ҚМДБ: Мәуліт кеші һәм мәңгілік салауат

ҚМДБ: Мәуліт кеші һәм мәңгілік салауат

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен күллі жамағат асыға күтетін шарапаты мол мәуліт мейрамына орай Алматыда салтанатты шара ұйымдастырылып, өткізілді. Таң сәріден лек-легімен Балуан Шолақ атындағы сарайға қарай ағылған халықтың жүзінен әлемдерге рахым етіліп қана жіберілген хақ Елшіге (с.а.у) деген сағыныштың табын жазбай танисыз. Қасиетті Құран аяттарының нұрымен бастау алған игі шара, қалың жұртшылықтың Алла елшісіне (с.а.у) салауат айтуымен жалғасын тапты.

Осы айда еліміздің әр түкпірінде пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.а.у) туған күні, яғни мәуліт мерекесі аталып өтілуде. Бұл мереке адамзаттың асыл тәжі болған Хақ Елшісіне (с.а.у) деген ерекше сүйіспеншіліктен туындағаны хақ.

Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у) дүние есігін ашуымен адамзат өмірге жаңа келгендей жанданып, тас жүректер Жаратқан Жаббар Хақтың нұры арқылы ақиқаттың кәусар бұлағымен сусындап, қайта тірілді.

Осындай толғанысқа толы шындықты шара барысында Пайғамбарымыздың (с.а.у) мәуліт мейрамы басталар алдында беташар сөз сөйлеген наиб мүфти, Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз тілге тиек етіп, тәңірлік тәрбиені паш еткен ғаламның рахым Нұрының (с.а.у) мейірімділігін жеткізіп, момын мұсылмандардың жүректерін жібітіп, көздеріне жас үйірілгізді. Ол: «Біз бүгін адамзатты қараңғылықтан шығарып, нұрға бөленуіне дәнекер, әлемнің мәңгілік мақтанышына айналған, ең таңдаулы, мақтаулы, парасатты тұлғасына арналған Мәуліт кешіне жиналып отырмыз. Алла тағала баршамызға сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у) терең руханиятынан нәр алып, жүрегімізге ізгілік сәулесінің төгілуін нәсіп етсін», - деп жамағатқа жүрек жарды лебізін жеткізді.

Пайғамбарымыздың туылған күніне арналған мәуліт мерекесінде үмітті тілек ақталғандай болды. Жүректерімізде Аллаға деген махаббатың оты жанып, ардақты Елшіге (с.а.у) деген сағынышымыз еселей артып, хақиқи үндеулері жүрегіміздің төріне шықты.

Рухани кеште танымал өнер жұлдыздары діни әндерін тарту етіп, белгілі айтыскер ақындар асыл дініміз жайлы дәстүрлі термелер орындап, Пайғамбарымызға салауаттар айтты. Сондай-ақ, тағылымы терең қойылымдары арқылы елдің жүрегіне жол тапқан Бекжан Тұрыс ағамыздың басшылық етуімен үйлестірілген қойылымға қатысқан М.Әуезов атындағы драма театрының әртістеріне және «Өнер қырандары» театрының әртістеріне шексіз алғыс білдіреміз. Сонымен қатар, сөз мәйегін суырған ақын аға-інілерімізге және шарамызға әсем әндерімен әр берген әншілерімізге де алғысымыз шексіз екенін жеткіземіз.

Рухани кештің соңында билеттерден түскен қаржы қайырымдылық жолында бірнеше балалар үйіне табысталды.

Мәңгілік бақытқа жетектеген қос дүние сардарының (с.а.у) туылған айының құрметіне арналған сауапты іс мәуліт мерекесі туралы толық бейне түсірілім мен жазбаны сайтымыздан алдағы күндері көре аласыздар.

 muftyat.kz
редакциясы

Бейнеге түсірген:
Асқар Дамирұлы

http://muftyat.kz/upload/orig/news/323912_1391955145.jpg

http://muftyat.kz/upload/orig/news/941251_1391955145.jpg

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: