Факих (р.а.) Салим бин Жагидтің Әбу Дарданың былай айтқанын келтірген: «Не болып жатыр? Сендердің ғалымдарыңның кетіп бара жатқанын көріп тұрмын. Ілім жоғалмай тұрып, білім алыңдар, өйткені ғалымдарың кетіп барады. Маған не болды? Сендердің Алла тыйым салғанға ұмтылуларыңды көріп тұрмын. Сендер өткінші өмірді бекерге өткізіп жатырсыңдар. Сендердің анағұрлым содырларыңды білемін. Олар зекет төлемейді, тек уәжіп болып табылатынды ғана төлейді. Намазға келмейді, келсе де кешігіп келеді, Құранға сүйенбейді әрі құлдарды босатпайды».
Факих (р.а.) былай айтқан: «Ұмтылу екі түрлі болады; біріншісі — жаман әрі күнәлі, екіншісі — күнәлі емес, бірақ бұл ұмтылудан бас тартқан дұрыс. Жаман ұмтылу — Алланың бұйырғандарын орындамау немесе мақтану үшін байлық жинаумен айналысу. Ал екінші ұмтылу — Алланың бұйырғандарын орындау, байлық жинау, бірақ мақтану үшін емес. Бұл жаман емес ұмтылу. Алла Елшісінің (ﷺ) кейбір сахабалары да байлық жинаған. Алла Елшісі (ﷺ) мұны теріске шығармаған. Асылында, Пайғамбарымыз (ﷺ) бұл ұмтылудан бас тартқан дұрыс деген».
Ақиқатында, Әбу Дарда (р.а.) Алланың бұйырғандарын орындамау жаман ұмтылу болып табылады деген. Сондықтан Әбу Дарда (р.а.) айтқан: «Сендер Алла бұйырмағанға ұмтыласыңдар да бұл дүние нығметіне ашкөздік танытасыңдар». Оның «уақыттарыңды босқа өткізіп, құлшылық етпейсіңдер әрі құлдарыңды босатпайсыңдар» дегені, олардың ашкөздіктерінің салдарынан құлдарын жұмыс істеуге мәжбүрлеуін білдіреді.
Факих өз иснадымен Хафса бинту Ғұмардың (р.а.) әкесіне былай айтқанын келтірген: «Асылында, Алла Тағала сен үшін көп қайыр жасаған әрі саған ризық берген. Адал тамақтан жеп, жұмсақ киім кигенің сен үшін жақсы болар еді».
Бұған Ғұмар (р.а.) былай айтқан: «Жуырда мен өз жанымнан есеп аламын». Ол Хафсаға үнемі: «Біздің Пайғамбарымыз (ﷺ) мұны жасамаған», - деп айтатын. Хафса (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) қалай тұратынын білгендіктен, жылап жіберетін. Сосын оған Ғұмар (ол кісіге Алла разы болсын) былай айтқан:
«Ақиқатында, менің екі досым болған. Олар: Алла Елшісі (ﷺ) және Әбу Бәкір (р.а.). Егер мен олардың жолымен жүрмесем, онда мені басқа жол олардың жолына алып келеді, Алламен ант етемін, олардың бастарынан өткерген қиын жолына шыдаймын. Мүмкін, содан кейін мен олардың жеңіл өмірлерін де көретін шығармын».
Факих (р.а.) өз иснадымен Машруктың былай айтқанын жеткізген: «Мен Айша анамыздан (р.а.): «Уа, тақуалардың анасы, Алла Елшісі (ﷺ) үйге кіргенде не деп айтушы еді?» - деп сұрадым. Сонда Айша анамыз (р.а.): «Әр кез ол кісі үйге кіргенде:
«Егер адамға екі тостаған алтын берсе, ол үшіншісін сұрайды. Пенденің көзі топырақтан басқаға тоймайды. Алла тәубе еткендердің тәубесін қабыл етеді. Алла байлықты зекет беру үшін әрі онымен құлшылық ету үшін ғана жаратқан», - деген сөздерін көп еститінмін
"Танбихул ғафилин" кітабынан
аударған Ақерке СЫДЫҚОВА
asyldin.kz