ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD докторы, доцент Қайрат Құрманбаев пен Нұр-Мүбарак университетінің PhD докторанты, «Исламтану» кафедрасының оқытушысы Нұржан Стамбакиевтың бірлесіп жазған «Намаз оқымайтын адам – кәпір» дейтіндерге жауап» атты кітабы жарық көрді.
Авторлардың жаңа туындысы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті тарапынан жүргізілген дінтану сараптамасының талаптарынан өтіп, ҚМДБ-ның сараптау комиссиясынан оң баға алды. Кітапта қоғамда пікірталас тудырған діни мәселелердің бірі – намаз оқымайтын адамның үкімі талқыланады. Тақырыпқа қатысты әһлу сунна ғылымдарының ұстанымы басқа көзқарастармен салыстырыла отырып, теологиялық, діни-құқықтық тұрғыда зерттеледі.
«Қоғамда кейбір дін ұстанушылар тарапынан туындайтын қатердің алдын алу, шетін топ өкілдерін оңалту жұмыстарына үлес қосу мақсатында, ортада діни алауыздыққа себеп болып жүрген негізгі тақырыптарға жеке-жеке арнайы шағын еңбек жазуды қолға алдық. Соның алғашқысы – «Намаз оқымайтын адам – кәпір» дейтіндерге жауап. Намаз оқымайтын адамды күпірлікпен айыптайтын, тіпті ата-анасы мен өзінің туғандарын намаз оқымағаны үшін жат көріп жүргендер осы кітап арқылы ақиқатты түсініп жатса, мақсатымыз орындалғаны», – дейді кітап авторларының бірі Қайрат Құрманбаев.
«Намаз оқымайтын адам – кәпір» дейтіндерге жауап» атты кітабы екі тілде жазылған, 148 беттен тұрады. Жаңа жинақ исламтанушы, дінтанушы, дерадикализация бағытындағы мамандарға арналған. Кітапқа +7 (701) 677 75 77 нөміріне хабарласып, тапсырыс беруге болады.