Алланы қалай білдің?

Алланы қалай білдің?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бір күні Абдулла бин Мүбарак жол бойында қой бағып жүрген бала шопанды көреді. Оған жаны ашып: «Бейшара бала кішкентай кезінен шопан болса, үлкейгенде Алла Тағалаға қалай құлшылық қылып, Оны қалай танымақ?» - деп ойлайды. Сосын өз-өзіне «Оған еш болмаса Алла Тағаланың бар екенін үйретіп кетейін» деп баланың жанына барып жөн сұрасқаннан кейін әңгімеге тартып:

- Сен Алла Тағаланы білесің бе?
- Құл иесін қалай білмейді?
- Оны қалай білдің?
- Мына қойларым арқылы.
- Қойлар арқылы Оны қалай білдің?
- Бірнеше қойдың басына шопан қоймасаң болмайды. Оларға жем-шөбін, суын беріп, қасқырдан, ұры-қарыдан қорғау керек. Осыдан түсіндім, әлем, адамдар, жындар, жан-жануарлар, қанатты құстарға дейін қорғаушыға мұқтаж. Алуан түрлі жаратылысты қорғау Алладан басқаның қолынан келмейді. Міне, қойлар арқылы білдім деп отырғаным осы.
- Алла Тағаланы қандай деп ойлайсың?
- Ол ештеңеге ұқсамайды деп ойлаймын.
- Ондай екенін қайдан білдің?
- Оны да қойларымнан.
- Сонда қалай?
- Мен шопанмын. Олардың қорғаушысымын. Олар менің қол астымда. Оларға мұқият қараймын. Олар маған ұқсамайды, мен оларға ұқсамаймын. Шопан қойларына ұқсамайды, Алла да жаратқандарына ұқсамайтынын осыдан аңғардым.
- Дұрыс айттың. Білім алдың ба?
- Жоқ, мына далада жүргендіктен арнайы кітап оқып, білім ала алмадым.
- Жарайды, тағы басқа үйренген нәрселерің бар ма?
- Үш ілім үйрендім. Көңіл, тіл және тән ілімі.
- Айта қойшы қанекей, мен мұны білмейді екем.
- Көңіл ілімі дегеніміз мынау: Алла маған жүрек берді, Өзін танитын әрі сүйіспеншіліктің мекені қылды, осы жүрек арқылы Оны білейін. Оның жақсы көрген нәрселеріне көңілімнен орын беріп, жаман деген нәрселеріне көңіл аудармай, алшақ тұрайын. Тіл ілімі дегеніміз мынау: Алла маған тіл берді, тілді зікір ету, Оның есімін айтатын құрал қылды. Тіл арқылы Оны еске түсіретін нәрселерді айтып, Ол жайлы айтылмайтын сөздерді айтпауға, ондай артық сөздерге жуымаймын. Тән ілімі деп отырғаным: Алла маған тән берді, мұнымен Оған қызмет етемін. Осылайша бұл арқылы Оның разы болатын нәрселерін істеп, тыйғандарынан бойымды алшақ ұстаймын.
Шопан баладан мұндай сөз күтпеген Абдулла бин Мүбарак:
- Ей, бала! Әуелгі және кейінгі ілімдер, сенің маған айтқандарың! - деді де маған айтар қандай насихатың бар деп сұрады.
- Ғалым екеніңізді жүзіңізден танып тұрғандаймын. Егер ілімді Алла ризалығы үшін үйренген болсаңыз, адамдарға қарап телміріп, олардың қолына қараудан сақтаныңыз. Егер дүние үшін ілім үйренген болсаңыз, Жұмаққа жете алмайсыз, -деген екен.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: