Соңғы құтбасын Пайғамбарымыз (ﷺ) өлерінен бес күн бұрын айтқан. Ол мінберден түскенде оның өңі бозарып, көздеріне жас толып кетеді. Содан кейін Айша анамыздың (р.а.) бөлмесіне кіріп, жатып қалады. Мәртебелі Айша анамыз (р.а.):
- Уа, Алла Елшісі! Менің ата-анам сенің жолыңда құрбан болсын! Не болды? Неге бұлай жатырсың? - деп сұрайды.
Алла Елшісі (ﷺ) тіл қатпай басын Айша анамыздың (р.а.) тізесіне қояды.
Алла Тағала Әзірейілге (ғ.с.):
- Уа, Ажал Періштесі! Менің Сүйіктім Мұхаммед Мұстафаға бар! Оған сәлем айт та оның — Менің Сүйіктім әрі жаратылғандардың ең жақсысы екендігін жеткіз. Мен оны қатты сағындым, бірақ оған рұқсатсыз кірме де оның еркіне қарсы жанын алма, - деп бұйырады.
Адамзаттың асылы Мұхаммедтің (ﷺ) өлімі туралы естіген Аршыны көтеріп тұрушы періштелер мен жеті көкті мекендеушілер жылап жібереді.
Ажал Періштесі (ғ.с.) Жер бетіне түседі. Онымен бірге басқа да періштелер түседі, олар Айша анамыздың (р.а.) бөлмесіне жақындайды. Сонда Ажал Періштесі (ғ.с.):
- Уа, Жәбірейіл! Алла Тағала маған Мұхаммедтің үстіне баса-көктеп кірме әрі оның еркіне қарсы жанын алма деген.
Мұны естіген Жәбірейіл (ғ.с.) жылап, мына бір аятты айтады:
«Әркім өлім татады» (3:185).
Жылаған күйі Жәбірейіл (ғ.с.) Алла Елшісі (ﷺ) жатқан бөлмеге кіргенде, Пайғамбарымыз (ﷺ):
- Уа, Жәбірейіл! Неге жылап тұрсың? - деп сұрайды.
- Уа, Алланың Сүйіктісі! Уа, Мұхаммед! Есіктің сыртында Ажал Періштесі кіруге рұқсат сұрап тұрғанда мен қалай жыламаймын?
Мұны естіген Пайғамбарымыз (ﷺ) да жылап жіберіп, Ажал Періштесіне (ғ.с.) кіруге рұқсат береді. Ажал Періштесі (ғ.с.) кіріп:
- Алланың саған салауаты мен сәлемі болсын, уа, Ахмад! Уа, Алланың жаратқандарының ең үздігі! - деп амандасады.
Пайғамбарымыз (ﷺ) :
- Алланың саған сәлемі болсын, уа, бауырым Әзірейіл! Сен менің халімді білуге келдің бе әлде жанымды алуға келдің бе?
- Уа, Мұхаммед! Қалауың білсін: қаласаң жай халіңді білейін, қаласаң жаныңды алайын.
- Мен Алла Тағала сөздерін растаймын: «Әркім өлім татады».
- Уа, Алланың Сүйіктісі! Уа, Мұхаммед! Алла Тағала саған пайғамбарлықты нәсіп етті. Анасы баласына қандай мейірімді болса, саған қатысты мен де сондай мейірімді боламын. Мен үшін, Алланың қалауымен, осы дүние тұрғындарының бәрінің жанын алу, сенің қасиетті жаныңды алудан анағұрлым жеңіл болар еді.
Оған Пайғамбарымыз (ﷺ):
- Хош келдің, уа, Жан алушы Періште! Алайда маған біраз мұрсат берші, соңғы рет сахабаларыммен, хазірет Әлимен, көзімнің қарашығы қызым Фатимамен және жиендерім Хасан мен Хусейінмен жүздесіп алайыншы, - деп өтінеді.
- Уа, Алла Елшісі, мен саған бойұсынамын! - деп жауап береді Ажал Періштесі.
Содан кейін хазірет Әли, Фатима, Хасан мен Хусейін келеді. Олар ұзақ жылайды. Оларға қарап, Алла Елшісі (ﷺ) де жылайды.
- Уа, Алла Елшісі! Сен неге жылайсың? - деп сұрайды Фатима (р.а.).
- Уа, Фатима! Жақын уақытта сен де менің артымнан келерсің, - деп жауап береді Алла Елшісі (ﷺ).
Пайғамбарымыз (ﷺ) әһлі-бейітпен, сахабалармен қоштасып жатқанда намаз уақыты келеді.
Біләл (р.а.) есікке жақындап:
- Әссаләму әлейкүм, уа, Алла Елшісі! - деп сәлем береді.
- Әй, Біләл! Саған Алланың рақымы болсын! Сенің пайғамбарың бүгін өз жанымен әуре болып кетті. Әй, Біләл! Әбу Бәкір әс-Сыддыққа имам болып жамағатпен намазды өткізсін деп айт!
Біләл (р.а.) барып, мешітке адамдарды жинайды да:
- Әй, мұсылман қауымы! Ақиқатында, бүгін Алла Елшісі (ﷺ) өз нәпсісімен айналысуда. Ол Әбу Бәкір әс-Сыддыққа оның орнына имам болып, жамағатпен намаз оқуды тапсырды, - деп айтады.
Бұл сөздерді естіген мұсылмандар қатты қайғырып, көп жылайды.
Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) бұйырғанын орындап, михрабқа тұрады. Оның соңына мүміндер сап түзейді. Намаз оқып жатқан Әбу Бәкірдің (р.а.) көзі Алла Елшісі (ﷺ) әдетте сәжде жасатйын жеріне түсіп кетеді. Оның орнының бос тұрғанын көріп, қатты қайғырып, жылап:
- Осы сәттен бастап біз үшін уахилер тоқтатылды, - деп айтады.
Мұны естіген мұсылмандар оған қосыла жылайды. Олардың жылаған дауысын естіген Алла Елшісі (ﷺ) Әлиден (р.а.):
- Олар неге жылап жатыр? - деп сұрайды.
- Уа, Алла Елшісі! Сахабалар сізді намазда көрмей, сол үшін жылап жатыр, - деп жауап береді Әли (р.а.).
Алла Елшісі (ﷺ) Алла Тағаладан:
- Йа, Раббым! Мұсылмандармен бірге намаз оқуым үшін менің жағдайымды жақсарта гөр, - деп тілейді.
Содан кейін ол мына аятты оқиды:
«Алла (Т.) ның әр нәрсеге толық күші жетеді» (3:189).
Содан кейін Пайғамбарымыз (ﷺ) өзін біршама жақсы сезінген еді. Мұндай хал - өлім алдындағы жақсару деп аталады. Ол орнынан тұрып, Фазл бин Аббас пен хазіреті Әлидің (р.а.) иықтарына сүйеніп, мешітке барады. Әбу Бәкір әс-Сыддық (р.а.) намазын кейінге қалдырады. Пайғамбарымыз (ﷺ) алдыға өтіп, михрабқа тұрады да жамағатпен бірге намаз оқиды. Содан кейін отырып, мұсылмандарға жүзін бұрып, былай айтады:
- Уа, мұсылмандар! Дәуріштерге, кедейлерге, жетімдерге және дін үшін жорыққа шыққандарға көмек беріңдер. Мен сендерге өсиет айттым ба? Елшілік миссиямды орындап, пайғамбарлық міндетімді сендерге жеткіздім бе? Хақ жолында бітіспес күрес жүргіздім бе? Сендерге Құран оқымадым ба? Сендерге намаз, ораза ұстау және қасиетті соғыс туралы айтпадым ба?
Мұсылмандар:
- Уа, Алла Елшісі, сен бізге бәрін де айттың! Саған Алла разы болсын, сен мейірімді Пайғамбарсың, - дейді. Осыдан кейін Алла Елшісі (ﷺ) былай айтады:
- Уа, мұсылман қауымы! Алла Тағаладан қорқыңдар. Сөзсіз, жуырда мен сендерден кетемін, бұл дүниеге осында қалу үшін келмедім, Алланың жаратқан құлдарын ақиқатқа шақыру үшін келдім.
Осыдан кейін ол Фазл бин Аббас пен хазірет Әлидің (р.а.) иықтарына сүйеніп, мешіттен шығып, қайтадан Айша анамыздың (р.а.) үйіне келеді...
"Әнуарул-ашиқын" кітабынан
аударған Ақерке Сыдықова
asyldin.kz