Сауд Арабиясы жаһандық климаттың өзгеруіне қарсы күрестің екі ірі жобасын жүзеге асыратынын хабарлады. Атап айтқанда, корольдіктің мұрагер ханзадасы Мұхаммед ибн Салман Аль Сауд корольдікті көгалдандыру бағдарламасын бекітті, оның шеңберінде алдағы онжылдықтарда 10 миллиард ағаш отырғызылатын болады.
Сонымен бірге, бүкіл аймақ бойынша 40 миллиард ағаш отырғызуды көздейтін «Жасыл Таяу Шығыс» бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Ханзада Мұхаммедтің айтуынша, Сауд Арабиясы ең ірі мұнай өндіруші ретінде климаттың өзгеруі салдарымен күресудегі жауапкершіліктің бір бөлігін арқалап отыр және «жасыл әлем құру жолында жаһандық көшбасшы болуға тырысады».
Қазір аймақ үшін ең үлкен экологиялық проблема - шөлдердің алға жылжуы. Құмды дауылдың жыл сайынғы шығыны 13 миллиард долларды құрайды, ал ауаның парниктік газдармен ластануы Сауд Арабиясындағы орташа өмір сүру ұзақтығын 1,5 жылға қысқартады.
asyldin.kz