САУАБЫ АҚЫРЕТ КҮНІНЕ ДЕЙІН ЖҮРЕТІН АМАЛ

САУАБЫ АҚЫРЕТ КҮНІНЕ ДЕЙІН ЖҮРЕТІН АМАЛ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әлемді жоқтан бар еткен Алла тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын және адамдардың асылы, пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауаттар мен сәлемдер болсын!

Бес күндік жалғандағы адам баласына берілген сынақтардың бірі – мал-мүлік пен дүние. Иә, адам табиғаты оны жанынан да жақсы көреді. Қаншама адам сол үшін ақыретін ұмытса, енді біреулері бес күндік мал үшін ағайын-туыспен араз, дос-жаранмен қырғиқабақ. Мал-мүлік игілік үшін жұмсалмаса, оның күнәлі жолдарда сарп етіліп жатқаны. Адам өзіне берілген құнды нығметтерді босқа емес, орынды жерге жұмсауы ләзім. Қасиетті Құранда: «...Өздеріне берген несібемізден нәпақа қылады (береді)» («Бақара» сүресі, 3-аят); «Ізгілік жүздеріңді шығысқа не батысқа қарату емес. Асыл ізгілік ол кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтіреді. Жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат етуге жақсы көре тұрып мал сарып қылады, намаз оқиды, зекет береді...», – делінген («Бақара» сүресі, 177-аят).

Табараниден жеткен хадисте: «Садақа ретінде берілген бір үзім нан Алла Тағаланың алдында Ухуд тауындай үлкейеді» - деп айтылған. Қайырымдылық – сауабы мол амалдың бірі. Алла Тағала «Әли-Ғимран» сүресінде: «Жақсы көрген нәрселеріңді, (мысалы дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім, т.б.) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар», – деп баяндаған.

Асыл дінімізде қайырымдылық істері 4 бағытта өрбиді. Ықыласты түрде, мәжбүрсіз – сыйлық, қайырмалдық, құрмалдық және садақа беру. Қарыз алған мұқтаж адамның қарызын қайтарымсыз, өсімсіз өтеп беруі. Жылдық жинаған кірісінен – зекет беру.

Алла ризалығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген затқа – садақа дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Не берілседе ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» хадисіне сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау ең абзал амалдың бірі.

Құран Кәрімде 200 жерде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Шексіз нығмет Иесі болған Алла мақлұқаттың табиғатында өзгеге жәрдем ету, барын бөліп беру сезімін жаратқан. 

Исламда сонымен қатар «садақа жария» деген ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді «садақа жария» дейді. Мешіт, медресе, аурухана тұрғызу, көше, көпір салу, ауызсуы жоқ ауылдарға су тартып, құдық қаздыру, жол салу, міне, бұлар халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істер. Тіпті, мұсылманның көңілін көтеріп, үміт сыйлау, түк бере алмасақ та, оған жымиып қараудың өзі – сауап. Сауапты көктен іздеп қажеті жоқ. Ол біздің айналамызда. Қамкөңіл жанға көмек қолын созу – ол да қайырлы іс.

Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген. Өз отбасымыздан бастап, көрші-қолаң, ағайын-туыстарға, жалпы жұртқа шарапатымызты шашып, қайырымдылығымызды көрсету – мұсылмандық әрі азаматтық борышымыз.

Алла Тағаланың бір адамның ризығы мен нығметін өзге кісілерден артық не кем беріп қоюында үлкен хикмет бар. Демек, байдың малында мұқтаждың хақысы бар деген сөз. Дәулетті кісі Алланың берген нығметін Оның разылығы жолында садақа етсе – үлкен сауапқа кенеледі. Қасиетті Құран Кәрім аяттарына көз жүгіртетін болсақ, жомарттық пен қайырымдылық жасаудың маңыздылығы – парыз етілген намаз сөзімен қатар жүретінін байқаймыз. Хақ Тағала Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 3-аятында: «Олар ғайыпқа иман келтіріп, намазды толық орындап, өздеріне берген рызығымыздан жұмсайды» деген. Аят жолындағы «рызығымыздан жұмсайды» дегені – Алланың берген ризығын – Алланың разылығы үшін жұмсауға бұйырады. Көптеген тәпсір еңбектерінде Алланың берген рызығын Аллаға жақындау үшін мал-мүлік сарып қылу жөнінде баяндалады. Сондай-ақ, шариғат бойынша қайыр-садақаға лайықты мұқтаж адамдардың санаты реттілікпен көрсетілген. Олар: Ата-ана, ағайын, туған-туысқандар, жетімдер, кедейлер және сапардағы мүсәпір жандар қайырымдылық көмегіне лайықты екені мәлім.

Бүгінгі таңда халықтың яғни көпшіліктің мұқтаж болған мәселесі жолдың, кей өңірлерде көпірдің болмауы екені мәлім. Жағдайы келісті кісілер, болмаса бірнеше кісі бірігіп бапақ лай болып, су жиналып аяқ басарға жер қалмаған көшелердің жолын жөндеп беру, су үстінен жолды қыстартып өтетін көпір салу – үлкен сауап. Ол жолдан қаншама адам жүріп өтеді, қаншама пенденің батасын аласың.

Ал енді сауабы мол және ол ақырет күніне дейін үздіксіз жүріп тұратын ізгілік амал бар десек, не айтар едіңіз? Әрине, бұған адамның қызығушылығы туады. Өзіңіз тірі кезіңізде жасаған ізгі амалдың сауабы бақилық болған соң да жазылып тұратын амалға кім қызықпас? Дәл сол сияқты бір күні Алланың елшісі (с.ғ.с.) сахабалармен отырған уақытта: – Адам өлген соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады, — дейді. Қасындағы сахабалар таңырқап: – Уа, Аланың елшісі! Ажалдың өзі тоқтата алмайтын ол не қылған үш амал? — деп сұрайды.  Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): – Біріншісі, жүріп тұратын садақасы; екіншісі, тастап кеткен пайдалы білімі; үшіншісі, өзіне дұға етіп отыратын тұяқ қалдырып кетсін, — деп айтады (Мүслим). Хадисте айтылып отырған «жүріп тұратын садақа» – адамдар алғыс айтып, күнделікті пайдаланатын көпір көтеру, жол салу, мешітпен бірге құдық қазу, су құбырын жүргізу, қайырымдылық мақсатта емхана, асхана, мектептер салу. Адамдар бұл ғимараттарды пайдаланған сайын, сауабы солардың көтерілуіне демеушілік қылған азаматтарға, иелеріне, құрылысшыларға, жалпы соған себепші болған кісілерге жетіп отырады. Бұлардың сауабы мен марапаты бұл дүниеде һәм ақыретте беріледі. Бұл дүниеде адамдар олар үшін рақмет айтып, БАҚ құраларында аттары атталып, алғыс хаттар берілсе, ақыретте сауабы Жаратушының құзырында. Сонымен қатар, сауап еш азаймайды. Пайғамбардың (с.ғ.с.) былай деп айтқан мәшһүр хадисы бар: «дәлун ғалал хаир ка фағилиһи» (Жақсылық жасауға себепші болған адам, сол ізгі амалды жасаушымен тең). Сол сияқты дін исламда жамандыққа себепші болсаңыз, сіздің артыңыздан жамандық жасаған барлық адамдардың күнәсі сізге жазылады. Өйткені, сол нәрсеге себепші болған өзіңіз.  Сонымен, халықтың жақсы өмір сүруі үшін су құбырын жүргізу, балаларға жақсы мен жаманды, обал мен сауапты, оқып, жазу сауатын үйрететін білім ордаларын салу, әлеуметтік жағдайлары төмен отбасылары үшін жеңілдетілген немесе қайырымдылық емхана, асхана, дүкен салу, тіпті, ағаш отырғызу, көгалдандыру сияқты т.б. жұмыстар жасау – сауабы ақыретке дейін жетіп тұратын амалдарға жатады. Бастысы – ниеттің шынайы болуы.

Мал-мүлік адамға сақтау үшін емес, жұмсау үшін берілген. Мұқтаждықтан артығы қайырымдылыққа жұмсалуы қажет. Хазреті Әбу Умама (р.а.) пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) былай риуаят етеді: «Әй, адам баласы, жаныңдағы артық болғанын жұмса. Бұл сен үшін қайырлы. Ол заттарды сақтап қоюың сен үшін зарарлы. Зәрулік заттар үшін айып жоқ. Бергенде жанұяңа жақын жандардан баста. Үстіңгі қол астыңғы қолдан, яғни берген қол алған қолдан қайырлы».

 

Қанат Әділханұлы ЖҰМАҒҰЛ,

«ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі,

«Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: