Зейінді арттырудың 7 жолы

Зейінді арттырудың 7 жолы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адам баласы бір-бірінен артық болып тумайды. Әрбір пенденің көзі, құлағы, ойлау қабілеті, тілі, жүрегі бар. Дегенмен бір адамның білімі екіншісінен басым болған жағдайда, Алла алдында тақуарақ болғаны жолдасына қарағанда ерекше әрі артық бола алады. Бұл жайлы Алла тағала қасиетті Құранда: «Білгендер мен білмегендер тең бе?» [Зүмәр сүресі, 9-аят], - деп білдірген. Сондықтан білім алу, ілімге ұмтылу – өмір бойы таусылмайтын, оқыған сайын дәрежеңді көтеретін, түсінігің мен санаңды қалыптастыратын дүние.

Алла өзінің шариғатын адамзатқа алғашқы түсірген кезден-ақ, білім ізденудің маңыздылығын айтқан. Бұған Мұхаммедке (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) алғашқы түскен мына аят дәлел бола алады: «(Ей, Мұхамед) Жаратқан Раббыңның атымен оқы! (1) Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. (2) Оқы! Раббың аса ардақты. (3) (Раббың) Сондай (ілімді) қаламмен үйреткен. (4) Ол, адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен» [Аләқ сүресі, 1-5 аяттар].

Діни ілім – білімдердің ішіндегі ең пайдалысы, ең сауаптысы әрі Алланың разылығына жеткізушісі. «Кім білім іздеу жолына түссе, Алла Тағала оған сол арқылы Жәннатқа бару жолын жеңілдетеді» (Муслим) дейді ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын). Ал білім алушы үшін зейіннің мықты болуы маңызды мәселе.

Зейін - адамның психикалық әрекетінің белгілі бір нәрсеге бағытталып шоғырлануы. Адам өмірінде зейіннің алатын орны зор. Әсіресе, таным процесінде, білім алу ісінде маңызы ерекше. Шәкірттің сабақты түсіне қоймауы, есінде дұрыс сақтай алмауы, тапсырманы орындауда қате жіберуі оған дұрыстап зейін қоймаудан болады. Зейін қою, көбінесе, адамның айналысып жатқан іс-әрекетінің сипаты мен маңыздылығына байланысты.

Адамның зейінін ғалымдар ырықты зейін, ырықсыз зейін және үйреншікті зейін деп үшке бөледі. Адам өмірінде ырықсыз зейін де елеулі орын алады. Ал ырықты зейін әрекеті саналы түрде белгілі ерік күшін жұмсау арқылы орындалады. Үйреншікті зейін адамның әдетіне айналып кеткен зейін. Ол арнайы күш жұмсауды қажет етпейді. Жеке адам зейінінің негізгі ерекшеліктеріне тұрақтылық, оның бір нысаннан екінші нысанға оңай ауысуы, бөлінуі, нысандарды қамту көлемі, алаң болмаушылық, т.б. жатады.

Жаратушы Алла адамзатты жаратылыстардың үстемі етті, басқа тіршілік иелеріне қарағанда ерекше оған ақыл-ой берді. Адамзатқа берген ақыл-ойын, зейін-зердесін пайдаланып, оны дамытып, өз дәрежесінде қолдану қажеттігі қасиетті Құран Кәрімде де айтылған. Алла сол ақыл-ойын пайдаланып, Құранды оқып, оның мән-мағынасына ой жүгіртуді бұйырды.

Зейін есте сақтау қабілетімен де байланысты. Ал зейінді арттыру үшін мына кеңесті пайдаланып көріңіз.

1.   Дұға ету.

Кез келген жақсылық пен жамандық Алладан. Сондықтан не сұрасақ та Алладан тілеп, тәубе етіп, истиғфар айту маңызды. Алла-Тағала «Бақара» сүресінің 153-аятында: «Ей иман келтіргендер, сабыр және намазбен көмек сұраңдар. Күмәнсіз Алла сабырлық қылушылармен бірге», – деп баяндаған. Жаратқаннан пайдалы ілім сұрап, зейінді арттыруды тілесеңіз, әл-Әлим барлығын білуші Раббымыз дұғаңызды бос қалдырмайды. Сондай-ақ, Алланың Әлим сипатын айтып дұға жасаудың да пайдасы мол.

2.  Харамнан сақтану.

Хадистерде де Ардақты пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен: Әбу Хұрайра (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір күні былай деді: «Әй, адамдар! Алла тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды. Алла пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған. Мәселен, «Әй, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51) десе, мүміндерге: «Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172) деп әмір еткен».

Ішіп-жеген адал я харам тағам міндетті түрде рухқа да, зейінге де кері әсер етеді. Ал Алланың кәләмін үйренемін деген адам харам жеуден, харам істеуден және харамға қараудан, құмар ойнаудан тиылмаса зейіні құриды. Бұған фиқһ мектебінің негізін қалаған ұлы имам Мұхаммед ибн Ыдырыс әш-Шафиғидің өмірі мысал бола алады. Бірде имам Шафиғидің көзі бөтен әйелдің жалаңаш тобығына түсіп кетеді. Осыдан кейін есте сақтау қабілеті біршама нашарлап кетеді. Бұрын бір беттік мәтінді бір қарағаннан-ақ оқығанын көңіліне тоқып, жаттап алатын болса, әлгі жағдайдан кейін мәтінді жаттау үшін бір оқығанын бірнеше қайталауға мәжбүр болады. Бұл жағдайын өзінің ұстазына айтып, мұңын шағады. Ұстазы оған күнәлі істерден аулақ болуға кеңес береді.

