Ислам діні - Ихсан діні. Ихсан сөзі - жақсылық жасау деген мағынаны білдіреді. Біздер ихсан деген кезде адамдарға дастархан жайып, құдайы жасауды түсініп қалғанбыз. Негізінде, ихсан - барлық амалдарымызды көркем түрде жасауды айтады. Алла Тағала Құран Кәрімнің көптеген аяттарында мүмін-мұсылмандарына ихсан қылу жайында бұйырған.
Алла Тағала: "...Сіз ихсан қылыңыз, Алла Тағала ихсан қылушыларды жақсы көреді."
Және бір аятта: "Жақсылық қылушыларға бұл дүниенің өзінде де жақсылық бар", - делінеді.
Алла Тағаланың мархаматын қараңыз. Бұл өмірде бір ғана жақсылық жасайтын болсақ, ақырет күнінде оннан жеті жүз есеге дейін жасалған амалдар сауабымен біздерді күтіп алады.
Ихсанның түрлері көп:
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне еру де - ихсан.
Бір адамды кешіру де - ихсан.
Басымызға түскен мусибаттарға сабырлық таныту да - ихсан.
Тіпті, қоғамда әр адаммен дұрыс мәміледе болуымыз да - ихсан.
Тыныс алып адами тұрғыда өмір сүріп жатқаннан кейін, әр бір ойымыз, әр бір пікіріміз, әр бір амалымыз - тек жақсылық жасау ниетінде ғана болуы керек.
Хадис шәріптерде: "Жақсылық жасау қолдарыңыздан келмесе, тым болмағанда еш жамандық жасамаңыздар!" - деген сондай мағыналы сөздер келтіріледі. Мысалы, Рамазан айы - Ихсан айы болып саналады. Өйткені, бұл айда мұсылмандар жақсылық жасау жолында көптеген әрекеттер жасайды.
Қорыта айтқанда, исхан - Аллаға жан-тәнімен беріліп құлшылық жасау, шынайылық. Адам жүрегінде ихсан болғанда ғана амалы дұрыс болмақ.
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің бас имамы
Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы
Луговой ауылы