұл оқиға қалың жұртқа мәлім болған екен. Құранға түсінік берушілердің айтуынша, сол қабырғаның астында «Бисмилләһиррахманиррахим» деген жазуы бар тақтайша болған. Тағы да мынадай сөздер болған: «Өлімнен қашып құтылудың мүмкін еместігін біле тұра, өлімді ұмытатындарға менің таңым бар. Жазмышқа сенім келтіре отырып, орындалмаған нәрселер үшін қам жейді. Рызықты Жаратушының беретінін біле тұра, нығмет туралы алаңдайды. Қиямет күніне иман келтіргенімен, оған дайындалмайды. Бұл дүниенің баянсыз екенін біле тұра, оған қатты шырмалуда». Ал тақтайшаның екінші жағында мынадай жазу болған: «Лә иләһа илләллаһ Мұхаммадән расулуллаһ. Мен - Алла. Мен жалғызбын, Менің серігім жоқ. Жақсылық та, жамандық та Менен. Кім жақсылық жасаса, соған мейірімімді төгемін. Зұлымдық жасаушыларға лағынет болсын!»

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: