Сыр елі қай кезеңде болмасын қазақылықтың қаймағы сарқылмаған әрі небір абыз, ахундардың, шайыр, жыршылардың, ишандардың дүниеге келген, діні мен ділі мықты аймақ ретінде таныс аймақ. «Сыр – Алаштың анасы» деп талай тарланды қанаттандырған Қызылорда жайлы Елбасы да атап өткен.
Осынау киелі тәуелсіздігіне тәубе еткен мекенге үстіміздегі жылдың 19 желтоқсаны күні Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Маямеров Ержан қажы Малғажыұлы іс-сапармен келіп, ат басын тіреді. Дінбасын облыс басшысы Қырымбек Көшербаев «Қорқыт ата» әуежайынан күтіп алып, алғашқы табан тіреген жері Алланың жердегі үйі орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті болды. Қонақтар мешіт жұмысымен етене танысып, әруақтарға құран бағышталды.
Осыдан кейін іс-сапар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттер сарайында өткен «Діни ғұрыптар мен қазақтың салт-дәстүрлері атты» республикалық ғылыми-практикалық конференцияға жалғасты. Конференцияны облыс әкімі Қ.Көшербаев сөз сөйлеп ашты. Қазақ халқының қашанда дәстүрді дәріптей білгендігін сөз еткен облыс басшысы бүгінгі шараның маңыздылығына баса тоқталды. Аталмыш бағытта алдағы уақытта атқарылатын шараларға да кеңінен тоқталды. Қазақстан мұсылмандары діни Басқармасының Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Дін және дәстүр» атты кітабы қалын оқырманға жол тартқан турасында Облыс әкімі таныстыра өтті. Конференция бағдарламасы бойынша келесі кезекте сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни Басқармасының Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Дін және дәстүр» тақырыбында өз баяндамасын жасады.
«Қазақ ежелден мұсылман халық. Ислам дінімен таныс болғанына 12 ғасырдан асты. Сол замандарден бері ұлттық сана-сезімі, салт-дәстүрі мәдениеті мен әдебиеті асыл дінімізідін құндылықтарымен бірге дамыды. Бір-бірімен астасып, ажырамас құндылыққа айналды. Ислам діні қазақ хандарының идеологиялық бағыты болды, мемлекеттік діні болды. Біз салт-дәстүр дегенде тек қана мәдени әдет-ғұрпымызды ғана емес сонымен бірге ұлттық мінез - құлық қағидалары адамгершілік қағидаттарына айналған моральдік принциптерін, тағылымды тәбие ұстындарын, даналықты, ізгілікті насихаттайтын сан ғасырлық мұраларымызды айтамыз. Осы мұраларымызды көздің қарашығындай қорғап, кәдеге асырған жағдайда ғана ұлттық болмысымызды сақтап қаларымыз анық. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ұстанған бағыты да ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан діни дәстүрімізді жаңғырту, елдің рухани құндылықтарының қайта түлеуіне мұрындық болу болып табылады.»,- деп дін мен дәстүрдің сабақтастығын кеңінен тарқата айтты.
Одан кейін «Ислам ғалымдарының дәстүр туралы көзқарастары» тақырыбында «Сарыағаш» медресесінің директоры Ә.Сманов өз хабарламасын жасады. Хабарламаның негізгі мазмұны дәстүрді шариғаттың қолдауы, ислам ғұламаларының пікірлерін қамтығаны көпшілік көңілінен шықты. Конференция барысында сонымен қатар Қызылорда облыстық дін істері басқармасының басшысы Б.Камалов, Қызылорда облысы бойынша діни кеңес беру орталығының жетекшісі Т.Әбуовтер де баяндама жасап қазақ салт дәстүрінің діни сананы қалыптастырудағы алатын орнына ерекше тоқталды. Т.Әбуовтың баяндамасындағы діни дәстүрлердің тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі туралы келтірген деректері қолдарлық қошеметке ие болды. Конференция соңында бірауыздан қатысушылардың үндеуі қабылданды. Үндеуде дінді бетперде ретінде жамылып, мыңдаған жылдық тарихы бар салт-дәстүрлерімізді, діни наным-сенімдеріміз бен ғұрыптарымызды жоққа шығарғысы келетін радикалдық және экстремистік идеялардың дінге еш қатысы жоқ екеніне сенімділігіміз баса айтылды. Барлық күш жігеріміз Отанды сүюге, халқымыздың ұлттық дәстүрлерін құрметтеуге жұмылдырамыз – деп үндеу қабылданды.
Іс-сапар барысында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада облыс имамдарына арналған арнайы жиын өткізілді. Жиында Бас мүфти Е.Маямеров еліміздегі діни ахуалға тоқтала келе қоғамдағы діни ахуалдың реттелуі мен тұрақтылығы аясында қызмет ету барысында имамдардың сауаттылығы мен интелектісі жоғары болу керектігіне баса тоқталды. Сол себепті, имамдардың діни сауаты мен білімін арттыру қазіргі таңдағы кезек күттірмес шаралардың бірі екендігін атап өтті. Сондай-ақ осы орайда облысымызда өткен 1 айлық діни сауаттылықты арттыру мақсатында өткізілген семинарға қатысқан имамдарға сертификаттар табыс етілді.
Өз кезегінде облыс басшысы тарапынан тарапынан арнайы қонақ асы беріліп, қонақтармен салиқалы пікір алмасу өрбіді. Келесі күні Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Маямеров Ержан қажы Малғажыұлы «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында «Дін мен Діл» хабарына қатысып, Сыр елі халқына арнап сұхбат берді.
Сонымен қатар Бас мүфти Е.Маямеров облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітіндегі жұма намазына қатысып, жиналған жамағатқа «Пайғамбарымыздың с.ғ.с.соңғы құтпасы» тақырыбында мәнді де әсерлі уағызын жүргізді. Мәйекті сөздер мен салиқалы дәлелдер айтылған уағыздың әсерлілігі сонша жұма намазына жиналған жамағат көз жасына ерік берді.
Қашанда татулық пен бірлікті сақтауда елге имандылық пен адамгершіліктің нәрін себетін адал басшымен қатар сол ортаның рухани жетекшілері имамдар деуге болады.
Олай болса өңірлік имамдарға рухани дем берумен қатар, Сыр елінің халқы үшін ерекше серпін берген аталмыш іс-сапар мейірімділік пен ізгілікке шақырумен қатар, салт-дәстүрлерімізді дәріптеп, жастарға үндеу тастауда көпшілік ризашылық білдірген шаралардың қатарынан табылды. Еліміз тыныш, Ислам дінінің тұғыры биік болсын!
muftyat.kz