3.  Ықылас қою. Махаббат қою.

Кез келген амал қаншама үлкен, таң қаларлық дәрежеде болса да оның негізінде ықылас болмаса, ешқандай пайдасы жоқ. Ал егер көзге ілігерлік, айтуға тұрарлық болмаса да, негізінде үлкен ықылас жатқан болса, бұл Алла Тағала алдындағы ең жақсы амал. Ислам дініндегі негізгі мәселелердің бірі, Алла Тағалаға деген үлкен ықыластың болуы. Ықылассыздыққа итермелейтін істерден сақ болу қажет. Ықылас дегеніміз не? деген сұраққа ғұламалар былайша жауап береді. «Ықылас – ғибадат жасап отырған кезде, мақсаттың тек қана Аллаға болуы»,- десе, тағы басқа ғұламалар былай түсіндіреді: «Ықылас – тірі жан (жаратылғандар) туралы ойлаудан өзін тию».

Зейін арта түсуі үшін оқып жатқан нәрсеге ықылас қойып, махаббатпен қарау керек. Әбу Юсуф бір сөзінде: «Сен өзіңді оған арнамайынша, білім өзінің бір бөлігін де бермейді» деген. Абдулла ибн Мубарак: «Білім мынадай артықшылықтарды қамтиды деген: ниет, тыңдай білу, түсіну, жаттау, амал жасау, тарату». Осы кезеңдердің де бұзылмауын қадағалаңыз. Оқу барысында басқа ойларды мидан шығарып тастап, тек білімге, ондағы материалдың мазмұнына назар аударыңыз.

4.  Әдетке айналдыру.

Күнделікті кітап, газет оқуды, логикалық сұрақтарды шешуді әдетке айналдырсаңыз оның миға қонуы да жылдам болмақ. Сонымен қатар әдетке айналған дүние қайталанғанша қығызушылықты ұстап тұрады.

5.  Уақытылы тынығу.

Миды тынықтырып, уақытылы ұйықтап, ерте тұру зейіннің дамуына септігін тигізеді. Өзіңе тым көп салмақ салып, ұйқыны қандырмау ашуға, тез шаршауға әкеледі. Ондай адам білім алмақ түгіл жасаған іс-әрекетіне ұқыпсыз болуы мүмкін. Сондықтан миды тынықтырмау, артық дүниеге толтыра беру де жөнсіз.

6.  Пайдалы өнімдерді жеу.

Тамақтануға келер болсақ, зейінді арттыратын бірнеше өнімдер бар.  Бұларға балық, теңіз өнімдері, сүт тағамдары, бұршақ тұқымдастар жатады. Сонымен бірге, сабаққа деген ынтаны шай, шоколад, жемістер мен жидектер (әсіресе, қаражидек) және жаңғақ түрлері арттырады. Теңіз тағамдарының құрамында йод, кальций, калий, фосфор сияқты макроэлементтер шоғырланған. Балықтың пайдасы жайлы айтып жатудың өзі артық сияқты. Бастысы, құрамында А, Д, Е дәрумендері, йод, темір, магний, фосфор, мыс элементтері бар екендігін тілге тиек ету де жетерлік. Ол көздің көруін жақсартып, адам өмірін ұзартады. Үрмебұршақтың құрамында крахмал, көмірсулар мен нәруыздар мол. Сонымен қатар С, B1, В2, В6, РР дәрумендері, макро және микроэлементтер (әсіресе, мыс, мырыш, калий), түрлі қышқылдар, каротин бар. Сүтте тірі организмдердің өсуі мен дамуы үшін өте қажетті заттардың екі жүзге жуық түрі бар: белоктар, май, минерал тұзы, түрлі дәрумендер, сүт қанты, түрлі ферменттер т.б.

7.  Құран жатау.

Жоғарыда көрсетілген ұстанымның барлығы Құран жаттау үшін пайдасы мол. Дегенмен осы Құранды оқу мен жаттаудың өзі сананың жұмыс жасауына, зейіннің артуына үлкен септігін тигізеді. Шын мәнінде ең жақсы зейінді арттырудың жолы ол – Алла Тағаланы еске алу мен Қасиетті Құранды оқу боп табылады.

Құрансыз өмірдің бос өмір екендігін әрбір мұсылман жақсы түсінуі керек. Құран оқылмаған үйде, жерде, елде береке, тыныштық болмайтынын ескерейік. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұл туралы хадис шарифте былай дейді: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй-іші әрдайым қиыншылықта болады».

Адам өзінің ісіне аса мән беріп, тақуалық етсе, зейін арта түседі. Дүниедегі есте сақтау қабілетін жақсарту, зейінді арттыру мәселесінің шешімі Алла тыйғаннан тыйылып, бұйырғанға амал етуде екенін оқырман да байқаған шығар. Зейінді арттыру үшін қандай кеңес айтсақ та, иманға келіп тірелетіні сөзсіз. Тіпті миы мықты жұмыс істеген ғалымдардың, өнертапқыштардың өзі Жаратушыға тәуекел етіп, ісіне ықыласты болып, пайдасыз дүниеден өздерін аулақ ұстаған.

 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

asyldin.kz сайтының редакторы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: