Уруа (р.а.) айтады: «Қажылық маусымында ансарлардан бір топ мұсылман қажылыққа келді. Олар Мазин ибн Нәжжарұлдарынан Муаз ибн Афра, Әсад ибн Зүрара, Зурайкұлдарынан Рафи ибн Мәлік, Зәкуан ибн Абдулқайс, Абдулашхалұлдарынан Әбул-Хайсам ибн Тәйихан, Амр ибн Ауфұлдарынан Уәйм ибн Саида (р.а.) болатын.
Алла расулы (с.а.с.) оларға өзінің Алла жіберген пайғамбар екенін айтып, Құраннан аяттар оқиды. Олар Пайғамбарымыздың сөздерін сілтідей тынып, ұйып тыңдады. Ақырзаман пайғамбарының сипаттары туралы христиандар мен яһудилерден естігендерін естеріне түсіріп, оны танып, иман келтірді. Осылайша өздерінен кейін келетіндердің де ізгілікке қауышуына себепші болды.
Кездескен кезде олар Пайғамбарымызға: «Әус тайпасы мен Хазрәж тайпасы арасындағы қан дауын білесің. Алла тағала сенің бастаған ісіңді жеңіске жеткізгенін тілейміз. Алла үшін осы жолда барымызды салып өзіңе аянбай қызмет жасаймыз. Сен қазірше осы жерде бола тұр. Біз өз қауымымызға сенің айтқандарыңды жеткіземіз. Оларды да Ислам жолына шақырайық. Алла тағала арамызды жақындатып, бізді бір шаңырақтың астында жинайды деп үміттенеміз. Қазірше мүмкіндігіміз жоқ, сізді ертіп кете алмаймыз. Өйткені, біздің бұл шешімімізге олардың қалай қарайтынын білмейміз. Келесі жылғы қажылық маусымында кездесуге саған уәде береміз», – дейді.
Ансарлардың айтқандары көңілге қонымды, ақылға сиымды болғандықтан, Алла расулы олардың осы уәжіне тоқтайды. Меккеден қайтқан мұсылмандар өз қауымына Исламды жасырын уағыздай бастады. Халыққа Расулаллаһ туралы айтып, Алланың оны пайғамбар етіп жібергенін, Құран арқылы Аллаға иман келтіруге шақырғанын түсіндірді. Осының нәтижесінде ансарларда әр жанұяда (үш-төрт) мұсылманы жоқ бірде-бір шаңырақ қалмаған еді».
Яхия ибн Саид айтады: «Бір ансар әйелінің: «Мен Ибн Аббасты көрдім, Сырма ибн Кайстың қасына барып, мына өлеңді үйренетін» дегенін естідім: Алла расулы он жылдан астам уақыт Құрайыштың ішінде болып, сенімді серік іздеп, оларға уағыз айтты. Қажылық маусымында тайпаларға өтініш білдірді. Алайда, өзіне қол ұшын созатын жан баласын таппады. Біздің қауым оны бауырына басты. Оның көңілі марқайып, бізге ризалық білдірді. Енді алыстағы залымдардың қиянатынан қорықпайтын, азғындаған адамдардан қауіптенбейтін болдық. Мал-мүлкімізді Ислам жолында жұмсадық. Қан майданда шыбын жанымызды дін үшін пида еттік. Хаққа дұшпан болғаны үшін, достарымызбен ара қатынасымызды үздік. Біз Алладан басқа мәңгілік еш нәрсе жоқтығын білдік. Алланың кітабы – жалғыз жол көрсетушіміз».
asyldin.kz