Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМІЗДІҢ ТҰҒЫРЫ БИІК БОЛСЫН!
Ардақты ағайын!
Қадірменді қауым!
Қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын байтақ жерімізге тәуелсіздік азаттыққа ұмтылған текті бабаларымыздың күш-жігерімен һәм имандылығымен келді. Біздің халықтың әулеті асып, дәулеті тасыған дәурені бар, басынан бағы тайып, тар заманға тап болып, тар жол тайғақ кешкен кезеңі де көп. Өмір өткелдеріне төзім танытып, сынаққа сабыр еткен халқымыз іргелі ел, жоралы жұрт қалпын сақтап қалды. Аллаға шүкір дейміз, тәуелсіз ел атандық. Ел өз еркіндігін сезінді. Енді үшінші мыңжылдықтың басында дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанның өзгелермен терезесі тең.
Қазақтың дархан көңілі мен кең пейілі халқымызды жақсылыққа жетелеп келеді. Тәуелсіздігіміздің арқасында ой-сана өзгерді. Салт-дәстүріміз жаңғырды. Рухани құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Тарихымызды түгендеп, дініміз бен тіліміз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз өркендей бастады. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, елімізде еңселі де сәулеті мен сәні жарасқан зәулім мешіттер бой көтерді. Мұсылман халқымыз Исламның асыл қандылықтары мен қағидаттарын қастерлей бастады. Ислам насихатының көкжиегі кеңейді. Халқымыз қажылығын өтеп, құлшылығын емін-еркін жасауда. Мешіт жамағаты жастармен толықты. Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіретін ізгілік пен имандылыққа ұйысқан ұлағатты ұрпақ қалыптасты.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жеті қазынамыздың бірі – ел бірлігі екенін айтты. Біз туған елімізді бейбітшілік бесігіне айналдыра білдік. Тыныштық арқылы тұрақтылық, татулық арқылы тұтастық төрімізге озды. Қазақстан әлемдік дінаралық диалогтың рухани ордасына айналды. Тегі басқа болғанмен тілегі бір, діні басқа болғанмен мақсаты бір әлемдік дін көшбасшылары Сарыарқа төсіндегі Елордамыз жаңа Астанада әлем халқын діни татулық пен тұрақтылыққа үндеп келеді. Құдайға шүкір, біз осынау баға жетпес байлыққа Алла тағаланың қалауымен тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткіздік.
Құрметті отандастар!
Қадірменді бауырлар!
Алла тағала тәуелсіздігімізді, бірлігіміз бен ынтымағымызды мәңгілік еткей! Жаратушы Иеміз жеткен жетістіктерімізге береке беріп, алар асуымыз бен бағындырар белесіміз көп болғай! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!