Садақаның дүниелік және ақыреттік пайдалары

Садақаның дүниелік және ақыреттік пайдалары

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Шариғатта Алла разылығын үміт етіп мал-дүниесінің бір бөлігін кедей-кепшіктерге, жетімдерге, пақырларға, әлеуметтік аз қамтылған адамдарға беруді садақа деп атағандай, оған қоса кез келген жақсылықты да садақа деп атайды. Мәселен, пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұсылманның басқа бір мұсылман бауырына жылы қабақ танытып, күлімсіреп қарсы алуының өзін садақа деп санаған.

Садақа – адамның екі дүниелік бақытының алтын қақпасы болып саналады. Ислам діні бойынша зекет, пітір және нәзір садақаларынан басқа нәпіл садақалардың белгілі бір мөлшері һәм белгілі бір уақыты жоқ. Адам өзінің ниет еткенін шын жүректен кез келген уақытта бере алады. Ерікті түрде берілетін қайырымдылық болғандықтан да садақа адамның Аллаға және ақирет күніне шынай сенгендігіне дәлел болады. Аллаға және ақирет күніне шынай сенген жан ғана ақиретте сауабын Алладан үміт етіп, садақа бере алады.

Садақа беру арқылы кедей-кепшіктердің, шын мұқтаж жандардың, жағдайы төмен отбасыда өсіп жатқан балалардың жүзіне күлкі, жүректеріне қуаныш сыйлау ешқандай ақшамен өлшенбейтін үлкен абырой болып табылады. Ал, шынайы түрде қуанған адамның садақа берушіге жасаған дұғасының қабыл болуында күмән жоқ. Себебі, ол қатты қуанып, бар ынта-ықыласымен дұға етеді, садақа берушіге, оның отбасына жақсылық тілейді. Бұдан бөлек шын ықыласпен берілген садақаның дүниелік һәм ақиреттік пайдалары орасан зор.

Алла тағала Мунафиқун сүресінің 10-аятында былай деген: «Қайсыбіріне болмасын, ажал жеткенде, «Уа, Раббым! Маған аз ғана уақыт мұрсат берсең, жатпай-тұрмай қайырымдылық жасап, мол зекет-садақа беріп, ізгі жандардың қатарына қосылар едім» демей тұрып, өздеріңе ризық етіп берген нығметтерімізден (Алла жолында мұқтаждарға) жұмсаңдар». Осы аятты тәпсірлеген ғалымдар, ақиретте адамдар дүниеде көп садақа берген адамдарға берілетін сауаптар мен жақсылықтарды көрген кезде, осы дүниеге қайта оралып садақа беруді армандайтындығын айтқан. Міне, бұл садақаның көрінбейтін ақиреттік қарымы. Оған қоса, шын көңілден берілген садақаның осы дүниелік те жақсы қарымы болады. Алла тағала ол жайлы Сәбә сүресінің 39-аятында былай деген: «Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол ризық берушілердің ең қайырлысы». Адам жақсылық жолында не нәрсені жұмсаса да, Алла оның сол жұмсаған нәрсесінің орнын артығымен толтырып береді. Енді, садақаның дүниелік және ақиреттік пайдаларын қысқаша түрде Құран аяттары мен пайғамбар хадистері шеңберінде айтып өтейік.

Садақаның ақиреттік пайдалары:

- Садақа адамның күнәларының кешірілуіне себепкер болады. Ол жайлы пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Су лауалап жанған отты өшіргеніндей (шынайы берілген) садақа да күнәлардың кешірілуіне себепкер болады»,- деген. (Тирмизи, 2558).

- Садақа тозақ отынан қорғайтындығы жайлы пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Жарты құрма болса да садақа беру арқылы өздеріңізді тозақ отынан қорғаңыздар" (Бұхари 1329, Мүслім).

- Садақа берген адам ешқандай көлеңке болмайтын қиямет күні өзінің садақасының көлеңкесінде болады.  Уқба ибн Амирден келген хадисте: «Мен Алла елшісінің былай дегенін естідім: «Қиямет күні адамдар есеп-қисапқа тартылып жатқанда садақа берген адам сол садақасының көлеңкесінде болады»,- деген. (Муснад Ахмад ибн Ханбал, 16999). Басқа бір хадисте қиямет күні Алла тағала жеті түрлі адамды арнайы бір көлеңкеге қоятындығы айтылған. Солардың бірі ешкімге жар салмай, жасырын садақа берген адам болып табылады.

