ХАЛАЛ МЕН ХАРАМНЫҢ АРА-ЖІГІН АЖЫРАТА БІЛДІК ПЕ?

ХАЛАЛ МЕН ХАРАМНЫҢ АРА-ЖІГІН АЖЫРАТА БІЛДІК ПЕ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

        Алла Тағала адам баласын жаратып, оның несібесін жер-жаһанға жайды. Пенде әрекет етіп, нәсібін іздесе, Алла өзі берекесін беруші. Енді сол несібені иісі мұсылман қандай жолмен іздеуі керек, адал жолмен бе, арам жолмен бе?

Сахаба Әбу Барза әл-Әсләмидің (р.а.) айтуы бойынша Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Қиямет күні бірде-бір пенде өмірін қалай өткізгендігі, іліміне амал жасап, жасамағаны, дүниесін қалай тауып, қайда жұмсағаны және тәнін не нәрсемен қартайтқаны туралы сұралмайынша аяғын аттап баса алмайды». (Имам Тирмизидің «әс-Сунан» атты еңбегі)

            Бұл хадистен біз ақыретте Жаратушының алдына барғанда әрбір адам дүниесін қалай, қандай жолмен тапқаны жайлы және оны қайда жұмсағаны туралы жауапқа тартылатынын ұқтық. Демек, дүниемізді адал жолмен табумен қатар, оны дұрыс жолда жұмсау да маңызды екен.

            Бір дана кісі: «Адал кәсіп талап ету – парыздан кейінгі парыз», - деген екен. Имам Ғаззали бұл сөзді «Бес парыздан кейінгі парыз» деп түсіндірді. Демек, әр мұсылманға иман, намаз, ораза, зекет және қажылық парыздарынан кейін адал кәсіп іздеу міндетті екен. Кәсібін, өз жұмысын адал орындаған кісінің табысы да адал болмақ.

Осы ретте мына бір ғибратты оқиғаға назар аударайық. Бір кісі қажылыққа бару үшін, кемеге мініп, жолға шығыпты. Қолында әмиянға салынған 13 алтын ақшасы бар екен. Жол-жөнекей әмиянын ашып, алтынып санап, түгендеп отырса, кемеде жүрген бір маймыл әлгі кісінің қолындағы әмиянды жұлып, әкетіп, кеменің бағанасына шығып кетіпті. Мына кісі шыж-быж болып, қанша айқайласа да, маймыл әмиянды берер емес. Содан әлгі маймыл әмиянды ашып, ішіндегі алтын ақшалардың бірін суға, бірін кеменің ішіне тастап, осылайша алтынды тауысыпты. Әлгі бейбақ кемеге түскен алтындарып теріп, санаса, қолында небәрі 6 алтын ғана қалыпты. Жеті алтын суға кетті. Отыра қалып, көзіне жас алып жылайды. Кемедегі халықтың арасында бір иманжүзді кісі бар екен. Бұл кісінің қасына келіп, неге жылап отырғанын сұрайды. Бұл кісі мән-жайды баяндап береді. Сонда әлгі кісі:

-        Сен осы бұл алтындарды қайдан таптың?, - деп сұрайды. Әлгі жолаушы айтады:

-        Еңбектеніп таптым.

-        Қандай кәсіппен айналысасың?

-        Сиырларым бар. Сүт сауып сатамын.

-        Есіңе түсірші, сүтке су араластырғаның болып па еді?

-        Әрине, сүтке су қоспасаң, еңбегіңді ақтамайды ғой, - депті. Сонда әлгі кісі:

-        Е, онда, суың суға кетіп, сүтің өзіңде қалған екен, - деп жауап беріпті.

Бұл оқиғадан кейін, әрқайсымыз өз-өзімізге сұрақ қойып көрелік. Біз адал кәсіппен айналыстық па? Өз қызметімізді адал атқардық па? Егер, кемшіліктеріміз, пенделігіміз басым болса, бүгіннен бастап өзгеруіміз ләзім.

Бұл мәселені ұққан болсақ, енді ас-суымызға көңіл бөлейікші. Тұтынған асымыз адал ма? Әлде талғамай, не болса, соны жей береміз бе?

Хақ Тағала қасиетті кәламы Құран кәрімде: «Ей, иман келтіргендер, біз сендерге ризық етіп бергеніміздің тазаларын жеңдер! Аллаға шүкір етіңдер, егер тек оған ғана табынатын болсаңдар», (Құран кәрім, «Бақара» сүресі, 176-аят) - дейді.

            Бұл аяттағы «тазаларын» деген сөзді тәпсірші ғалымдар «халалдарын» деп тәпсірлеген. Ал халал деп мұсылман шариғатына сай, сапалы дайындалған тағам түрлерін айтады.

Тағы бір аятта Құдай Тағала: «Алланың сендерге халал, таза етіп берген ризығын жеңдер. Әрі Алланың нығметіне шүкір етіңдер, егер тек оған ғана құлшылық ететін болсаңдар», (Құран кәрім, «Нахыл» сүресі, 114-аят) - дейді. Демек, адал асты тұтыну – Жаратқанның пәрмені екен.

            Ғұламалардың айтуынша халал ас ішу – дін амалына жатады. Өйткені, Алла Тағала қасиетті Құранда діни амалдан бұрын халал ас ішіп, жеуді бұйырады. «Уа, елшілер, таза (халал) ризықтарды жеңдер және ізгі амал жасаңдар. Расында мен сендердің жасаған амалдарыңнан хабардардым». (Құран кәрім, «әл-Муминун» сүресі, 51-аят)

            «Ас – адамның арқауы», - дейді халық даналығы. Яғни, денсаулығымыздың жақсы, тәніміздің сау, сымбатты болуы мен рухани жан-дүниеміздің күшті болуы қолданған ас-суымызға тікелей байланысты деген сөз. Адал жолмен тапқан дүниемізбен шаңырағымызға адал ас жеткізе білсек, сол асты азық еткен ұрпағымыздың тәні сау-саламатты, руханияты бай болып қалыптаспақ. Ал егер керісінше болса, ұрпақ рухани әлсіреп, бұзылып кетуі ықтимал. Міне осынша үлкен ұғымды ата-бабамыз «Ас – адамның арқауы», - деп, қысқа қайырып, тамаша жеткізе білген екен. Олай болса, біз де осымен түйіндеген болайық.

Алла Тағала бізге адал кәсіп, кәсібімізге мол нәсіп, асымызға адалдық және басымызға амандық бергей!

Жұмағұл Қанат Әділханұлы,

«Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің

директоры, дінтанушы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: