Өзіне өлім тілесе не болады?..

Өзіне өлім тілесе не болады?..

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Барлық діннің дәстүрінде адамзаттың әрбір жұтқан демі және әрбір сәті қымбат. Дүниеде ешбір нәрсе адам өміріне тең келмейді. Алланың үлкен сыйы – ол оның өмірі. Алла берген өмір біздің жеке меншігіміз емес. Шындап келгенде өмір сенімді бір кісіге Алланың сеніп тапсырған аманаты. Аманатты сеніммен қабылдап алғаннан кейін тіршілігімізде пайдаланып иесіне тапсыруымыз керек. Адам өмірін ұзақ жолға шыққан жолаушымен салыстырып көрейікші. Мұсылмандар үшін бұл сапар өлімнен кейін де жалғасып кете береді. Осындай сапарында біз жолда кездескен елді мекендерге тоқтап өтеміз. Қуанышты сәттеріміз, қайғылы кездеріміз де болады. Зәулім үйлерді, әсем табиғатты кездестіріп қуанамыз. Аш-жалаңаш, кедейлерді, табиғи апаттардан, соғыстан зардап шеккендері көріп қайғырамыз.

Алла Тағала: «(Ей, адамдар!, Ол) сендердің қайсыларың жақсырақ амал етуші екендіктеріңді сынау үшін өлім мен өмірді жаратқан, Ол өте құдыретті және жарылқаушы» (Мүлік сүресі-2 аят.). Осы аятта өлім сөзінің өмір сөзінен бұрын келтірілуіне себеп, өлім сөзінің мазмұны өмір сөзінің мағнасын өз ішіне терең қамтитындығында. Адам өзін қанша бақытты сезінсе де өмірде кездесетін сынақтары да бар. Кейбіреуін Алла байлықпен, атақпен, біліммен сынайды. Ал енді біреулерін Аллаға қайтама, Алланы еске алама, содан шығатын жолдарын қарастырама деп қиыншылықпен де сынайды. Өлім сырт көзбен қарағанда өмірдің ақыры, соңы болып көрінсе де, негізінде ол мәңгі өмірдің басталуы.

Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жаным қолында болған Аллаға ант етемін. Сендер менің сөздерімді олардан (өліктерден) қарағанда жақсырақ түсінбейсіңдер. Олар тек қана жауап бере алмайды» - деген.

Язид ибн Нуғман былай дейді: «Бір қыз оба ауруынан қайтыс болған еді. әкесі оны түсінде көріп ақырет жайында айтып беруін сұранды. Сонда қыз: «Әке бұны түсіндіру өте қиын. Біз білеміз бірақ амал ете алмаймыз. Сендер амал ете аласыңдар, бірақ білмейсіңдер. Алланың атымен ант етемін, екі бас намаз бұл дүние мен оның ішіндегі нәрселерден артығырақ» деді.

Дінімізде өзіне өлім тілеуді қатаң тыйым салған. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 29 аятында: «.... өздеріңді өлтіруші болмаңдар. Сендер үшін Алланың мейірімі мол» десе, «Бақара» сүресінің 195 аятында: «...және (сараңдықтарыңмен) өздеріңді апат-өлімге тастамаңдар....».

Бухари Анас ибн Маликтен риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ешкім басына түскен қайғыға, қиыншылыққа бола өзіне өлім тілемесін. Егер басқа жол таппаса Алла Тағалаға төмендегідей дұға қылсын. Алла Тағалам өмірім мен үшін өлімімнен көрі жақсы болса маған өмір бер. Өлімім өмірімнен қарағанда жақсы болса иманмен өлім бер» - деді.

Сахабалардың ішіндегі ең көп хадис риуаят етумен аты шыққан Абу Хурайрадан жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ешбірің өзіне өлім тілемесін. Жақсы адам келесі өмірдің жалғасында Алла разы болатын амалды жасауы, күнаһар кісі күнәсі үшін таубе қылып, Алланың рахымына жетуі мүмкін» деді.

Алла елшщісі (с.ғ.с.) өзіне қол жұмсағандар жайында көп хадистер айтқан: «Кім бір кесек темірмен өзіне қол жұмсаса, ол адамды тозақта сол темірмен азаптайды»

«Бір адам денесіндегі жарақаттың көптігіне шыдай алмай өзіне қол жұмсаса Алла оған: «Менің құлым өз еркімен Менен озып кетті. Сол үшін Мен оған жәннатты харам етемін» деген.

«Өзін буындырып өлтірген адам тозақта да өзін-өзі буындыратын болады. Ал енді өткір нәрсемен өзін өлтірген кісі тозақта да сонысын жалғастыра береді» -деді.

Ал енді бір адамды өлімнен құтқарамын деп өзі өліп кетіп жатса ол өзіне қол жұмсағанға жатпайды. Ұрыс кезінде Алла елшісін қорғау үшін кеудесін тосқандарда болды. Олардың өзін өлтіруге деген ниеті болмаған еді.

Дінімізде өзіне өлім тілеуден не үшін қайтарған. Умму Фазлдан (р.а) риуаят етілген төмендегі хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ағасы Аббастың (р.а) жанына келгенде Ағасы Аббас Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жағдайының нашарлап бара жатқанын айтып, өзіне өлім тіледі. Алла елшісі (с.ғ.с.) ағасы Аббасқа өзіне өлім тілемеуін жақсы адам болса, ізгі амалдарын көбейтсін, жаман адам болса жамандықтарына таубе қылып, Алланың кешіріміне жетуге мүмкін екендігін айтты» (Ахмад ибн Ханбал)

Ислам дінінде әрбір іс ниетке байланысты. Демек жақсы амалдар Алла разылығы үшін ниетке қарап өлшенеді.

 

Жапек ҒАЛЫМБЕК

«Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: