Қиямет күні екі дүние Пайғамбары Мұхаммедке (ﷺ) жеті түрлі құрмет көрсетілетін болады.
Бірінші құрмет:
Қиямет күні қабірден ол (ﷺ) бірінші болып тұрады.
Екінші құрмет:
Алдымен оның (ﷺ) шапағаты қабылданады. Алла Елшісінің (ﷺ) жеті түрлі шапағаты бар.
Бірінші түрі: шапағат узма — Мақшарда тұрған күллі қайта тірілгендерге жасалатын ұлы шапағат. Бір хадисте айтылғандай, Мақшар майданға жиналғандар Қиямет күнінің қорқынышынан және ұзақ күтуден қатты үрейде болады. Олар шапағат тілеп Адам Атаға (ғ.с.) жүгінеді. Ол өзінде бар кемшіліктерден оның шапағаты қабыл болмай қалуы мүмкін екендігін айтады. Дәл сол сияқты басқа да пайғамбарлар өз кемшіліктерін айтып, шапағат етуге батылдары бармайды. Барлық пайғамбарлардан үміттерін үзген адамдар Алла Елшісіне (ﷺ) келеді, сол кезде тек ол (ﷺ) ғана шапағатшы бола алады әрі оның (ﷺ) шапағаты бірден қабыл болады. Екінші түрі: оның шапағатының арқасында көптеген адамдар есепсіз, азапсыз Жұмаққа кіретін болады.
Үшінші түрі: көбісі есепке тартылып, азапқа лайық болып, бірақ Алла Елшісінің (ﷺ) шапағатының арқасында ғана азаптан құтылатын болады.
Төртінші түрі: есепке алынған адамдардың көбі күнәлары үшін Тозақтың азабына тасталынады, содан кейін Алла Елшісінің (ﷺ) шапағатының арқасында олар Тозақтан шығарылатын болады.
Бесінші түрі: Алланың қалауымен Жұмаққа кірген көп адамдар Пайғамбарымыздың (ﷺ) шапағатының арқасында жоғары дәрежелерге қол жеткізетін болады. Алтыншы түрі: оның араша түсуінің арқасында Әбу Тәліп сияқты бірнеше иман келтірмегендердің азаптары жеңілдетілетін болады. Жетінші түрі: Нұрлы Медине тұрғындарына арналған ерекше шапағат.
Үшінші құрмет: Ливаи-Хамд (Даңқ Туы) жалауының иесі, бұл жалаудың ұзындығы бір күндік жерге жететін болады. Бұл жалаудың күмбездерінде жазуы бар үш терезе болады. Бірінші терезеде - "Бисмилляхирахманиррахим", екіншіде - "Әлхамдулилляхи раббиль алемин", ал үшіншіде - "Ля иляха илляллах Мухаммадун расулюллах" деген жазу болады. Бұл жалау Арасат алаңына әкелінеді. Сонда мынадай бір дауыс естілетін болады:
-Әлемдердің Раббысы Алла Елшісі, тақуа иман келтіргендердің имамы, елшілердің бастаушысы, пайғамбарлардың мөрі қайда? Құрайыш, меккелік, Абдулланың ұлы Мұхаммед (ﷺ) қайда?
Пайғамбарлардың сұлтаны (ﷺ) алдыға шығады. Оған Даңқ Туы табысталынады. Осы тудың астына Адам Ата (ғ.с.) пайғамбардан бастап Ғиса пайғамбарға (ғ.с.) дейінгі барлық пайғамбарлар, әулиелер, тақуалар, дін үшін шейіт болғандар және барлық иманы мен ирфаны барлар жиналады. Әрбір Бурак тобына патша шекпені мен тәж дайындалады. Алла Сүйіктісінің (ﷺ) басына нұрдан тәж, үстіне жібек киім кидіріп, жетпіс мың тудың алдына шығарады. Осыдан кейін Даңқ Туын мәртебелі Имам Әли әл-Муртазаға (р.а.) береді. Басқа барлық тулар осы тудың көлеңкесінде болады. Әли әл-Муртаза тарикатында болғандардың бәрі онымен бірге Жұмаққа кіреді. Уа, Раббым! Бізді пайғамбарлардың басшысының соңынан еру құрметіне лайық ете гөр!