Рамазан айына байланысты брифинг өтті

Рамазан айына байланысты брифинг өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Баспасөз орталығында Рамазан айына арналған брифинг өтті. Жиынға «Ақ жол», «Жамбыл-Тараз», «Арай», «Ғұмыр дария», «Знамия Труда» газеттері мен «Қазақстан Тараз», «77» арналарының, ZHAMYLNews ақпараттық порталының тілшілері қатысты.

Баспасөз мәслихатында Рамазан айының артықшылығы, мұсылман халқының аталған айды тойлауы, ондағы сауаптар мен ерекшеліктер сөз болып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының халыққа үндеуі жеткізілді. Сонымен қатар діни басқарма тарапынан келген бұйрық бойынша атқарылатын іс-шаралар легі тілге тиек болды.

Бас имам Бейбіт қажы Мырзагелдиев өз сөзінде: «Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Биыл исі мұсылман жұртшылық асыға күткен қасиетті ай сәуірдің 13 жұлдызында басталады, ал 12 сәуірде тарауық намазы оқылады және ораза 30 күнге толмақ. Ұлық ораза айт мерекесі 13 мамырда аталып өтіледі. Қадір түні мамырдың 8-нен 9-на қараған түні» - деп атап өтті.

Биыл Рамазан айында санитарлық талаптарды сақтай отырып ауызашарлар ұйымдастыру, Ораза айт мерекесіне орай мешіт ауласына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастыру, Ораза айт күндері қарттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл сыйлау секілді іс-шаралар атқарылады. «Жасыл аймақтарда» орналасқан өңірлер Рамазан айын мүмкіндігінше қалыптасқан дәстүрге сай өткізбек.

"Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жапектің айтуынша, тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылады.Тарауық намазында санитарлық талаптарды сақтай отырып қысқа сүрелер оқу, ауа райы қолайлы аймақтарда мешіт ауласында өткізу, Рамазан айында Құран хатым жасайтын топтар құрып, жамағатты сауапты істерге жұмылдыру жағына басымдық берілмек. Биыл пітір садақасы жан басына – 420 теңге болып бекітілді. Пітір садақаның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Пітір садақасын онлайн түрде Каспи банк қосымшасында пітір-садақа бөлімі арқылы да аударуға болады.

Ал биылғы фидия мөлшері оразаның әр күні үшін 2500 теңге деп бекітілді. Құранда Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «бір міскіннің тамағын берсін» деген. Тілшілер неке қию, ораза уақытында вакцина салдыру сынды сауалдарын қойып, керекті мәліметтерін түртіп алды.

 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: