«Елімізде халал индустриясы қарқын алып келеді» деп күпсінгенімізде жер ойылып кете жаздайды. Шынымен де солай ма? Қазір кез келген дүкенге кірсеңіз, «халал» белгісі бар тауарлардан көз сүрінеді. Осыған қарап, елімізде халал индутриясының қарқын алып келе жатқанына сеніп қала жаздайсың. Алайда, еліміздегі халал индустриясының даму деңгейінен дерек беретін нақты көрсеткішке құрылған статистикалық мәлімет жоқ болғандықтан бұл бағытта кесіп-пішіп ештеңе айта алмайсыз.
Алайда, бір нәрсе анық: елімізде халал тағамдар мен тауарларды тұтынушылардың қатары артып келеді. Біріншіден, мұны иман келтіргендердің қарасының көбеюімен түсіндіруге болатын болса, екіншіден, наным-сенімі өзге тұрғындар да осы белгідегі тауарларды сатып алуға тырысады. Бізде халал нарығы стихиялы түрде қалыптасып келе жатқанын да айта кету керек. Өйткені, мемлекет тарапынан қамқорлық, қамқорлықтың табы сезілетін арнайы бағдарлама жоқ. Бұған қоса, бұқаралық ақпарат құралдарында халал ұғымы туралы кеңінен мәлімет беретін ағартушылық сипаттағы ақпараттардың сирек жарияланатынын несіне жасырамыз. Тіпті, бұл бағытта білеріміз де шамалы секілді. Олай дейтініміз, адамның денсаулығына зиянды кез келген нәрсе (мейлі ол тағам болсын, өмір салты болсын) бәрі харам есебінде екенін біреу білсе, біреу білмес. Бәрі осы төңіректен шығып отырған мәселе ғой. Түнеукүні ғаламтордан қызықты ақпаратты көзіміз шалып қалды. Онда «құрттаған жемісті ғана жеңіз» деп айтылған.
Расында да, солай ғой... Пайдасынан гөрі зияны көп тыңайтқышпен уланған я болмаса химиялық қоспалары көп жемісті жеп, денсаулығыңызды құртқанша, басқа амалын іздеңіз. Егер басқа амалыңыз болмаса, шараңыз қанша. Осы айтып отырғандарымыз мәселенің бер жағы ғана. Ең сорақысы, «аңқау елге арамза молданың» керін келтірген алаяқтардан абайсызда алданып қалып жатқандардың басындағы аянышты жағдайды айтсаңызшы бәрінен бұрын. Тауарына «халал» белгісін жапсырған ондай алаяқтар турасында індете тексерсе, талай жайттың беті ашылар еді. Атеистік қоғамның шекпенінен шыққан елімізде мұны кім тексеріп жатыр дейсің? Тек қазынаға салық түссе болғаны. Тағы айтарымыз, «судың өзін халал және харам деп, бөлетін болыпты ғой»,- сыңайдағы кекесін мен келемежге толы қыр асырмайтын қысыр әңгімені де құлағымыз шалып қалып жүр.
muslim.kz