- Алла тағала садақа берген адамның сауабын еселеп қайтарады. Ол жайлы Хадид сүресі 18-аятта: «Ізгілік жолында (зекет, садақа беріп, мал-дүниесінің бір бөлігін Алла жолында һәм қайырымдылық мақсатында) жұмсаған мүмін ерлер мен мүмін әйелдердің және (мал-дүниесінің бір бөлігін Алла разылығы үшін дін жолында және мұқтаждарға жұмсау арқылы) Аллаға жақсы қарыз бергендердің қарымы еселеніп қайтарылады»,- делінген.

- Адамның берген садақасы басқа біреудің меншігі болып кеткендей көрінсе де, шын мәнінде ол берген адамның өзінде мәңгіге қалады. Алла тағала Бақара сүресі 272-аятында: «Игі жолда не сарп етсеңдер де, сауабын толық аласыңдар және әсте әділетсіздікке ұшырамайсыңдар»,- деген болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Айша анамыздан шалынған құрбандық еті жайлы сұрағанда, Айша (р.а.): «Тек жауырын етінен басқа ешнәрсе қалмады»,-дегенде, пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған: «Олай емес, жауырын етінен басқасының бәрі қалды деп айт»,- деген болатын (Жәмиъут Тирмизи, 2407). Яғни, қалған жауырын етін жеген соң оның артында ешнәрсе қалмайды, ал садақа еткен қалған бөлігі болса, оның сауабы мәңгіге сақталады дегенді білдіреді.

- Садақа беріп, садақасы қабыл болған адам қиямет күні жәннаттың «бәбус-садақа» атты арнайы садақа бергендер кіретін есігінен шақырылады.

Садақаның дүниелік пайдалары:

- Шын көңілден берілген садақа әртүрлі дертке дауа. Себебі, пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сырқаттанған адамдарыңызды садақа беру арқылы емдеңіздер»,- деген (Бәйһақи, сунәнул-кубра, 6090). Өмірде оның шын куәсі болған адамдардың оқиғасы өте көп. Өмірі перзент сүйе алмай жүріп, шын ықыласпен садақа жасау арқылы егіз балалары дүниеге келгендер, дәрігерлер үмітін үзген небір аурулардың Алла разылығы үшін деп берген шынайы садақасы себепті өлім аузынан қайтқандар да жетерлік.

- Садақа адамның жүрегін жұмсартып, жанашырлық сезімін оятады. Сол сияқты адамның бойындағы тәкапарлық сезімін басып, өзінің де пенде екендігін есіне салады. Бір сахаба Алла елшісінен жүрегін жұмсарту үшін не істеуге болатындығын сұрағанда оған: «Егер жүрегіңді жібіткің келсе, онда міскінді (кедей-кепшікті) тамақтандыр, жетімге қамқор бол»,- деген. (Ахмад ибн Ханбал).

- Садақа әртүрлі бәленің алдын алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Садақа беруге асығыңыздар, себебі бәле садақадан асып өте алмайды»,- деген. Әрине, бұл жерде Алланың разылығын мақсат ете отырып, шын ықыласпен берілген садақа мақсат етілген.

- Садақа берген адамның дүние-мүлкі берекелі болып, байлығы одан әрі артады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Адамзат баласы таң атырған әрбір күні таңда екі періште түсіп, бірі: «Уа, Алла! Садақа беруші құлдарыңның бергенінің орнын артығымен толтыр»,- дейді...» (Бұхари, 1356). Басқа бір хадисте садақа адамның дүние-мүлкін еш кемітпейтіндігі, керісінше одан сайын артуына себеп болатындығы айтылған.

- Садақа адамды рухани тұрғыдан тәрбиелеп, психологиялық жақсы бір күй береді. Себебі, біреуге жақсылық жасау, садақа беру, жылы сөз айту арқылы адамда позитивті көңіл-күй пайда болады. Күнін позитивті көңіл-күймен бастаған адамның сол бүтін бір күні тек жақсылықтарға толы болады.

Сөз соңына, әрине мұсылман адам садақа бергенде оның қарымына бір нәрсе үміт етіпей, тек бір Алланың разылығын ойлап, шын ықыласымен берсе, Алла тағала ол адам үшін осы және басқа да жақсылықтардың ең жақсы болған қайтаратындығы сөзсіз. Сондықтан, ниетіміз шынайы болып, еліміздегі аш-жалаңаш жүрген бір мұқтаждың болса да жыртығына жамау, көңіліне қуаныш орната алсақ одан асқан бақыт жоқ болар сірә. Садақаларыңыз қабыл болып, жемісін екі дүниеде жеуді Алла нәсіп етсін.

 Мұрат Нұрлан 

«Һибатулла Тарази» медресе колледжінің ұстазы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: