25 бөлім. Жасырын шақыру, 3 бөлім (жалғасы)

25 бөлім. Жасырын шақыру, 3 бөлім (жалғасы)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сондай-ақ, жақсылық етуде[1] басқалардың алдын алған Абдулла ибн Месұт болды. Ол пұтқа табынушы-құрайыштардың бірінің қойын баққан еді. Айқын белгілер[2] мен Исламға шақыруда мақтаулы адамгершілік қасиеттердің болғанын көрген ол пұтқа табынушылықтан бас тартып, Алла Елшісінің (ﷺ) соңынан ерген.

  Пайғамбарымыз (ﷺ) оған өзіне кез-келген уақытта келе беруіне рұқсат берген. Ол Пайғамбарымыздың (ﷺ) алдында жүріп отыратын, ғұсыл алғанда оны көлегейлеп тұратын, оны ұйқыдан оятатын, ол тұрғанда, оның аяғына сандалдарын кигізетін, ал Пайғамбарымыз (ﷺ) отырғанда, оның сандалдарын қолында ұстап тұратын. Сондай-ақ, жақсылықта басқалардың алдын алған – Әбу Зерр әл-Гифари. Ол өзінің шешендігімен танылған көшпенді тайпалардың бірінен шыққан еді. Алла Елшісінің (ﷺ) келгенін біліп, ол өзінің бауырына:

- Сол алқапқа бар да, өзін көктен уахи алатын Пайғамбармын деп сендірген  адам туралы біл. Оның не айтатынын тыңдап, қайтадан қайтып кел, - деп айтады. Оның бауыры Меккеге барып, Алла Елшісінің (ﷺ) айтқандарын тыңдап, сосын ол Әбу Зеррге келіп, былай айтады:

- Ол мінездерді жақсартуға шақырады әрі өлеңмен сөйлемейді екен. Әбу Зерр оған:

- Менің қалағанымды, сен маған айта алмадың, - дейді. Ол бір бөрдек суын алып, жолға шығады. Меккеге келіп, мешітке кіреді. Сол жерден Пайғамбарды (ﷺ) іздеп, таба алмайды, бірақ ол туралы адамдардан сұрастырмайды, біреулердің Алла Елшісімен (ﷺ) сөйлескенін құрайыштардың жақсы көрмейтінін ол білетін. Түн болады. Әбу Зеррді Әли байқап қалады, оның жолаушы екенін түсініп, оны өз үйіне шақырады. Алайда үй иесі де, мейман да бір-бірінен тіс жарып ештеме сұрамайды. Арабтарда бар қонақжайлық қағидалары бойынша, үш күн өтпейінше қонақтың келу себебін сұрамайды. Таңертең бөрдегін суға толтырып алып, Әбу Зерр мешітке кетеді. Бірақ қайтадан кеш батқанша Алла Елшісін (ﷺ) кезіктірмейді де мешітке түнеп қалмаққа бел буады. Оны қайтадан Әли байқап қалып:

- Кеше оны қабылдаған үйге, бұл адамның барғысы келмей ме екен? – деп сұрайды. Тағы да Әли оны үйіне шақырады, Әбу Зерр болса оған еріп жүре береді, бұл жолы да екі жақ та тіс жарып ештеме сұраспайды. Үшінші күні де осы оқиға қайталанады. Бірақ бұл жолы Әли одан: - Осы жаққа сені не алып келгенін айтып бермес пе екенсің? – деп ұрайды. Әбу Зерр былай жауап береді: - Егер маған жолды көрсетемін деп уәде берсең, мен саған айтып беремін.

Сөйтіп, ол Әлиге бәрін айтып береді. Оны тыңдап, Әли былай дейді: - Иә, бұл ақиқат, ол – Алла Елшісі. Таңертең мен сені алып барамын. Бірақ саған қауіпті бір нәрсені көрер болсам, өз қажетімді өтегім келгендей болып тұра қаламын.  Жолымды жалғастырсам, сол жерге жеткенше, менің соңымнан ер.

Таңертең Әли солай жасайды да.  Әбу Зерр Әли (р.а.) Пайғамбарымызға (ﷺ) кіргенше, оның соңынан ере береді. Әбу Зерр оның соңынан кіреді. Ол Пайғамбарымызды (ﷺ) тыңдап, Исламды қабылдайды.  Содан кейін Пайғамбарымыз (ﷺ) оған былай айтады:

- Үйіңе бар да, менен саған бір хабар келмегенше, өз халқыңды Исламға шақыр. Әбу Зерр:

- Менің жанымның Иесімен ант етемін, көпшілік жиналған жиналыстардың бәрінде осы туралы айғайлап тұрып айтатын боламын, - деп жауап береді. Сосын ол шығып, мешітке барады. Сол жерде бар дауысымен:

- Алладан басқа құдайдың жоқ екендігіне және Мұхаммед – Оның Елшісі екендігіне куәлік беремін, - деп айғайлайды. Адамдар оны жерге құлап түскенше ұрады. Мұны байқап қалған Аббас, жүгіріп келіп, жиналғандарға:

- Сендерге қасірет! Сендер бұл адамның Гифар тайпасынан екенін білмеп пе едіңдер!? Ал олардың жерлері сендердің сауда керуендерің жүретін Шамға барар жолда жатыр, - дейді. Сонысымен ол Әбу Зеррді құтқарып қалады. Келесі күні осы оқиға қайталанады. Оны одан да қатты соғып тастайды, тағы да оны Аббас құтқарып қалады. Бұл оқиғаны имам әл-Бұхари[3] жеткізген. Әбу Зерр ең шыншыл және тақуа адамдардың бірі болған.


 

1 Бұл мынандай мағынасы бар Алла Тағаланың сөздрін көрсетеді: «Озаттар алдынғы қатарда болады. Міне солар, Аллаға жақын болғандар» («Уақи’а» сүресі, 10-12 аяттар)».

2  Ол (р.а.) малшы болып жүрген күндердің бірінде Алла Елшісімен (ﷺ) бірге Әбу Бәкірді (р.а.) кездестіреді.  Олар одан сүт беруін сұрайды, бірақ ол бас тартады, өйткені қойлар оныкі емес еді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) мұғжиза келтіреді, жас қойдың желіні сүтке толады.  Әбу Бәкір (р.а.) екеулері сүт ішіп алған соң, желінге қайтадан бүрісіп қалуға әмір береді.  Осыдан кейін Абдулла ибн Месұт Исламды қабылдайды.  Бұл туралы хадисті Ахмад, әл-Байхак және басқа имамдар да келтірген.

3 Сондай-ақ, имам Мүслім.


 

[3]                     Сондай-ақ, имам Мүслім.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: