Соңғы жылдары адам баласының санасын тұрмыс билеген уақыт деген сөзді жиі естиміз. Шынында күнделікті болып жатқан өмірде кездесетін қиыншылықтар, отбасылық жағдайлар, кез келген адамның ішкі жан дүниесіне әсер етпей қоймайды. Адам баласының осындай қиыншылықтарға қарысы төтеп беретіні адамның Алла Тағалаға деген иманы, жасаған тәуекелі мен тәубесі болатыны ақиқат.
Ихсан білімі адамның рухани кемелденіп, жетілуіне апаратын жол. Жаратушымыз Алла Тағаланың бұйырған амалдарын риясыз орындап, құлшылық ету ең басты шарттардың бірі болып табылады. Алла Тағаланың есімдері мен сипаттарын көз алдымызға елестете отырып, терең ойға батып, екі дүниенің сардары, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистеріне жүректен орын беріп, құлшылық жасау.
Осы ретте ақын Абай Құнанбайұлының ұлағатты сөздерін арнайы сөз ететін "Иманигүл" (үш сүю), "жәуанмәрттілік", "толық адам" сияқты аса күрделі гуманистік ойлар желісі Абай атамыздың Алла Тағалаға деген сеніміне, сипаттарына жеткізетін құндылықтардың бірі болып табылады. "Алланың өзі де рас, сөзі де рас" өлеңіндегі үш сүю ақын танымының иман мәселесіндегі өзекті ерекшелігі болып табылады.
Махаббатпен жатқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады иманигүл,
Иманның асылы үш деп сен тақиқ біл.
Ойландағы үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл, - деп айтуы тегін емес еді.
Ихсан сөзінің тікелей аудармасы "көркейту", "жетілу" деген мағынаны білдіреді. Әрбір адам баласының Алла Тағалаға деген ішкі рухани сенімін қалыптастырып, иманын жүрегіне нық орнатып, адами құндылығын арттырады. Сол үшін иман дініміздің негізгі шарттарының бір болып табылады.
Дінімізде иманның жеті шарты бар. Олар: Алла Тағалаға сену, періштелерге сену, кітаптарына сену, пайғамбарларына сену, ақырет күніне сену, тағдырға сену, жақсылық пен жамандық Алла Тағаладан екеніне сеніп мойындау. Осы сенімдерді тілмен айтып, жүрекпен мойындау адам баласының ихсани ерекшелігі яғни имандылығын көрсететін ізгі амалдардың бірі болып табылады.
Бірақ дінімізде иманның дұрыс әрі қабыл болуының негізі үш шарты барын ұмытпауымыз керек. Олар:
1. Иман үмітсіздік кезінде болмау. Бұл адам иманды тек дүниеден өтер кезде қатты қиналып, азап көріп жаны шығар кезде айтқан кезде иманның еш пайдасы болмайды.
2. Мұсылман адам діни ілімді жоққа шығаратын сөздер мен іс-әрекеттерді жасамау керек. Діннің барлық үкімдеріне сеніп, бірақ өмірде ешқайсысын мойындамай, орындамай кететін болса,иманның еш пайдасы болмайды.
3. Діни үкімдердің барлығының жақсы екенін мойындау керек. Яғни адам ғұлама ғалымдардың шығарған діни үкімдерінің кез келгенін ұнатпай, немғұрайлықпен қараса, адам иманы жоғалып, иман келтіруден еш пайдасы болмайды.
Сондықтан адам баласы әркезде өзінің Алла Тағалаға деген сенімін, иманын жоғалтпай, мына жалған өмірде барынша құлшылық ғибадатта өмір сүргені абзал.
Смайыл Аян Байтұрғанұлы
Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылы,
"Қойайдар" мешітінің имамы