Діни тұрғыдағы білім мен ғылым

Діни тұрғыдағы білім мен ғылым

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

          Ислам діні адам баласын қараңғылықтан жарыққа шығаратын жол. Діннің негізгі мақсаты да осы. Алла тағала құранда ең алғашқы жаратылыс Адам (ғ.с) жайлы айтқанда оны ең көркем бейнеде[1], өзге жаратылыстың ақылы жетпейтін терең білімді етіп, күллі нәрсенің атауын үйретіп жаратқанын айтады[2]. Сол білімі себебінен, періштелердің өзі оған бас иіп, сәжде жасағанын білдірген. Тәпсір кітаптарында «адамға барлық нәрселердің атауын үйретті» деген аятты екі түрлі түсіндірген.

а) Барлық жаратылыстың есімдері үйретілді. Яғни, кез-келген ғылымның жіп ұшы білдірілді. Атауын атап қана қоймай, оның нәтижесі не болатынын, қандай пайда не зиян әкелетініне дейін белгілі етті.

ә) Ат қою қабілеті берілген еді, деген пікір де айтылған. Яғни, болмысына және түр-түсіне қарау арқылы ат қою қабілеті тек адамда бар болды деген. Бұған байланысты адамның қабырғасынан әйел жаратылған соң «Ей адам, бұның аты кім болады?» деп періштелер сұрағанда, оның есімі «хаууа» өйткені ол тіріден жаратылды деп жауап қатқанын алға тартқан». Қазақтың Ақсай, Қарасай, Алмалы, Жиделі деп атау беруі секілді.

         Бұл екі түсіндірменің қайсысын алсаңыз да нәтижеде, өзге жаратылыстардан артық саналып, дәрежесінің үстем болуының ең үлкен себебі -білімінің болуы еді. Осы білімі арқылы адам баласы Алла алдында қадірлі әрі өзге жаратылыстардан жоғары тұрады. Құранның алғашқы аяты «оқы»[3] деп түссе, соңғы аяты «Аллаға қайтарылатын күннен қорқыңдар» деп тамамдалыпты. Демек, жалықпастан, ерінбестен үйрену міндеттелген. Әрі сол білім арқылы үнемі дамып отырумен қоса Алланың азабынан сақтану керектігі меңзелген.

         Жалпы ислам діні ғылым үйренуде екі түрлі жолды қамтиды. Біріншісі- «фарз айн», адамға міндет болған шариғи парыздарын, құлшылық-ғибадаттарын, адал мен арамды үйренуді бұйырады. Бұл жолда ақыл жұмсап ой жүгіртудің еш керегі жоқ. Өйткені, бұл ғибадаттарды орындау ғана міндеттелген. Алла тағаланың елшісі арқылы жеткізген парыз және сүннет амалдарына иттибәғ/еру керек, оны талқылауға жол жоқ.

Ал, екіншісі- «фарз кифая» ғылымды дамыту, ақыл-ой жүгірту, ғибрат алу түрі. Құранда бірнеше жерде «неге ойланбайсыңдар?», «Неге ақылға салмайсыңдар?» дей отырып жаратылыстан көптеген мысалдар келтіреді. Күндіз бен түннің ауысуы, жер мен көктің жаратылысы, ай мен күннің өз жүйесінде қозғалуын мысал келтіре отырып ойлануға шақыруы, ол  астрономия, философия, физика-математика ғылымдарын дамытуға үндеуі. Ол үшін күніге оқып, зерттеп, жаңалық ашуға талпынып дамып отыру қажет.  Міне, ғылымның осы түрін дамыту жағы қалып барады.

Неге біз бір жақты қалып кетуіміз керек? Неге тек намаз-оразамен шектеліп қаламыз? Рас, мойнымыздағы бес парызды үйреніп, оны өз уақтында орындау жанымызды жадыратып, нәпсімізді тазартады, әрі мінез-құлқымызды кемелдендіреді, бірақ ғылым дамыту, жаңалықтар ашу қамтылмауда.

 Кешегі өткен Әл-Фараби, Қашғари, Ибн Сина, Ибн Рушд т.б.  секілді ғалымдардың ізімен ғылымды дамыту мұсылмандарға міндет. Ендеше, дін үйреніп жүрген жастарымыз осы жағын да ұмытпауы керек. Еліміздің, асыл дініміздің дамуына үлес қосу әр азаматтың парызы.

Ғазиз АХМЕТ
Әзреті Әли мешітінің бас имамы
asyldin.kz


[1] Тин суресі, 4.

[2] Бақара сүресі, 31

[3] Ғалақ сүресі, 1.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: