ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Әйел-қыздар секторы "Һибатулла Тарази" мешітінің ұстаздарының ұйытқы болуымен "Шәууәл айының нығметі" атты имани кеш өтті.
Шәууәл айының берекесі жайында тілге тиек етіп, рамазан айында жасаған амалдарды жалғастыру, игі амалдардың құрдымға кетпесі үшін, сонымен қатар басқа айларда да сауапты амалдарды мол жасау мақсатында ұйымдастырылған жиында ұстаздар қыздарды "Ғибрат", "Қанағат", "Ықылас" деп аталатын 3 топқа жіктеді.
Топтық жұмыс негізінде ақида, фиқһ, әдеп сынды пәндерге қатысты сұрақтар қойылып, әр топ таласа жауап берді. Сектор жетекшісі Гүлжан Алдасаева шәууәл айы жайлы көркем уағыз айтты. Көпшілік көкейкесті сауалдарына мардымды жауаптар да ала алды.
Айта кету керек, бұл жиын әдеттегіден ерекше мешітте емес дәмханада жүргізілді. Әсері ерекше өзгеше форматта өткен кеш әйелдер жамағатының бірлігін арттыра түсті.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.