Пайғамбарымыздың (ﷺ) құрайыштарды Исламға ашық шақырмағанына бірнеше жыл өтеді. Мұсылмандар құрайыштардың қасарушылығынан қауіптеніп, өздерінің құлшылықтарын көрсетпеуге тырысатын. Намаз оқу үшін олар Меккенің маңындағы тауларға барып, жасырын құлшылық жасайтын. Мұсылмандардың саны отыз адамнан асқанда, олар жиналатын және ол жерде Пайғамбарымыз (ﷺ) оларды үйретіп, ақыл беретін орын керек болады. Әл-Аркам ибн Әбу әл-Аркамның үйі сондай орын болып таңдалынады. Біз оны бірінші мұсылмандар қатарында атап өткенбіз. Осылайша, Пайғамбарымызға (ﷺ) «Хижр» сүресінің мына аяты түспегенше, ол адамдарды Исламға жасырын шақырған: «Саған берілген бұйрықты ашық ұқтыр да серік қатушылардан бет бұр»[1].
Осыдан кейін Пайғамбарымыз (ﷺ) Жаратушының бұйрығына бойсұнып әрі Оның жәрдеміне сүйене отырып, ашық шақыруды бастайды. Алла Елшісі (ﷺ) Сафа төбесіне шығып, айғайлап шақыра бастайды: «Уа, бану Фихр! Уа, бану ꞌАди!». Құрайыштар жиналып қалады, келе алмағандары не болып жатқанын біліп келуге хабаршы жібереді. Әбу Ләхаб ибн Абдул-Мүтәліб те келеді. Алла Елшісі (ﷺ) жұрттан: - Айтыңыздаршы, егер мен сіздерге мына төбенің ар жағында шабуыл жасайын деп тұрған атты әскер бар десем, маған сенер ме едіңіздер? – деп сұрайды. Құрайыштар былай жауап береді: - Иә, сенеміз, өйткені біз ешқашан сенен бір ауыз жалған сөз естімеген едік! Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): - Мен сіздерге ескертейін: ауыр азап жақын! – дейді. Әбу Ләхаб: - Күнің қараң болсын! Бізді осы үшін жинап па едің?! – деп айғай салады. Сонда Алла Тағала ол туралы мынандай аяттарды түсіреді: «Әбу Ләһаптің екі қолы құрысын! Құрыды да. Оның малы да кәсібі де өзіне пайда бермеді. Ол, жалындаған отқа кіреді. Әйелі, отын көтеріп кіреді. Оның мойнында есілген арқан болады» (111:1 – 5).
Оның әйелінің «отын көтеріп» деп аталуының мағынасы мынада, ол Пайғамбарымыз (ﷺ) туралы әйелдердің арасында өтірігі көп сыбыстар мен өсектер таратқан[2]. Кейін Алла «Шуꞌара» сүресінің аяттарын түсіреді[3]: «Жақын ағайындарыңа ескерт!» Бану Хашім, бану әл-Мүтәліб, бану Науфал және бану Абду-Шамс, Абду-Манаф әулеттері айтылып отыр. «Мүміндерден саған ергендерге қанатыңды жай». «Сонда егер олар өзіңе қарсы шықса, онда: “Сендердің істегендеріңнен бездім” де».
8 Бұл сөйлемшенің мағынасы туралы Құранға түсінік берушілерде бірнеше пікір бар. Біріншісі: Оның сыбыстар мен өсектер таратқанын білдіретін астарлы сөз. Екіншісі: Тозақта ол күйеуі жанып жатқан отқа бір арқа отын әкелетін болады. Үшіншісі: Осылай аталған себебі, ол Пайғамбарымыз (ﷺ) жүретін жолына тікенектер тастап отыратын болған. Төртіншісі: Тозақта оның күнәсі пальма талшығынан есілген арқанмен байланған бір арқа отын сияқты болады және бұл ауыртпалықты ол ұдайы арқалайтын болады (Әл-Куртуб тәпсірі, имам ар-Разидің «Әл-қабір» тәпсірі).