Зәйд ибн Халид әл-Жуһайнидің (р.а.) риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді», – деген.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің Бас имамы Нұрбек Жанықұловтың ұйымдастыруымен Меркі ауданының тұрғындарына ауызашарға тамақ таратылды. Бас имам өз сөзінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап бұған да беріледі» дегенде, сахабалардың біреуі бір адамға да ауызашар беретін мүмкіндігі жоқтығын айтты. Оларға жауап ретінде: «Бір құрмамен ауызашар берген адамға да, тек сумен ғана ауыз аштырған адамға да, аздаған сүт берген адамға да бұл сауап жазылады», – деп жауап береді» - деген сөзін келтірді. Сөз соңын барша мұсылман қауымын Қасиетті Рамазан айымен құттықтап, осындай игі іс-шараға барлық азаматтарды атсалысуға шақырды.
80 адамға ыстық тамақ пен тәттілер және сусындар таратылды.
«Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі