ЫНТЫМАҚ – ЫРЫС КЕПІЛІ

ЫНТЫМАҚ – ЫРЫС КЕПІЛІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адам баласы дұрыс өмір сүру үшін және өзінің алдына қойған мақсаттарына жету үшін үнемі ізденіс үстінде жүреді. Пенденің армандары мен үміттері жүзеге асу үшін керекті болған дүние ол – татулық пен ынтымақтастық. Егер ынтымақ өз отбасында сақталатын болса, онда ол адам жеңіл өмір сүреді. Егер ынтымақ өзінің қоғамында, ел-жұртында сақталатын болса, онда ол адам бақытты ғұмыр кешері сөзсіз. Сондықтан бүгінгі мақалада ынтымақты ғұмыр кешудің маңыздылығы төңірегінде бірер тұшымды ойларымызды ортаға салуды жөн көрдік.

Ислам діні адамдарды мейірімділікке, жақсылыққа және тату-тәтті ынтымақтастықпен өмір сүруге үгіттейді. Егер адамдар арасында жоғарыда айтылған құндылықтардың бірі жоғалатын болса, онда мейірімділік, адамгершілік және қандай да жасалған ізгі амалдардың барлығы жойылатыны сөзсіз. Алға қойылған мақсаттар да жүзелерге асырылмайды.

Жер қаншалықты кең болғанымен адамдар өмірлеріне түрлі пәлекеттер арқылы тар болып көрінуі де мүмкін. Демек, ынтамақ та, татулық та үлкен нығметтердің бірі ретінде саналады. Әр адам қоғамда өзінің отбасымен, көршісімен, таныстары мен туыстарымен әр кез дұрыс мәміледе болуы керек. Тіпті өзге дін өкілдерімен де тыныш, ынтымақпен өмір сүруі имандылықтың көріністерінен бастау алады.

Құран Кәрімге тереңірек үңіліп, зер салып қарайтын болсақ, ынтымақтастық жайында былай делінеді: "Біз адам баласына нығмет берген кезде, жалтайып, бір жағына қыңырайып алды. Қашан оған бір сәтсіздік жетсе, мүлде күдер үзеді». («Исра» сүресі, 83-аят)

Аяттың түсіндірмесінде "Қашан Біздер Адам баласына тыныштық, аманшылықты нығмет етіп берсек, сонда да ол шүкір етуден бет бұруда. Яғни аз шүкір етуде. Қашан оған науқастық, кедейлік сияқты бірер нәрсемен сынасақ, онда ол үмітін үзуде" - дейді.

Түрлі ақпарат арналарының айтуынша, соңғы 5 мың жылда ынтымағы жойылған, алауыздық орнаған кейбір мемлекеттерде 3 миллиардтан астам зардап шегіп, көз жұмған екен.

Алла Тағала пенделердің өз ара бір-бірлерімен дұрыс мәміледе, тығыз байланыста болуларын және өзгелер арасындағы араздықты тойтаруға да бұйырады.

"Егер мүміндерден екі тайпа өзара ұрысып қалған болса, дереу олардың арасын жарастырыңыздар!" , -дейді. («Хұжрат» сүресі, 9-аят).

Ислам діні тыныштық пен ауызбіршілікті сақтауға, ынтымақ пен бірлікті ұстануға және түрлі шайтани жолдардан аулақ болуды шақырады. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 208 аятында: "Әй, мүміндер! Исламға бүтіндей кіріңдер. Шайтанның ізіне ермеңдер. Өйткені, ол сендерге ашық дұшпан.", - дейді.

Әбу Һурайра (р.ғ.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адамдарды ең әуелі дүние және ақыретте тыныштық пен бейбітшілікті сұрап, дұға жасаулары жайында мына бір хадисін келтіреді:

"Уа Раббым! Біздерге бұл дүние және ақырет тыныштығын бергейсің" деп жасалған дұғадан абзалырақ дұға жоқ",-деді. (Бәйһақи)

Дәл осындай мағынадағы хадисті Әнәс (р.ғ.) да риуаят етіп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде маған: "Әй,Әнәс! Алла Тағаладан бұл дүниеде және ақыретте де амандық пен тыныштықта болуыңды сұрағайсың. Өйткені, саған бұл екі нығмет берілсе, онда игілікке қол жеткізгенің" деген еді", - дейді. (Тирмизи)

Дінімізде өзге дін өкілдерімен де өте жақсы қарым-қатынас жасауымыз жайында көптеген аят үкімдері баяндалады. Солардың бірі ретінде төмендегі аят каримаға зер салып көрелік.

«Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар». Құранның бұл бұйрығын қалай жүзеге асыру керектігін Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) те өз өмірімен өрнектеп берген еді. Мысалы, христиан римдіктерді, эфиопиялықтарды отқа табынушы парсыларға қарағанда, жақын тұтты.

Қорыта айтқанда, ислам діні адамзат баласы үшін тыныштық пен аманшылық діні. Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі де "Әс-Сәләм". Құран нәзіл болған кеш те "Сәләм" кеші еді. Бұл жайында Құранда: «Ол бейбітшілік кеші. Таң рауанданға дейін жалғасады» - дейді.(«Қадыр» 5).

Дана халқымыздың "Ырыс алды-ынтымақ" деген нақыл сөз де исламның қайнар бұлағы саналған Құран мен сүннеттен бастау алғандығы осының айғағы болғандын көрсетеді.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш,ел ішінде ынтымақтың туы желбіресін!

Ү.САБЫРХАНОВ

"Әл-Хақ" мешітінің бас имамы

Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Луговой ауылы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: