ЖАРАТҚАНҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН ЖОЛ

ЖАРАТҚАНҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН ЖОЛ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Біз, имамдар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған игі жоба бойынша күнделікті уағыз-насихат жұмыстарымызда ихсан ілімі туралы айтып жатырмыз. Расында, ихсан ілімі – пенденің рухани жан-дүниесін байытып, адамгершілік тұлғасын арттырып, Жаратушы Иемізге жетелейтін жол.

Адам баласы өзін жаратқан Раббысына қалай жақындайды? Бұл ретте ихсан ілімінің рөлі қандай? Осы сауалдар төңірегінде ойымызды ортаға салуды жөн көріп отырмыз.

Ғұламалардың айтуынша, Аллаға жақындаудың екі түрі болады. Біріншісі – денемен жақындау. Мысалы, намаз оқу, Құран оқу, қажылық жасау, ораза ұстау, Алланы еске алу, жалпы денемен жасалатын құлшылықтар. Екіншісі – ниетпен жасалатын амалдар. Мысалы, Алланы жүрекпен еске алу, жүрек дертімен (қызғаныш, көреалмаушылық, жеккөру, т.б.) күресу, нәпсіні тізгіндеу, кешіру, Алла үшін жақсы көру, Алла үшін жеккөру, Раббымыздың разылығы үшін біреудің қарызын кешіру, т.б.

Аллаға жақындау деген сөзді тікелей мағынасында түсінбеген абзал. Аллаға жақындау – Жаратқан Иемізді танытуға жетелейтін білімге ұмтылу, Оның құдіретін жүрекпен сезіну, ақыретте Құдаймен қауышу, яғни Оны көзбен көру деген сөз.

Пайғамбарлар және оның жолын жалғастырушылар қашан да қауымды, халықты Аллаға жақын болуға үндеген. Өйткені, адам баласының жаратылудағы негізгі мақсаты – Аллаға құлшылық ету. Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранда: «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым» («Зәрият» сүресі, 56-аят) деген. 

Адам Аллаға жақындаған сайын адамгершілік құндылықтарды бірінші орынға қояды. Осылайша тақуалық жолын ұстанған пенде үшін Раббымыздың разылығы ең басты орынға шығады.

Ғалымдар Аллаға жақындататын ең бірінші амал ретінде тәубені атаған. Алайда бұл ретте тәубенің шарттары міндетті түрде орындалуы керек. Адам қандай да қателік жасап қойса немесе күнәлі іске жол беріп қойса, тәубе ету үшін үш шарт орындалуы тиіс. Олар – жасаған күнәсін тоқтатуы, жасаған ісі үшін қатты өкіну, сол ісін енді қайталамауға уәде беру. 

Шынайы тәубе еткен адамда Алладан қорқу сезімі пайда болады екен. Бұл сезім үмітке ауысады. Бұдан кейін пенде жақсы адамдардың деңгейіне көтеріледі. Одан кейін Алланың ризалығын қалайтындардың қатарына қосылады. Осылайша, пенденің иманы мен тақуалығы арта береді. Ең соңында Аллаға жақын құлдардың деңгейіне көтеріледі.

Ғалымдардың ойынша, Аллаға жақындататын амалдар мыналар: өзін-өзі есепке алу, шындықты айту, сабырлы болу, Алладан қорқу, Алладан үміт ету, дүниеге қызықпау, разылық таныту, шүкірлік ету, тәуекел жасау, т.б. Осы амалдардың ішінен дүниеге қызықпауды айрықша атап өткен абзал. Өткені, дүниеге қызыққан адам құлшылық амалдарға немқұрайлы қарайды. Ал құлшылыққа немқұрайлы қараған адам күндердің күнінде оны тастап қоюы әбден мүмкін.

Дүниеге қызықпау дегеніміз – адамның еш қиындықсыз одан бас тартуы. Бұл – дүниені жүректе емес, қолда ұстау деген сөз. Бірде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына бір кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі! Алла да, адамдар да мені жақсы көретіндей бір амал айтсаңыз, соны жасайтын» деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дүниеге қызықпа, сонда сені Алла Тағала жақсы көреді. Адамдардың қолындағы нәрсеге қызықпа, сонда сені адамдар да жақсы көреді» деген екен. Дүниеге қызықпау Алланың разылығына жетелейтін жол болса, ал адамдардың қолындағы дүниеге қызықпау пенденің разылығына апаратын амал екен.  

  Қуат ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ,

«Жәми» мешітінің бас имамы

Жамбыл облысы Шу қаласы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: